Ару мұңы (Әңгіме)

0
1271

Хат жазып отырған қыздың сұлулығын тілмен айтып жеткізуім тым қиын сезілді. Тек сұлуларға лайық «ару» деген сөзбен атауды ғана жөн көрдім.

 Әйгерім абыр-сабыр болып жатқан осынау кең бөлмеде ештеңе сезбегендей қаламын ақ парақтың бетіне зыр-зыр жүйткітіп отыр. Жүзінен шексіз қуаныш пен бақыттың лебі еседі. Бірде сәл кідіріс тауып болымсыз езу тартқандай болады да, қаламын қайта тездетіп шабыттана тербей жөнеледі. Оның бар зейін-зердесін жазып отырған хатына аударып отырғаны бет-бейнесінен көрініп-ақ тұр. Дәл қазір жер ойылып кетсе де былқ етер түрі жоқ. Әйкерім сағыныш сәлем хатын аяқтап болып, соңына өз есімін анықтап жазып, басынан бастап оқи бастады. Оқи отырып іштей жымиып күледі. Сәл қысылғандай болып бетіне болар-болмас жұқалаң қызыл нұр ойнап шыға беріп, лезде ғайып болады. Осыдан кейін маржандай тізілген жазуларды аппақ сүйірік саусақтарымен бүктеп конвертке салды да, бөлмеден асығыс шыққаны соншалық, адамдар сеңдей соғылысқан көшеде алды-артына қарамай оп-оңай жол тауып кетіп барады. Жолдан кездескен таныс достарына да мойын бұруға үлгермей, басын изеп өте берді.

Иә, қыр гүліндей құлпырған ай дидарлы Әйгерімді құрақ ұшырып бара жатқан алғашқы махаббаттың күш-құдіреті еді. Ол жуықта ғана Мамыржан деген бір жігітпен танысықан еді. Екеу ара түсінісе келе өз жүрегінің үнін тыңдап сөз байласу кезеңіне дейін жетіп, жалындаған жастық шақтың есте қалар ең бір қызықты дәуренін бастаған болатын. Мамыржанның «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытай елінің астанасы Бейжіңге оқуға кеткеніне үш айдан асты. Жігіттің хат жазамын деген уәделі уақыты өтіп кетсе де, одан ешбір хабар болмады. Мүмкін жат ел, жат жерде жүргендіктен жұмыстары қарбалас болар. Әйтпесе түрмыс-күйін, хал-жағдайын айтып хат жазар еді ғой. Бірақ…

Жарым жылға жуық хат-хабарсыз жүруге жігітті құлай сүйген қыздың жаны төзбеді. Неде болса жүрек түкпіріндегі сағынышы мен тәтті мұңын жігітіне тезірек жеткізуге асықты. Сол себепті бұл хат Әйгерім үшін бәрінен де құнды, өзінің бар арман-тілегін арқалап ұшқалы тұрған ақ сұңқары іспетті еді. Хат пошта сандығына түскен шақта-ақ, жүрегі кеудесін жарып шығардай лүп-лүп соғып ала жөнелді. Жайшылықта мұндай қатты соқса қорқынышты болар еді. «Қуаныштан жүрек жарылмайды» деген сөз рас екен-ау. Әйгерімнің шалғайға ұшырған ақ сұңқары шынайы махаббаттың тылсым құдіретімен тұтанған жан алауын қас-қағым сәтте сонау алқызыл көкжиекпен тұтастырып жібергендей көз алдын сыйқырлы да таңғажайып нұрға бөледі. Өмірдің еш қағажуын көрмей өскен аяулы бойжеткен ойламсыз жігіттің аз күндік қызық үшін тәлкек қып, өзекті өртер өкінішке қалдыратынын ойлады ма десеңізші?!

Осылайша бір сыдырғы күндер өз аяңымен өтіп жатты. Әйгерім жігітімен келіп серуен құрған көл жағасында жалғыз өзі мұңайып ұзақ отырды. Төрт-бес күннің алдында ғана жан дүниесі алай-дүлей аласапыран күйге түсіп, бір жайсыз хабардың жететінін жүрегі алдын-ала сезгендей ме қалай? Жанында әлгінде ғана өзін тұңғиық, түпсіз қасіретке батырған, әптер-тәптері шыққан «кешір мені» деген Мамыржанның қайғы бұлтын үйірген хаты жатыр. Сүркейлі күздің суық желі әрбір беттерін өршелене жұлқылап діріл қақтырады. Дәл қазір жел ұшырып әкетсе де керек етер емес. Ол өзінің қызыққа толы шат-шадыман жастық көктемінде алғашқы махаббатынан мұң арқалап қала берді. Бейне сыңарынан айырылған аққудай көңілі құлазып жалғыздықтың не екенін енді сезінгендей мүлдем суынып кетті.

Оған мақтаныш сезіміне айналған шынайы махаббат, кіршіксіз сезім дегендердің бәрі бос қиял, құр елес болып сезілді. Кеше ғана өзін құшағына қысып тұрып, «Сені ғана сүйемін» деген Мамыржанның балдай тәтті сөзі есіне түскенде қайтерін білмей іштей қорланып, өзін-өзі жұлып жібергісі келді. Ішінен: «Бәрі де жалған» деп бірнеше рет қайталағанда, әудем жерден арғы дүниені қою қараңғылық жұтып жібергендей көзіне ештеңе көрінбеді.

Бұрын неткен сұлу көл деп балаша мәз қылып тамсандырған айна көл де бүгін тым өзгеше, барлық сырын ішіне бүгіп алған томаға-тұйық жандай демін ішіне тартып тына қалыпты. Әйгерімнің алсатқан көңіл-күйі табиғатпен ғана жарасым тауып етене сырласып, мұңдасып жатқандай жатқандай еді. Ол ішін удай ашытқан қасіретін сыртына шығарғысы келді ме, моншақтаған көз жасын тоқтаусыз селдете берді. Бәлкім һам көңіл Әйгерімді алдағы көктемде нағыз махаббаттың мәуелі иран бағы күтіп тұрған шығар кім білісін? Иләйім, солай болғай! 

 

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз