"БІЗ ПАЙҒАМБАРҒА ТІЛ ТИГІЗУГЕ ЖОЛ БЕРІП ТҰРА АЛМАЙМЫЗ!" Түркия Charlie Hebdo карикатурасын айыптады

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу Франциядағы сатиралық Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбарды тағы да карикатуралауын "үлкен арандатушылық" деп атады.

Түркия Charlie Hebdo карикатурасын айыптады

"Сөз бостандығы тіл тигізу бостандығы дегенді білдірмесе керек. Біз пайғамбарға тіл тигізуге жол беріп тұра алмаймыз" деді Давутоглу қаңтардың 15-інде Анкарада ақпарат құралдары алдында. Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo журналы редакциясына қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам мерт болған. Қаза тапқандар арасында басылымның бас редакторы мен карикатурашылары да бар. Қарулы адамдар шабуылды журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға шығарғаны үшін кек алғандарын айтқан. Шабуылдан кейін Парижде күдіктілерді ұстау операцияларында тағы бес адам қаза тапқан. Журнал редакциясы қаңтардың 14-інде шабуылдан кейінгі алғашқы санында Мұхаммед пайғамбардың кескінін қайта басып шығарған. 3 миллион данамен тараған тираж мұқабасында Мұхаммед пайғамбардың қолына "Мен Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстап, қайғырып тұрған бейнесі басылған. Картина тақырыбы "Барлығы кешірілді" деп аталады. Түркияның оппозицияшыл Cumhuriyet басылымы шабуылға дейін журнал карикатуралары мен мақалаларын көшіріп басып келген еді. Бірақ бұл жолы Cumhuriyet журналдың шабуылдан кейінгі санын көшіріп баспаған. Ал Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы Charlie Hebdo-ға жасалған шабуылды мадақтап, журналдың пайғамбарды карикатуралағанын "ерсі әрекет" деп атады.

Источник: Азаттық