Қарағандыда мемлекеттік бағдарламамен салынған үй сыр бере бастады

Қарағанды қаласында мемлекеттік қызметкерлер үшін салынған жаңа үйлердің бірі біртіндеп үгіліп жатыр. Үйдің жертөлесіне су толып, сыртқы қаптамасы қатты желден ұшып түсуде.

Қарағандыда мемлекеттік бағдарламамен салынған үй сыр бере бастады

Үй тұрғындарының бірі Бану Төлтаева 2008-ші жылы пәтер алғанында қуанышы қойнына сыймағандардың бірі. Алайда онысы ұзаққа созылмаған. Су жаңа баспана үш жылдық кепілдеме мерзімі біткеннен кейін қабырғалары қақырап, жертөлесін су басқан. Енді міне сапасыз материалдардан құралған кәріз жүйесі тұрғындардың дегбірін қашырып отыр екен. "Үнемі ақша жинаймыз. Кімге төлеп жатырмыз? "Қарағанды Су" баланста жоқсыздар дейді. Бірақ біз ақшаны төлеп отырмыз үкіметке. Неге солар келіп, халықтың жағдайын жасамайды? Әкімшілікке барсақ ешқандай мәселені шешпейміз. Өздеріңіз қалталарыңыздан төлеңіздер, баланста жоқ бұл үй деп жауап береді", - дейді тұрғын Бану Төлтаева. Тағы бір тұрғын Салтанат Түсіпованың құдықтар суға толып кетіп, кіреберісте бірден жағымсыз иіс пайда болатынын жеткізді. Жарты жыл бұрын үй "ЖилСоцСервис" басқарушы компаниясының балансына берілген. Ондағылар бірінші кезекте жертөледе жиналған суды сорғымен тартып, деңгейін түсіріпті. Алайда нәжіс суы жертөлеге қайта-қайта толып кетеді екен. "Ал үйдің сыртындағы қаптаманы қалпына келтіруге шамамыз жетпейді", - дейді компания басшылығы. Себебі жоғарғы қабаттардағы жабындарды жөндеу үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат қажет деп отыр. Баспаналары бас қайғыға айналған тұрғындар "бұл мәселенің шешімін іздеп тоздырмаған табалдырығымыз қалмады", - дейді. Ал үйді салған мердігер мекеме әлдеқашан өзін банкрот деп жариялап, құрылыс нарығынан ізін суытқан. Қала әкімінің орынбасары Тайхан Қалмахановтың айтуынша, бұл мәселе құзырлы органдардың кезінде жіберген немқұрайлылығының салдарынан туындаған. Алайда шаһар басшылары жақын арада осы үйдің кем-кетіктерін жою жолдарын талқылау үшін арнайы жиналыс өткізіп, келер жылдың басынан мәселені шешуге кірісеміз деп сендірді.

Источник: 7 канал