Қазыбек ИСА, Бас директор – Редакторлар кеңесі төрағасы: ОРНЫ БӨЛЕК ОН ЖЫЛ!
2010 ж. 12 тамыз
2040
0
«Жас қазақ үнін» бар қазақ үніне айналдырды
Кеше ғана секілді еді, газет ашсақ деген идеямен Ұлы Абай ескерткішінің алдына жиналғанымыз. Енді ғана, он жылдан соң ойлап отырсам, Абайдың қасына бекер жиналмаған екенбіз-ау. Газетіміз содан үш айдан соң, тура Абайдың туған күнінде 10 тамызда дайын болды. Ұлы Абаймен қабаттаспайық деп, 11 тамыз күнін қойып едік.
Қасымдағылар қазақтың қалам ұстаған өрімдей жастары Әмірхан Балқыбек, Ақеділ Тойшанұлы, Болатбек Төлепбергендер еді... Енді жұмысты бастағанда Өзбекстаннан Қонақбай Саттаров келді. КазГУ-де оқып жүрген Гүлбиғаш Омарова сабақтан бос уақытында қатысып жүрді. Жанарбек Әшімжан мен Әлібек Шегебай ойлы мақалаларымен ат салысып тұрды.
Газеттің тіркелуі біраз жыр болды. «Жас қазақ» деген атты тіркете алмаған соң, үш айдан кейін «Жас қазақ үні» болып тіркелуге тура келді. Сол кездегі министр «Жас қазақ» деген атты қимады бізге, әйтеуір... Әлі тіркелмеген «Жас қазақ» пен жас министрдің арасында айтыс басталып кетті. Сол кезде енді шыға бастаған, қазақтың көрнекті ақыны Мейірхан Ақдәулетов басқарып отырған «Алтын орда» газеті мен жаңадан ашылған тұңғыш интернет-газет «Навигатор» мен КТК арнасы бізді қолдап, материалдар берді. Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайға хат жаздық... Әйтеуір, тіркелдік-ау. Сөйтіп жүргенде Абайдың да туған күніне тура келіппіз... Кейін бір кездескенде әлгі министрдің «Жас қазақ үні» газетінің бөлім редакторы Болатбек Төлепбергенге «елді шулатып алып, шығып жатырсыңдар ма?»- дегені бар еді...
Тұңғыш нөмірімізде қазақтың қас батыры Қасым Қайсенов ақ батасын беріп, заңғар заңгер Салық Зиманов бастаған тарландар ақ жол тілеген еді. Талай тұлғалар газетімізге ықыласын танытып жатты. Алғашқы кездегі қиындықтар мен қаржы тапшылығынан жастарымыз біраз қиналды.. Бұл кезде «Жас қазақтың» бетінде жарқырап көріне бастаған оларға үлкен газеттер де «құда түсе бастады».
Өсіп бара жатқандарды, әрине, тоқтатқан жоқпыз. Қазір бәрі белгілі басылымдардың белді қызметкерлері, талантты қаламгерлер ретінде елге танымал.
Тұңғыш нөмірде-ақ жарқ ете қалып, өзіндік ой-пікірімізбен даралана бастадық. Облыс әкімі З. Тұрысбеков пен Мәжіліс депутуты Т.Қосмәмбетовтен майдангерлердің қолды болып кеткен 250 жеңіл көлігін сұраған мақаламызды орыс тілді баспасөз «ерекше батылдық» деп бағалады. «Рахманқұл Бердібай бастаған тарландар салмақты дүниелерін «Жас қазаққа» бере бастады... Ол кісінің «Хазария қасыретін» орыс тілді басылымдардың айыптағандары көп болды.Газеттің әр нөмірі қиындықпен шығып жатты. Сол кездегі он шақты газеттер, партиялар мен қаржылық топтардың да басылымдары бар, қазір жоқ, жабылып қалған. Бізді, ұлт мүддесін қорғаушы газетті жабылып қалудан аман сақтап келе жатқан да, ұлттық намыс еді... Сонымен бірге газет шықпай жатып, «ертең-ақ жабылып қалады»,- деген мысықтілеушілерге деген қарсылық болатын. Соған қарағанда олардың да пайдасы бар ғой деймін...
Әрине, Ислам Әбішев бастаған қазақы қаны бар қайраткер азаматтар қамқорлық көрсете білді. Газеттің екінші тынысы 2003 жылы сол кездегі Мәдениет, ақпарат және спорт министрі, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің азаматтығы арқасында ашылды. Қабылдауына кіргенде «мемлекеттен бір тиын алмасаңдар да, мемлекеттік мүдде мен ұлт намысын қорғап келе жатырсыңдар, тендерге қатысыңдар»,- деген бір ауыз сөзі бізге үлкен жігер берді. Содан бері әр жылда министріне байланысты бірде көп, бірде аз мемлекеттік тапсырыс алып келеміз. Бірақ тапсырыстың тасасында қалып қойған жеріміз жоқ. Айтарымызды ащы да болса, ашық айтып келе жатқанымызды оқырман қауымы жақсы біледі. Иә, әрине, белгілі қаламгер-баспагер Ырым Кененбаев секілді үлкен жүректі атпал ағаларымыздың да шарапаты көп тиіп келеді.
«Жас қазақ үні» газетінің жарқырап көрінген тұсы – 2004 жылы қазақ тіліне қарсы шыққан парламент депутаттарын сойып салып, қара тізімін жариялаған «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылуы тиіс!» атты мақала еді. Сең қозғаған сенсациялық мақала қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Бұны барлық қазақ газеттері көшіріп басты. Жазушылар Одағына бүкіл зиялы қауым жиналып, Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдады. «Егемен Қазақстанның» өзінде Шерхан Мұртаза : «Кімнің кім екенін білгің келсе – «Жас қазақ үнін» оқы!» деген әйгілі сөзін айтып, үлкен мақала жазды. «Қазақ әдебиеті газеті»: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты»,-деп жазды. Оянған ел бүгінде қоғамда рөлі партиялардан да үлкен «Мемлекеттік тіл» атты мұзбалақ ақын Мұхтар Шаханов басқаратын қозғалыс құрды. 2004 жылғы сайлауда осы тізім бүкіл депутаттардың алдынан шықты. «Қазақ тіліне қарсы шығып, не бетіңмен келіп отырсың?» дегенді 90 пайыз депутат естіді. Бірақ олар бәрібір қайтадан сайланды... Себебі бізде сайлауды «тағайындау» десе де болады. Оның үстіне олар қазаққа қарсы шықты ғой... Бізде қазаққа қарсы шыққандар министр болады, депутат болады... Ал қазақты қорғағандар теперіш көреді... Жазылмаған заңымыз сондай. Кеше ғана елді дүрілдеткен Ұлттық доктрина кезінде де «Жас қазақ үні» жасындай жарқылдады. Бас директоры да, бас редакторы да, бөлім редакторы да аштық жариялауға бекініп, мәлімдеме жасаған жалғыз басылым – «Жас қазақ үні» болды.
«Жас қазақ үні» десе, жастықтан басын жұлып алатын шенеуніктер мен мәңгүрттер газетімізді оқымақ түгілі алуға қорқатынын байқадық алаңда сол кезде ...
Президент, Парламент сайлауларына белсене қатысып, 100 мыңдаған данамен тарадық. Ұлт мүддесіне, қазақ тіліне қарсы болған, шектен шыққан шенеуніктерді, министрлерді, әкімдерді аяған жоқпыз. Кейбіреулерін орындарынан кетіруге де үлес қостық деуге де болады. Тілімізді, дінімізді, ділімізді қорғап келеміз. Бұл жолда ешкімнің шен-шекпені мен атақ-абыройына қараған жоқпыз.
Интернетте жазылып, ел ішінде айтылып жүрген «Жас қазақ үні» - нөмірі бірінші ұлтшыл басылым,»- дегенді де, «Қазыбек Исаның мақалаларын оқысаң, Ақорданың алдында асылып өлгің келеді...» (Abai.kz) дегендерді де біз қатты айыптау емес... нақты байыптау деп қабылдаймыз. Ұлттық мүдде жолында ханға да, қараға да қарамай, әділін айтып келеміз. Соның арқасы болар, газетіміздің аты естілсе, ерекше ықыласын жаудыра жөнелетін ел көп. Ұлттық қаны бар саясаткер Ерлан Қариннің «қазақ газеттері саяси партиялардың рөлін атқарып отыр»- деген сөзі дәл қазақ баспасөзіне дәл берілген баға деп білеміз.
