Гүлмира САДЫҚОВА, «Жас қазақ үні» газетінің бөлім редакторы: Ұлттық рухты асқақтатқан басылым

Сөз бостандығының самалы ескен бүгінгі күнде қазақ баспасөзінің қарыштап дамып келе жатқаны сөзсіз. Отандық журналистиканың дамуына әрбір басылым шама-шарқынша өз үлесін қосып та келе жатыр.

Бүгінгі журналистиканың хал-ахуалы турасында ой толғаған журналист Роза Қараева «Қазақ журналистикасы – ұлтқа жанашыр, елжанды журналистика» деген болатын. Осы тұста ұлтқа жанашыр басылымдардың көш басында «Жас қазақ үні» газетінің тұрғанына ешкім дау туғызбасы анық.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Біз тірі болуымыз керек. Тірі болу үшін ірі болуымыз керек» деген ұлағатты сөзін ту еткен «Жас қазақ үні» бүгінде 10 жасқа толып отыр. Қарап отырсақ 10 жас деген жасөспірімнің жасындай ғана. Әйтсе де, «Жас қазақ үні» осы он жыл ішінде іріліктің үлгісін көрсетіп қана қоймай, бар қазақтың үніне айналып та үлгерді. 

Бұлай дейтініміз «Жас қазақ үні» қоғамда орын алған өзекті мәселелерге дер кезінде үн қата білді. Кеше ғана ел тағдырын талқыға салған «Ел бірлігінің» артында ел бірлігін ойламайтындар тұрғанын ашып айтқан да осы басылым. Ел басына күн туғанда ешкімнің ығына жығылмай, Алаш рухты ұлтшылдардың шынайы жанашыры бола білген де «Жас қазақ үні» газеті еді.

Әлі күнге дейін Кеден Одағының керегемізді кеңейтпейтінідігін айтып шырылдап келе жатқан басылымның бірі де бірегейі осы газет. «Қазақстандықты» көксеген­дерге қарсы тұрып, бар қазақты қазақ болуға шақырып келе жатқан да «Жас қазақ үні». Бұл тұрғыда «Жас қазақ үнінің» осы уақытқа дейін қандай мәселе көтеріп келе жатқанын тізбектеп шығудың өзі артық. Оны көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Енді ғана он жасқа толғанына қарамастан, аталы  сөзді айтып келе жатқан «Жас қазақ үнінің» жазары көбейсін.

Газет қызметкеріне басылымға деген халықтың ыстық ықыласынан артық бақыт жоқ. Ендеше «Жас қазақ үнін» халыққа жеткізу жолында табанды еңбек етіп, ел ықыласына бөленіп жүре берейік құрметті әріптестер. «Жас қазақ үнінің» қуанышы – біздің қуанышымыз. Олай болса қуаныш құтты болсын! «Жас қазақ үнінің» ғұмыры ұзақ болып, ұлттық рухты асқақтатып, барша жұрттың айнымас серігіне айнала берсін!