Асыл анаңның арты қайырлы болсын! (Сәбит Досановтың қайтыс болған анасы Мағира Әбенқызына Алматыда ас бергенде айтылған сөз)

d181d0b0d0b1d0b8d182-d0b4d0bed181d0b0d0bdd0bed0b2-d184d0bed182d0be

Құрметті Сабит Аймұханұлы!

Достар, бауырлар!

ХХ- шы ғасырдың аяқ кезінде кейін Астана аталған бұрынғы Ақмола қаласында екі ана кездесті. Бірі Астананыкі, бірі Алматыныкі. Екеуі құрдас екен. Сырласып, мұңдасты. Алматылық ана құрбысына қолқа салады.

-Сенің бірнеше балаң бар екен. Мен перзентке зармын. Бір балаңды маған бер. Мен бауырыма салып, өз баламдай көрейін, -  деді.

  - Қайсысын сұрайсың –  деді астаналық ана.

  - Сәбитті, - деді алматылық ана.

Астаналық ана ұзақ ойланып отырды да, басын изеді.

Астаналық ананың аты Мағрипа Әбенқызы еді. Алматылық ана атақты ақын, әнші, ғалым Тұрсынхан Әбдірахманова болатын.

  Сөйтіп, сен қос аналы болған едің, Сәбит Аймұханұлы.

Алдымен өмірден өкіл анаң өтті. Ол кісіні тірі күнінде аялап, әлпештедің. Туған анаңдай керемет құрмет көрсеттің. Қайтыс болған соң, өлілер қаласы Кеңсайға қоныстандырдың.

Ол кісі өмірден өткеннен кейін сен Тұрсынхан ана туралы естеліктер жинағын шығарттың. Одан кейін шығармаларын жинақтап, алты томын мемлекеттік жоспарға кіргіздірдің. Үш томын жарыққа шығарттың. Қалған үш томын баспадан шығартуға тынбай күш салып жүрсің кәзір. Оның үстіне қазақ халқына тегіс мәлім болған ардақты анаңа – Тұрсынхан Әбдірахмановаға көше, мектеп, кітапхана атын беруді сұрап, Алматы, Семей, Өскемен қалаларының әкімдеріне, Шығыс Қазақыстан обылысының әкіміне Жазушылар одағынан хат  жаздырып, өзің телефон соғып,  күні бүгінге дейін тыным таппай жүрсің. Мұны бәріміз көрдік, бәріміз білеміз, ризамыз.

Кеше туған анаң Мағрипа қайтыс болды. Анаң сенің келуіңді күтіп жатыр екен. Дәл уақытында бардың. Арыздастың. Арулап, жаназасын шығарттың. Денесін тік ұшақпен Астанадан алыстағы Амангелді ауданына жеткізіп, жан жары Аймұхан  марқұмның жанына жайғастырдың.

Туған анадан айырылған Сенің қайғыңа туған халқың ортақтасты. Тіпті туысты жоқ Мәскеуден, Париждан, ТМД елдерінен дүние жүзіне мәлім қаламгерлер көңіл айтып, телеграммалар берді, телефон соқты.

Астанада ас бердің. Енді, міне Алматыда  ас беріп жатырсың. Анасының өліміне дәл сендей төрт рет ас берген адам бар ма екен деп ойлаймын. Бұл ұлы анаға деген үлкен құрметтің белгісі. Перзенттік адал махабаттың үлгісі.       

Сенің анаң екеу емес үшеу еді. Үшіншісі сүйікті жан жарың Құралай екеуіңнің ортақ анаң ғұлама ғалым Патшайым Тәжібаева болатын. Ол анаңа да  арнап, тамаша естелік кітап  шығардың.

Былтыр, Ғылым академиясында сен ұйымдастырған Патшайым Тәжібаеваға арналған конференция тамаша өтті. Оған бәріміз де қатыстық.

Ананы ардақтай білетін адал ұлдар сендей-ақ болсын. Сәбит бауырым! Көп жігіттер жалғыз анасын күте алмай жүр ғой. Асыл аналарыңның арты қайырлы болсын.  Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, жарықтықтардың.

Сәбит, саған және Мағрипа ененің ең сүйікті келіні Құралай екеуіне бас иіп халыққа сен сияқты дарынды, атақты, абыройлы ұл берген Мағрипа Әбенқызының басқа балаларына, немере-шөберелеріне жақын туыстарына көңіл айтамыз.

Ас қабыл болсын дейміз!

Қымбатты достар!

Ең соңында айтарым мынандай: өзі алыс шетелге демалыста жатса да, Қостанайға телефон соғып Сәбиттің анасына жөнелту жабдығын ойдағыдай ұйымдастыртқан облыс әкімі Сергей Кулагин мырзаға көп рахмет.

Осы арада айта кетейін Сәбиттің әкесі Айекен (Аймұқан марқұм) қайтыс болғанда осы Кулагин мырза өзі келіп марқұмды аттандыруға  тікелей ат салысқан екен. Сол сияқты, Ананы ардақтап Ана қазасын атқаруға ат салысқан, барлық ауыртпалықты Сәбитпен қоса көтерген, тиісті үлес қосқан барша ағайынға, достар жолдастарына шын жүректен алғыс айтып бас иеміз.                                                                                                                                                      

Әзілхан

Нұршайықов .