Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары: «Жас қазақпыз» семсерін сертке ұстаған!

0
1923

«Жас қазақ үні» газетін алғаш парақтаған күндерден-ақ ұлт намысының жоқшысы болған айбарлы үн асау жүрегіміздің төрінен өшпес орын ала бастаған еді. Ел ішінің мұң-зары мен қайғы-наласы төңірегінде ғана қалам тербеп қалмай, алыстағы ағайынның тағдырына алаңдаушылық білдіретін «бір қазақтық» ұғымы да бүйрегімізді өзіне бұрған болатын. Газеттердің көбі «аспанға» немесе «жерге» қарап, айтар ойын айта алмай бүгежектеген сәттерінде бұл газет өз рухына тән «Жас Қазақтығын» еркін көрсетіп қаламын қару етті. Сол үшін де «оралман» аталып өгейлікке ұшырап жүрген қандастарымыз да өзінің жоғын осы газеттен таба бастап еді. Өткір ой, алмас қылыштай аянбас шындық бәрі-бәрінің бұл газеттен көрінуі бізді де өзіне оқырман әрі автор болуға еріксіз шақырды. Ендігі жерде менің де талай-талай мақаларым осы газет беті арқылы оқырманға жол тартты. Газет атына республикамыз ғана емес алыс-жуықтағы өзге елдерде тұратын қандастарымыз да қаныға бастады.

Шынжаңдағы көрнекті қаламгер, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлы, Моңғолияда тұратын азамат ақын Сұраған Рахметұлы, Еуропа қазақтарындағы Хасан Оралтай секілді біраз тұлғалардың белгісіз қыры мен сыры «Жас Қазақ үні» арқылы жалпыға жария болды. Оқырмандар олар арқылы алыстағы бауырларының да хал-күйінен хабар тауып отырды. «Жас Қазақ үні» алтын көпірге айналды.

Осылайша газет және газет ұжымымен тонның ішкі бауындай жарасым таба бастаған сәттерімде тағдырдың бұйрығымен «Жас Қазақ үні» газетінің бас редақторының орынбасарлығына шақырылдым. Халқының қалаулы ұлы, танымал ақын Қазыбек Исаның адал көңілін аттап кету тіптен қиын. Сөйтіп ендігі жерде өзі де ыстық, сөзі де ыстық газет өмірі өз иіріміне тартты. Газет ұжымындағы қаламдастармен бірге ел тағдыры мен жер тағдырына шын жүрегімізбен күйініп қалам тербей бастадық. Ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын Өмірзақ Ақжігіттей аға таптым.

Ең бастысы мен «Жас Қазақ үнін» тапсам, «Жас Қазақ үні» мені тауып арманымыздың асқарына бірге ұмтылатын жақсы күндерге куә бола бастадық. Әсіресе осы газеттен төбемді көрген шеттен келген қандас бауырларымыз айналамызға жиі үйірілетін болды.

Бүгін, міне, алтын асықтай осы газет он жасқа толып отыр. Әрі балғын, әрі қартаң жас секілді. Дегенмен де «Жас Қазақ» екенінде тіптен шүбә жоқ.

Қазақтың қайғы-мұңы жеп қыстаған,

Ел үшін атойлайтын шепке ұқсаған.

Қару етіп қаламның өткір ұшын,

«Жас Қазақпыз» семсерін сертке ұстаған, – деп толқып отырғанымды қалай жасырайын. Отаудан Орда болар он жылдық тойың құтты болсын. Біз қашанда сізбен біргеміз, «Жас Қазақ үні»!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз