Қазаққа қазір діни иммунитет емес, Ұлттық иммунитет қажет!

Әсіредіншіл лаңкестердің Француздық Charlie Hebdo апталығының редакциясына жасаған шабуылы әзірше жаңа жылдың басты тақырыбына айналды. Еуроодақ пен жалпы әлемдік геосаясатта үлкен ықпалға ие Француз Республикасы бұл жайтты жауапсыз қалдырмайтыны белгілі. Онсыз да осыған дейін Ливияда, Египетте, Сирияда болған төңкеріс, қақтығыстардың бел ортасында жүрген Де Голль сарбаздары одан әрмен күшейе түсетін болды.

Әуеден жасайтын шабуылдар кезінде атылған оқтың барлығы тек лаңкестер мен баскесерлерге тимейді. Сондықтан Парижде құрбан болған 12 журналистің өлімі үшін Сирия мен Иракта қаншама бейбіт тұрғындардың қаны төгілетінін елестетудің өзі қорқынышты.

2001 жылғы қыркүйектегі теракті әлемдік гео және әскери-экономикалық саясатты түбегейлі өзгерткені белгілі. Charlie Hebdo қырғыны сол кезеңнен басталған анти-террористік деп аталатын науқандарға жаңа леп, жаңа серпін беретін болады.

Өз басым Charlie Hebdo журналының қызмет бағытын қолдамаймын, бірақ кешегі болған оқиғаны ешқалай да ақтап алуға болмайды. Бұл Исламды қолдау, Пайғамбарымызды ұлықтау емес, Исламды қорлауғ асыл дінімізге күйе жағудың кезекті бір көрінісі.

Бұл оқиғадан алар сабағымыз - Франция сияқты алпауыт мемлекет осындай қантөгістің орын алуына жол беріп алды. Сондықтан елімізде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде терроризм мен экстремизмге, сепаратизмге қарсы күресті барынша күшейту қажет. Әсіресе діни радикализм бойынша.

Дәл қазір бізге діни иммунитеттен бұрын ұлттық имунитет қажет.

Сондықтан тек билік емес, жалпы қоғам болып ұлттық құндылықтарымызды - салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттауды еселеп күшейту керек.
Ең бастысы - діни көзқарасы қалыптаспаған, санасы қатаймаған жастарымызды барынша оқу-біліммен, жұмыспен қамтып, бастарын қатырып, тағдырларын құртатын секталар мен радикалды ағымдардан сақтап қалуымыз керек. Радикалданғандармен жұмыс жасап, қайтара алсақ жақсы, көзқарасын өзгертпесе қоғамнан оқшаулау керек.

Діни экстремизм бойынша сотталғандарды елді-мекендерден тым қашық, арнайы сондайлар үшін салынған абақтыларда қамау керек.

Әсіредіншілдерді "умеренный" мен "радикальный" деп бөлу әбестік. Бұл екі арада шекара жоқ. Тек конспирация ғана.

Сондықтан ел арасында аса құрметке, беделге ие "қой терісін жамылған қасқырлардың" «терісін сыпырып», кімнің кім екенін анықтап, істеген ісіне байланысты жазасын беретін уақыт жетті.

Билік басында отырған ақ жағалылар олигарх, магнат, банкир, инвестор т.б. әлем-жәлем атанып болды. Ендігі ретте мемлекетшіл болуларына тура келеді. Егер елдікті, егемендікті қарақан басының қамынан жоғары қоя алмаса, орындарын босатсын.

Омар Қамзабек,
Өскемен қаласы