Қазақтың қалың мұңы мен қаптаған әділетсіздікке қарсылығын және өздеріне деген ойымызды қазақ тілін білмейтіндер де білсін деп, бір жарым жылдан бері біраз беттерімізді орыс тілінде де шығарып келеміз. Соның арқасында орыс тілді авторларымыз да көбеюде. Аллаға шүкір дейміз.
Өтпей жатқан жоқпыз, жетпей жатырмыз. Таяуда Яссауи мен Төле би көшелері қиылысындағы «Дауыс» дүңгіршегіндегі мосқал қазақтан «Жас қазақ үні» түсті ме?» деп сұрасам: «Бар, бірақ мен өзім оқып жатырмын. Менен кейін тағы бір кісі кезекке тұрып қойған, сіз үшінші боласыз» дегені... «Ау, неге көбірек етіп тапсырыс бермейсіздер?» десем, «Айтып жатырмыз, бірақ қосар емес» деп жауап берді. Сөйтіп, «Жас қазақтың» басшысы «Жас қазақ үніне» үшінші болып «кезекке тұруға» тура келді... Ал орыс тілді газеттер өтпесе, дүңгіршек сатушысының айлығынан ұстап, қазақ газеттеріне қырын қарайтын «Дауыстың» басшыларына айта-айта дауысымыз қарлықты...
Кейде қиналғанда, неге осы қаржылы азаматтардың қазақтығы жоқ деп налимыз. Өйткені, кім қаржылы - қазақ тілін білмейтін, қазақы қаны кемшін, қазаққа жаны ашымайтындар қаржылы... Олар ұлттық мүддемізге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын дүбәра сауық-шараларды қаржыландырып, қарық қылып жатады. Кезінде әйелінің алтын жүзік, сырғаларын салып, жанкештілікпен жақсы газет шығарған ұлт қайраткері, айтулы Алдан Айымбетовке қарызға да қаржы бермеген қазақ милиардерлерінен не күтесің, бірақ...
Иә, биыл «Жас қазақ үні» газетіне мерейлі 10 жыл толып отыр! Бұл он жылдың біз үшін де, оқырмандарымыз үшін де орны бөлек екені рас.
«Жас қазақта» жақсы еңбек етіп, бүгінде іргелі басылымдарда жүрген түлектеріміз аз емес. Алғашқы бас редактор орынбасары болып істеген ақын Қонақбай Саттаров қазір «ҚазАтомөндіріс» ұлттық компаниясында баспасөз қызметінде. Одан кейінгі орынбасарлар Берік Бейсенұлы мен Төреғали Тәшенов «Айқында», бірі бірінші орынбасар, бірі бөлім редакторы. Тағы бір орынбасарлар, Бекжан Әшірбаев «Заң газетінде» бас редактор, Алмат Исаділ «Алаш айнасында» бөлім редакторы. Газеттің алғашқы нөмірінен бастап еңбек еткендер, Әмірхан Балқыбек бүгінде талантты ақын, сыншы-мәдениеттанушы болса, Болатбек Төлепберген «Жерұйық» қозғалысының жетекшісі. Гүлбиғаш қызымыз «Түркістан» газетінде жауапты хатшы. Оңтүстіктегі тілшіміз болған талантты жазушы марқұм Есжан Айнабековке былтыр Түркістан қаласында көше берілуіне мұрындық болдық. Ал алғашқы саяси шолушымыз белгілі саясаттанушы, ғылым докторы Шәріпбек Ағабекұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де проректор болып жүр. Барлығы да әлі күнге дейін хабарласып, атсалысып тұрады.
«Жас қазақ үні» - бар қазақ үніне айналып келеді. Орны бөлек он жыл - жүзі жарқын жүз жылдықтарға жалғассын деп тілейміз. Тәуелсіз Қазақ елі аман болып, ұлтымыздың ұпайы түгенделе берсін!