Әкімдікті жарып жіберем деп қорқытқан азамат полицияға берілді (фото)
2015 ж. 13 қаңтар
1407
0
Алматы әкімдігіне қолында жарылғыш зат салынған шабаданы бар белгісіз біреу кіріп кеткен. Осыдан соң, КТК, НТК, МИР, Евразия арнасы мен әкімдік қызметкерлері сыртқа шығарылды.
Ал қалалық ІІБ кезекшісі ҚазТАГ тілшісіне жергілікті уақытпен сағат 11:40-та әкімдік ғимаратына қолында шабаданы бар белгісіз ер адамның кіргенін, ол ғимаратты жарамын деп қорқытқанын айтты.
Алматы қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек bnews.kz тілшісіне оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, белгісіз ер адамның тәртіп сақшыларына берілгенін хабарлады.
"Сағат 11-27-де қалалық әкімдіктегі кабинеттердің біріне қамалып алған белгісіз ер адам берілді. Ол ешқандай талап қойған жоқ. Тек, айтуынша, 2008 жылы өткен азаматтық соттың шешімімен келіспейді", - деді Салтанат Әзірбек.
Мәлімет бойынша, ер адамнан ешқандай жарылғыш зат пен қару табылмаған. Оқиға орнына күш құрылымдары мен тәртіп сақшылары және өрт сөндірушілер дереу жетті.
