Пазылбек АБСАТТАР: “Мұнда ұлт өлейін деп жатыр, мен ұлтты қорғауым керек!”

Жаратылыстың мынадай заңдылығы бар: кез-келген туынды, жаңалық немесе еңбек, іс-әрекет өзінің тамырымен жалғасып жатады. Егер де тамырымен байланысы болмаса, ол еңбек ұзаққа бармайды. «Солып» қалады. Ал «Жас қазақ үні» газеті халықтың жаны – тілі мен рухы жөнінде өзекті мәселелерді көтеріп жүргендігі үшін де ғасырлардан бері келе жатқан іс әрекеттің, күрестің тарихи жалғасы болғандықтан болашағы жарқын.

Осындай ұлы істің басында осы газетпен бірге еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. «Су ағады, тас қалады» демекші, бұл газеттің өткінші іс-әрекеттермен емес, мәңгілік құндылықтарға көңіл бөлетініне риза босың, рухани жағынан ашығып жүргенде жаназығыңды аласың. Бірде елдің басына күн туған бір кезеңде біреуден сұрапты «Естідің бе? Жақында пәленше деген қайтыс болыпты, жүр сонда барып қайтайық» десе «Ей, мына жақта ұлт өлейін деп жатыр, қайсысына барайын? Өзің бара бер, мен ұлтты қорғауым керек!» деген екен. Сол айтқандай, ұлттың басына күн туған замандары әрдайым ұлттың жанынан табылып келеді.

«Сағаттың шықылдағы емес ермек» деп толғанады Абай бір өлеңінде. Санаулы уақыттың қадіріне жеткен сарабдал кеуделер ғана ұғады мұны. Он жас адам ғұмыры үшін айтарлықтай асу да, бағындырар бел де емес. Бірақ газет ғұмыры үшін толайым табыстарға қол жеткізіп, бағыт түзеп, пікір қалыптастыратындай толысқан шақ. Газет дейміз-ау. Қу қағазда тұрған ештеңе жоқ. Ақ параққа қара сөз тізіп, қисынын қиюластырып, ұлттың мұңы мен жоғын түгендеуге ат салысып, бел шеше кіріскен тұтас бір ұжымның, ойлы оқырманның мерейтойы бұл. Ендеше «Жас қазақтың үні» көңілі пәс қазақтың емес, ұлтжандылыққа демеу болған бас қазақтың үні болып шықсын ылайым деп тілелік!