"Исматолланы дәстүрлі дінді таратушының бірі деп есептеймін"-дейді Ақтау әкімі

Еділ Жаңбыршин жергілікті газеттің журналисті қойған сұрағына жауап бере отырып, экстремизм бабымен ұзақ мерзімге абақтыға тоғытылған атышулы Исматолла мағзұмды жақтайтынын ашықтан-ашық айтқан деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақтау әкімі жергілікті басылымға сұхбат беріп, басы дауға қалды

Еділ Жаңбыршин

"Мен Исматолланы дәстүрлі дінді таратушының бірі деп есептеймін. Ол кісінің істеген ісінен зиян көрген жоқпын. Керісінше, өмірде өзін жоғалтқан адамдарды кері қайтарған адам ретінде танимын. Нашақорларды рухани сауықтырудан өткізіп, қоғамның бір мүшесіне айналдырғанын көзіміз көрді. Одан мемлекетке не қоғамға төнген қандай қауіп бар? Сол себепті қолдау білдірдім. Өйткені, ол кісінің ұстанымында ата-баба ұстанымымен қайшылық жоқ. Оның бағасын уақыт берер...", - деді Жаңбыршин. Еліміздегі сопылардың жетекшісі Исматолла Әбдіғаппар кезінде ауған моджахеттерінің көсемі Ахмад Шах Масудтың кеңесшісі болған. Ал Қазақстанда заңсыз діни қауымдастық құрды, экстемизмді насихаттады деген баппен 2011 жылы 14 жылға бас бостандығынан айрылған-ды. Саят Ыбыраев сияқты бірнеше жақтасы да ұзақ мерзім арқалады. "Сенім. Білім. Өмір" ұйымы жұмыс істеп тұрғанда қатарына 500 мың адам жинаған деседі. Оның ішінде шенді-шекпенділер де бар. Кезінде бұл сопылардың ықпалды дегендері сол Исматолла мағзұмды қолдап, үндеу жасаған болатын. Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршиннің есімі сол қолдау хаттың бел ортасында тұр. Сондықтан оны бүгін бірнеше республикалық ақпарат агенттіктері діни экстремисті қолдады деп шүйлігіп отыр.

Источник: КТК арнасы