ИСЛАМ БІРЛІГІ – ЕЛ БІРЛІГІ

d0bed180d182d0b0d0bbd18bd29b-d0bcd0b5d188d196d1823

Бисмиллаһир  Ирахманир Рахим!

Қазіргі таңда еліміздегі негізгі  ұлт, мемлекетті құрушы қазақ ұлтының рухы оянып отыр. Оның жарқын дәлелі 1917 жылғы алашордашылар жинаған алғашқы Қазақ құрылтайынан соң, үстіміздегі жылдың 24-25 сәуірінде Алматыда ұлтшыл патриоттардың бастамасымен  елдің де, жердің де иесі кім екенін көрсеткен, кезекті Қазақ құрылтайы өтті. Бұл бас жиынға құрамында 50 -ден астам  мемлекеттік емес ұйымдар мен партиялар, ел зиялыларын біріктіретін халықтық демократиялық қозғалыс күштері қатысып, олар үш ғасырдан бері қордаланған қазақ мәселесін талқылап, құлдық сананы ұлттық санаға ұштастыру керектігін алға шығарды. Қысқасы санаға сілкініс енгізуге бетбұрыс жасалды. Бұл ел болып құптарлық жайт...

Бірақ, барша қазақты бірлікке шақырған осы бас жиынға дәстүрлі Ислам діни бірлестіктері өкілдерінің қатыспауы көпшілікті ойға қалдырды. Дін дүмшелері болса «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» деп бастарын сауғалап, ақталып бағуда. Олар ұлт мәселесінен өздерін аулақ ұстағысы келеді. Дін деген - сенім. Ал сенім болмаса ел бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға болмайды. Бұл пікірге Ислам да қарсы емес. Құран «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13). деп үйретеді. Демек, жаратушымыз ұлт етіп жаратқан соң, оның дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматының ғана емес, дін иелерінің де абройлы борышы. Діні мен ертеңіне сенімі мықты болмаған елдің еш уақытта іргесі де мықты болған емес...

  Сонда біздің діндәрларымыз бен діни бірлестіктеріміз неге дәрменсіздік танытып отыр? Дін ғұламалыры мен зиялылары қайда қарап отыр? Жасыратын дәнеңе жоқ, қазіргі таңда елімізде атадан қалған дәстүрлі Ислам діні бұрын соңды болмаған мүсәпір халді басынан кешуде. Қазір, бетін аулақ етсін, жер-жердегі имамдардың көпшілігі, мешіттен жаназаны бөле қалса, мешітті тастап, жаназа маңына кетіп қалатын түрі бар. Діндарларымыздың осы дәрменсіздігінен елдегі Исламның өзі өз ішінде бірне­ше секталар мен ұйымдарға бөлінумен қатар, Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамына енуден ашықтан-ашық бас тартуда. Осы алауыздықтан қазір әлемде жоқ жасанды діндер біздің елімізде емін- еркін тіркеліп, өз жұмыстарын өрбітуде. Мұндай аты мен заты белгісіз есепсіз діндерді үкімет еш уақытта тоқтата алмайды. Дінді - дін ғана тоқтатады. Ол үшін еліміздегі дәстүрлі дін Ислам күшті де, қуатты болуы керек. Біздегі қазіргі Ислам осы қуатынан айырылып қалып отыр. Оның басты себебі, дін бостандығы жөніндегі заңымыздың осал­дығы. Осыдан бір жыл бұрын осы кемшіліктің орнын толтырып, заңды қатайтып, негізгі дәстүрлі діннен өзге діндерге, түрлі секталарға жол бермеу үшін заңға өзгеріс енгізу жөніндегі «Жас қазақ үні» газетінің зор қарекетіне Конституциялық кеңес те, парламент те жауап бере алмай, сол баяғы таз кепешін қайта киіп отыр...

Осы жағдайларды жария еткен республикалық БАҚ беттерінде қаншама мақалалар жарияланды. Сол жан айқайды күні бүгінге дейін назарға алған не үкімет орындары, не діни басқарма болған емес. Осылардың қатарында, соңғы он жыл көлемінде менің де бірнеше мақалаларым болды.

Дінімізде орын алып отырған мұндай келеңсіздіктерге ендігі жерде еш келісуге болмайды. Бір ұлттың әлденеше дін мен сектаға бөлінуі аса ауыр қасірет. Тарихқа үңілсек, ол ұлттың да, мемлекеттің де тұтастығын жойып, түбіне жетіп тынған.Сондықтан жақын арада кезектен тыс құрылтай шақырып, еліміздегі Ислам жұмысына баға беріп, дінімізді өз атымен атап, Республика Ислам діни басқармасы етіп қайта құрумыз керек. Ол үшін Бас муфтиден бұрын муфтият құрамы сайланып, оның құрамына дін қайраткерлері мен зиялыларын тарта білу шараларын қарастыру керек болып отыр. Осы жерде таза дін жанашырлары мен зиялылары өздерін көрсете білулері тиіс.Бұл жолы тура жолдан жаңылсақ дәстүрлі дінімізден түпкілікті айырыламыз...

Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньятаның «Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «Інжілі» болды. Олар біздің көзімізді жұмып қойып табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз олардың иелігінде, ал «Інжіл» бізде қалды» деген сөзі біздің де басымызға төніп келеді. Баспасөзге сенсек, қазірдің өзінде жарты миллион қазақ басқа діннің ықпалында кетіпті... Алла бетін аулақ қылсын..

Ислам бірлігі - ел бірлігі. Қазіргідей қазақ халқы ұлт болып бірігіп жатқан кезде елімізде Әділет министрлігіне тіркеліп жұмыс жасап жатқан барлық Ислам діни бірлестіктері де өзара бірлікке келіп, еліміздің біртұтастығын сақтап қалу жөнінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел тағдырын шешуде ынтымақтасып жұмыс жасауға күш біріктіруі керек. Бұл орайда бізге жыл сайын Меккеде өтетін қажылықтағы әлем мұсылмандарының намазда құбылаға бірігіп бір кісідей сап түзеп бет бұрған сұлу ынтымақтастығы өнеге болсын.

Аллаху Акбар.

 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы