Қазақстандықтар шетелдегі мүлкін заңдастыруға асықпайды


Үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегінен басталған мүлік пен капиталды заңдастыру акциясының алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша, Астана қаласы Әкімдігіне азаматтардың шетелдегі мүлкін заңдастыру туралы бірде бір өтініш түспеген.Форбс газетінің мәліметіне сүйенсек, 300 мыңға жуық қазақстандықтың шет мемлекеттерде мүлкі бар. Бұл көрсеткіште әсіресе Түркия, Болгария және Испания елдері алда тұр. Дегенмен, олар өздерінің шетелдегі мүліктерін заңдастыруға асықпайды.
Мүлік пен капиталды заңдастыру акциясы отандастарымызға тиесілі өзге елдегі мүліктерді заңды түрде өз иелігінде сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Астана қаласы мемлекеттік кірістер Департаменті бұған дейін хабарлағандай, Астана қаласы бойынша 2 млрд теңгенің мүлкі және 600 млн теңгеге жуық ақша заңдастырылған. Департамент қызметкерлерінің пайымдауынша, шетелде орналасқан жылжымайтын мүліктердің заңдастырылмауының басты себебі – азаматтардың аз ақпараттандырылуы немесе мүліктерін жария етуге жүрексінуінде.
Аталмыш акция Қазақстан Республикасының «Мүлікті жария етуге байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға рақымшылық жасау туралы» 2014 жылдың 30 маусымында шыққан № 213-V Заңына негізделді.
Ақша мен мүлікті жария ету — бұл табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі болып табылады. Заңдастырылған ақша мен мүлік табыс болып саналмайды, сәйкесінше оларға табыс салығы салынбайды. Капитал мен мүліктерін жария етушілер бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады. Бұл жерде заңдастыруға қатысты белгілі бір шектеулер мен талаптар аталған Заңда толық қарастырылған.
Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері капитал мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру арқылы жеке мүлікке алаңдамауға шақырады.
Толық ақпаратты 2014 жылдың 30-маусымдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңынан және www.astananalog.kz сайтынан алуға болады.

Айнара Байжан, qazaquni.kz