Семейдің шенділері жылусыз қалған тұрғындарға көмек беруден бас тартты

0
983

Семейде қыс ортасында көп қабатты үй жылусыз қалды. Құбырдағы апаттың кесірінен 30 отбасы бүрсең қағып отыр. Ал шенеуніктер мен коммуналдық қызметкерлер оларға көмек беруден бас тартқан.

Семейдің шенділері жылусыз қалған тұрғындарға көмек беруден бас тартты
Өйткені үйлердің ішіндегі құбырларды жөндеу міндеттеріне кірмейді екен. Тұрғындар болса, қалыпқа келтіру жұмыстарына қажет қаржыны жинай алмай әлек.

Таяу арада жылу мәселесі шешілмесе, жағдай ушығайын деп тұр. Себебі синоптиктер апта соңында күн күрт суытады деп болжайды.

Жақында ғана жаңа жыл тойлап, мәз-мейрам болған бұл тұрғындардың енді қабақтары қату. Құбырдағы апат салдарынан Семей орталығындағы бұл үй жылусыз қалды. Тұрғындардың дені зейнеткерлер. Бөлмелердегі температура 10 градустан аспайды.

«Тоңсам, қан қысымым жоғарылайды. Ұйқы да қашты. Бөтелкеге ыстық су құйып жылына бастадым», – дейді  Семей қаласының тұрғыны Валентина Пудовкина.

Апаттан соң мұнда жылу беру тоқтаған. Себебі құбырдан ыстық су ағып, ауланы басыпты. Сол су қазір үйдің іргесіне жиналған. Жертөлесі жоқ ғимарат енді құлап қалады ма деп жұрт үрейленіп отыр.

«Пәтерлерді аралап, төмендегі кәсіпкерлерге де жолықтық. Үйімізді су алып барады деп. Тұрғындар ақша жинауға дайын, ал кәсіпкерлер қашқақтайды», – деп ашынады Зарина Қамзина.

Бұл үйдің төменгі қабатында дүкендер мен дәмхана ашылған. Осылайша құдайы көрші болған кәсіпкерлер мен тұрғындар бүгінге дейін бір ымыраға келе алмай жүр. Осы жолы да өзара айтысып тарқасты.

Кәсіпкер Ақмарал Жайылғанованың айтуынша жөндеуге қаржы көп кетпейді.

«260 мың теңге ғана. Әркім өз үлесін төлесе болды. Тұрғындардың өздері өткізбей тұрып, шу шығарады», – деді кәсіпкер.

Құбырды жамап, суды сорғызып әкету қалалық коммуналдық қызметтердің құзырына кірмейді. Өйткені апат үйдің ішіндегі құбырда болып отыр.

Мұнда тіпті пәтер иелерінің кооперативі де жоқ. Сондықтан тұрғындар мәселені өз беттерінше шешулері тиіс. Оның үстіне, апта соңында өңірге қатты аяз келеді деген болжам бар. Оған дейін жөндеу жасалмаса, жұрт құбырларындағы сумен қоса қатып қалуы ықтимал.

Источник: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз