Өмірзақ АҚЖІГІТ, бас редактор: «Жас қазақ үні» – хас қазақтың үні!

...2004 жылы май айында, түнгі сағат бір жарымда телефон шылдырады. Бұндайда бірінші кезекте «тыныштық па екен?..»  деп ойлайсың ғой. Тұтқаны алдым. Ар жақтағы азамат өзін «Қазыбек Исамын, мезгілсіз мазалағаныма кешірім сұраймын, бірақ сіздің мына бір ұлт жайлы мақалаңызды жаңа оқып шығып едім, қатты ұнаған соң ертеңге қалдырмайын деп шештім, бірігіп жұмыс істесек қалай болады?» деді. Мен ол кезде «Жалын» журналы мен «Жас Алаш» газетінде істейтін едім. «Қарсылығым жоқ» дедім.

Мен оған дейін өлеңдері, газеті арқылы сырттай білгенім болмаса бетпе-бет жолығып көрмеген қазақтың нағыз ұлтшыл ақындарының бірімен осылай таныстым. Содан бері арамыз үзіліп көрген емес. Соңғы бір жарым жылда газеттің бас редакторлығы мойныма жүктелді. Оны шамамыздың келгенінше абыроймен атқаруға тырысып жатырмыз. Бағасын өзіміз емес, өзгелер бере жатар. Өзімізге келсек, шығатын биігіміз бұдан да әлі алда деп білемін.

Біздің басылым оңға да, солға да бұрмай, әсірешілдікке ұрынбай, барынша  бейтарап, барынша әділ болуға тырысып бағады. Ақпарат құралының ең бірінші міндетінің өзі солай болуға тиіс деп білемін өзім. Сонымен қатар барынша барлық партия, ұйымдардан, үкіметтен жоғары тұру, тек ұлтының қызметшісі болу – біздің басты мақсатымыз. Біз үшін бұдан артық парыз бен қарыз да, міндет те, мансап та жоқ. Сондықтан да біз Үкімет пен Президенттің дұрыс ісін дұрыс, бұрыс ісін бұрыс деп беріп отырамыз. Сол себепті де кешегі «доктрина дауында» бұл өзекті мәселеге ең көп материал берген де біздің басылым болды. Біз «козел-провокаторға» теңеген Сергей Дуванов өзінің қателігін, біздің дұрыстығымызды жанама түрде болса да мойындап мақала жазса (онысы үшін атасына рахмет!), «Олжас «умер», да здравствует Алжас!» атты мақаламыз шамына шоқ боп түскен ақын ағамыз өретүрегеліп бізді сотқа да бермекші болды...

Оның алдында, 2009 жылы «Діни бірлестіктер туралы заңға» жасалар өзгерістер мен толықтырулар Конситуциялық Кеңестің қайшысына түсіп, тағдыры алдын-ала шешіліп қойған күнде де біз «Религиозные войны в Казахстане» деген атпен сериялы мақалалар бердік. Нинель Фокина ханым секілді қой терісін жамылған қасқырлардың бет пердесін сыпырдық. Ең соңғы мақаламыз «Антиконституцион­ное поста­нов­ление Консти­туцион­ного Со­вета» деп аталды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы, бүгінгі біздің елімізде Конституцияның қорғаны болуға тиіс бірден бір органның өзі соған қарсы қаулы қабылдайды да, түк болмағандай бейкүнә кейіппен бетіңізге қарап отыра береді...Оның қасында бүгінгі біздің “Лидер нации поневоле” деп, бұл жайлы заңның барлық жағынан Конституцияға қайшы екендігін тәптіштеп дәлелдеп жазғанымызға түк көрмегендей отыруа беруі ойыншық қой.

Ұлт тағдыры шешілетін күн жақындап келеді. Ең үлкен ауыртпашылық бізді алда күтіп тұр. Сол жолда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тырысып бағайық. Біз өз тарапымыздан жас қазақтың ғана емес, қас қазақтың, қазақ болып қалуға жанын салатын намысқой нағыз қазақтың үні болуға тырысып бағамыз!