ДЕПУТАТТАР орындалмас заң шығаруды модаға айналдырған ба?

1
963

Адамзатқа қасірет жүгін арқалатқан Семей ядролық полигонының 1991 жылы 29 тамызда жабылғанына биыл, міне, 19 жыл толады.  Алайда,   40 жыл бойы төбемізден  жарылған  468  ядролық бомбаның зардабын халық әлі күнге тартып келеді. Сорымыздың қалыңдығы сондай, ең қатерлі, әрі тіршілік біткенді жаппай қырып-жоятын термоядролық (12.08.1953ж.) және  сутегі (22.11.1955ж.) бомбасына дейін ашықтан-ашық бейқам жатқан бейбіт халықтың үстінен жарып жатты. Жер үстінде жасалған сынақтарды көздерімен  көрген адамдар бар. Тұрғылықты халықты ядролық жарылыстан  сақтандыруға қатысты шараларды жасамағаны аздай, «сынақ жасалған күні далаға шықпаңыздар» деген ескерту де айтылмады. Кеңес  өкіметі қасақана түрде қазақ халқын  «сынақ қоянына» айналдырды. Адамдар генетикалық өзгерістерге ұшырап жатыр.

Бұрын-соңды естіп-білмеген дертке шалдыққан нәрестелер дүниеге келуде. Ал оған нақты жауап беретін бір де бір медицина ғылымы жоқ. Өйткені, полигон аймағында жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының  бәрі құпиялы түрде жүргізілді.  Онкология  және радиология институтының профессоры Сайым Балмұханов Кеңес заманында осы өңірге жіберілген алғашқы ғылыми экспедицияның басшысы болды. Саим Балмухановтың айтуынша, ол отбасыларында дүниеге келген кемтар нәрестелерді көрген. Осылайша, медицина тарихында болмаған адам бойындағы кемістіктердің куәсі болған. Алайда, зерттеу қорытындысы еш жерде жарияланбады. Се­бебі, Кеңес өкіметі Се­мейдегі ядролық сынақтың қатерлі де жағымсыз тұстарын қатаң түрде жасырын ұстады. Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митеті дәрігерлер мен ға­лым­дардың жергілікті ха­лықпен сөйлесулеріне, олар­ға сауат ашу лекцияларын оқуға және экспедиция жұмы­сы­ның нәтижелерімен та­ныс­тыруға рұқсат бермеді. Әрі, қатаң бақылауда ұстады.  Кейін мұндай жұмыстардан қазақстандық дәрігерлер шеттетіліп, тек Мәскеу институтының қызметкерлері ғана тартылды, әрі МҚК (КГБ) қырағы қарауында болды.

Қазақ халқының ядролық сынақтан тартқан азабы осы Семей өңірімен бітпейді. Ұлан-байтақ жеріміздің кеңдігіне көз алартқан Қызыл империя Атырау облысының Азғыр елді мекенінде де 1966 – 1979 жылдар аралығында 17 жер асты сынағын жүргізді. Полигон аумағында орналасқан Үштаған, Асан, Батырбек, Сүйіндік, Бал­құдық, Қоңыртерек, Азғыр елді мекендеріндегі эко­логиялық жағдай өте ауыр хәлде. Оның үстіне биліктегі шенеуніктер ядролық сы­нақтың құрбандарына, олар­дың қордаланған проблемаларына мән беріп жатқан жоқ. Ядролық сынақтың зрдабын шеккендерге бір реттік компенсация тек зейнеткерлерге ғана беріліп, халықтың басқа бөлігіне бір тиын да төленген жоқ. Оның үстіне  1992 жылы 18 желтоқсанда шыққан «Семейдің ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңының да бір де бір бабы  бұл күнде жүзеге асып жатқан жоқ. Мәселен, жоғарыда аталған заңның   13–бабында радиациялық қатерлі аймақта тұрып жатқан халық қосымша еңбек ақы алуға және төленетін қосымша еңбек демалысын алуға құқылы. Бірақ, заңның бұл талаптарын орындап жатқан жұмыс беруші жоқ. Себебі, бұл бабтар «ҚР Еңбек туралы» Заңымен бекітілмеген. Атап айтсақ,  1999 жылы 10 желтоқсанда шыққан  «ҚР Еңбек туралы» Заңының  70 – бабының  3– тармағында еңбек ақы қызметкердің орындаған жұмысының саны мен сапасына және күрделілігіне қарай төленетіндігі жазылған. Бір-біріне қайшы келіп жатқан осынау екі заңды қарап отырып, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі депутат­тардың кәсіби деңгейіне күдіктенбеске шараң жоқ. Халық қалаулыларының ха­лықты алдап, орындалмас заң шығарғанын қара­пайым жұртшылық білме­гендіктен қысыр сиырдан уыз дәметкендей күй кешуде. Кейде орындалмас заң шығаруды депутатар  модаға айналдырып алған жоқ па деген ойға қалсың. Себебі, «ҚР БАҚ туралы» Заңында да журналистерге құқық береді де «ҚР Азаматтық кодексі» сияқты  заңмен шектеу қоятын жағдайлар көптеп кездеседі.                    

