Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ, «Жас қазақ үні» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі: Қалың қазақтың қамын ойлаған

Осыдан он жыл бұрын Қазақстанның ақпарат айдынында өзіндік үні,өзіндік бағыт -бағдарымен дүниеге келген «Жас қазақ үні» бүгінде «Біз тірі болуымыз керек,тірі болу үшін-ірі болуымыз!»деп халқының қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей елім деп шырылдап жүгіріп жүрген басылым.

 Апта сайын әрбір санын қолға  алып,ашып қарасаң «Қазағым» деп айғайлап тұрған материалдарды бас алмай оқымауың мүмкін емес.

Газет  ел ішіндегі  жанашыр ұлт зиялыларының табанды істерін жұртқа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей жария ете отырып, қоғамыздағы кері тартпа қазақтардың жөнсіз әрекеттерін де  сынап- мінегенде ешкімге дес бермейді, жалтақтамайды. О  бастағы  жарыққа шыққандағы берген сертіне лайық «Жас қазақ үні» ұлтымыздың ұлы болуы үшін күрестің алғы шебінде келе жатқан еліміздегі ақ желкендей бірден бір ақпарат құралы .

«Жас қазақ үні» тек тек елдегілердің  мүддесін қорғап жүрген жоқ, ол әлемдегі күллі қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүр. Оны газеттің әр  санына көз салсаңыз, шарқ ұрып іздемей-ақ табасыз. Мәселен, Қытайдағы, Өзбекстандағы және Түркиядағы бауырларының тағдыры  үшін  алаңдап жазылған жанайқайларын  екі санның бірінен кездестіресіз. Демек,»Жас қазақ үні» дүйім жұрттың көкейіндегісін дөп басып,таба білетін газет.

Қалың қазақтың қамын ойлаған басылымның  бергенінен  берері әлі алда деп білемін. Оған ат төбеліндей шығармашылық ұжымның күші жетеді. «Жүкті нар көтереді» деп халық бекер айтпаған.

Онсаусақтай жасқа шыққан  онжылдық мереке құтты болсын,әріптестер!