Ақсақалдар батасымен, Ақ, адал істі қолға ап ек... Бұдан 10 жыл бұрын... Сендердің «Жас қазақтардың» да сол «Жас қазақтай» халыққа жақын болсын!
2010 ж. 12 тамыз
2081
0
Батыр партизан, Халық қаһарманы Қасым аға Қайсеновтың батасы:
– Соғыс кезінде «Жас қазақ» деген ән болды. Сол әнді Жүсіпбек Елебеков ғажап орындаушы еді. Әні мен сөзі керемет қабысқан дүние ғой. «Жас қазақ» десе «Жас қазақ», елім деп от кешкен жас қазақ жайлы болатын. Сендердің «Жас қазақтардың да » халыққа сол «Жас қазақтай» жақын болсын деймін.
Соғыс кезінде «Красная звезда» газетінің Бас редакторы Ортанберг деген кісі еді. Сол кісі газет төңірегіне Илья Эренбург, Константин Симонов, Борис Полевой сияқты қаламы жүйрік, ойы сергек әскери журналистерді топтастырды. Олардың жаңа қырларынан ашылуына мүмкіндік берді. Осы журналистердің қай-қайсысы да кейін белгілі адамдар болды. «Жас қазақ» та жас журналистерге сондай мектеп болсын деп тілеймін. Қай тақырыпта да туған халқының мақсат-мүддесі тұрғысынан қозғар басылымға айналсын. Өз басым «Жас қазақтың» айдарынан жел есеріне сенемін.
Салық ЗИМАНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі :
Ойланар, қимылдар күн жетті...
Бүгінгі таңда қазақ халқының халықтық қасиетін сақтап қалудан артық міндет жоқ. Мемлекетіміздің гимнінде айтылғандай: «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалыппыз» деп, тек шындықты айтуменен жүрсек, одан тиісті қорытынды жасау қолымыздан келмесе, кешегі күніміздің қайталанбасына кім кепіл? Басқалар таңғаларлық ғасырлар бойы өркендеп өскен бай тілімізбен, шешендік өнерімізге, мәдени-рухани байлығымызға, соңғы жылдары білім, ғылым саласындағы айтарлықтай табыстарымызға құлдырау қаупі тағы да төніп тұр. Бүгінде қиындық жалғыз біздің елдің басына түсіп отырған жоқ. Дегенмен де, қазақ халқының үлесіне тиген ауыртпалық еңгезердей, өзгеше зіл. Ананың ақ сүтін ішіп, адал болғанымыздың азабы ма, әлде ұйымшылдығымыздың әлсіздігі мен төзімділікке, қарапайымдылыққа үйренген әдетіміздің салдары ма? Әлі де кеш емес. Рухани қазына байлығымыз, алға ұмтылған ынта-жігеріміз, ата-бабаның әруағы мен аманаттарын ұран етіп ұстаған азаматтарымызбен жастарымыз баршылық. Оларға қолқабыс көмек-тіркеу керек. Осы жолда «Жас қазақ» газетінің, оны ұйымдастырушылардың алдына қойып отырған күрделі мақсаттары жемісті болсын деген тілегімді айтқым келеді.
Қадыр Мырза ӘЛІ, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Халыққа қызмет етіңдер
Қазақ тілді басылымның дүниеге келуі – қуаныш. Ал ол руханият және білім мәселелерін қозғап жатса, тіпті жақсы. Тілейтінім – ешкімнің қас пен қабағына қарамай, ақиқатты ашып айту керек. Үлкен демей, кіші демей, лауазымына қарамай шындықты жазған басылым ғана бағалы болады. Елге, халыққа қызмет етіңдер.
Алдарыңнан жарылқасын!
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Жастыққа тән жігер тілеймін
Әдебиет пен мәдениеттің қамын ойлап шығып жатқан жас газетке даңғыл жол, ұзақ өмір тілеймін.
Елдің рухын жырлайтын, дәріптейтін бұл басылымды әрқайсымыз да бөбегіміздей сүйіп, әлпештейтін болайық.
Жастыққа тән жігер мен сенім, жалынды махаббат осы газеттің өн бойынан көрініп тұрса екен деп тілеймін.
Іске сәт, бауырларым!