Ядролық полигон аймағын­дағы тақсіреті орасан зор зауалдың бірі – ядролық жары­лыстан уланған жер. Жер қыртысындағы плутоний, цезий, стронцидің мөлшері қалыпты жағдайдан бірнеше есе асып кеткен. Жел тұрған кезде осынау зиянды радиоактивті заттар шабындықтарға, бау-бақшаларға елді мекендерге ұшып барып, адамдардың екінші қайтара радиацияға ұшырауына әкеліп соғуда. Полигонның аумағына малшылар малын жаяды. Сөйтіп, уланған жерде жайылып, уланған шөпті жеген малдың улы етін ас-ауқат қылған халық тағы да қосымша радиациялық сәуле қабылдауда. Осыдан барып халықтың денсаулғы күннен-күнге нашарлап барады. Жергілікті тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы азайған, адам өлімі, қатерлі ісік, кемтар сәбилердің тууы көбейген. Аурудың қай түрін алсаң да республикалық көрсеткіштен асып түседі. Сондықтан да полигон аумағында тұртын халықты қауіпсіз жерге көшіруді ойлаған абзал. Иә, биліктегілер мұны тек Семей өңірінің проблемасы деп қарар. Олар қателеседі. Семей аумағындағы радиоактивті уланған көкөністер мен мал еті республикамыздың басқа аймақтарына сатылмай жатқанына кім кепілдік бере алады? Қазіргідей сауда қатты дамыған заманда Алматы, Астана базарларында Семейдің улы етері мен көкөністері самсап тұруы ғажап емес. 

Тағы бір дабыл қағарлық мәселенің бірі – радиоактивті зиянды затардың бір жерден екінші жерге көшіп жатқандығы. Соның бір мысалы, Ертіс өзенінен 50 шақырым қашықтықтағы ядролық жарылыстардың жер асты қабатында 10 миллионнан астам  кюри радиоактивті зат қордаланған. Осынау радионуклиндер жер асты сулары арқылы Ертіске жетуі мүмкін деген қауіп бар. Жақында жер асты қабатындағы бұрғы скважиналарын тексергенде  тритий деңгейінің жоғарлап кеткендігі анықталды. Бұл жағдай радиоактивті заттардың көшіп жүретідігіне дәлел бола алады.

Радиация сондай-ақ, жер асты сулары мен бұлақтардың және құдық суларының тартылуына әкеп соғуда. Қазір  30-40% пайыз судан айырылдық. Шөп шықпайтын тақыр да құнарсыз жерлердің үлес салмағы жыл санап көбейіп келеді. Бұл келеңсіздік ауыл шаруашылығына нұқсан кел­тіріп, ауыл экономикасын ойсыратуда. 

Ядролық полигонның зар­дабын шеккен халық, қинал­ғанның үстіне қиналып жатыр, ал билік пен халық қа­лаулылары орындалмас заң шығарып халықты жұбатып отыр. «Аңқау елге армза молда» деген осы шығар.

 

Сандуғаш  Серікқали

1 Пікір

  1. мен кейде шыққан Заңдарды екшелеп таразыласам ойға қаламын, өйткені Заңдар кемшілігі болғанмен халықтың мүддесін қорғауға арналған.Ал осы Заңдарды неге дұрыс пайдаланбаймыз, себебі не? ол жағын көп жаза бермейміз, себебі сол Заң шыққаннан кейін толып жатқан Үкіметтің қосымша шешімдері шығып Заңның орындалуына шектеу қойылады, мысалы; жалғызбасты қарттар үй кезегіне тұруға құқылы, бірақ оның табысы болмау керек, сонда қалай, ең аз зейнетақы алатын қариялар үй алмауы керек пе?Жалпы Заңның орындалуын жергілікті жердегі шенеуініктердің кәсіби біліктілігінің төмендігінен де болады, өзі қараңғы адамға «аңқау елге арамза молданың кебі».Орыстарда мынандай бүгінгі күннің сұранымына шыққан мақал бар:»НЕ бойся Закона-бойся законников» деген.37-жыл сияқты қәзір «заңшылдар» көбеиіп бара жатыр, бұның алдын алмасақ ақпарат құралдары қысым көріп, қара халық кедейленіп, «бай байға, кедей сайға» кетіп жатыр, өиткені «қисық болса да бай баласы сөйлеген» заман туды.кімде билік сода Заң да қарарда әділ, ал , сөзім жоқ енді айтар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз