Өскеменнің бас имамы “христиан” ба?

Жақында Өскемен қаласының бас имамы: “Рождествоны бізде тойлаймыз” – деп айтқан сөзі әлеуметтік желі тұтынушыларын дүр еткізді. Әсіресе қазақ жастары сан-алуан пікірлер жазуда. Солардың бірін жарияладық.

Ақ қойдың кәлдесі, қара қойдың кәлдесі мен Құдайдың пендесі. Кезінде дін атынан сөйлеп мал таппаққа әрекет қылғандардың намазы да Құраны да осы болатын. «Өлімді жерде молда семіредінің» дәуірлеген кезі. Ол кездің ерке молдаларының қылығын «қараңғылығына» теліп, жылы жауып қойдық. Ақыретін Аллаһ белгілейді. Өткенді соттау өскелең біздің ісіміз емес. Қазір Исаның туған күнін дүрілдетіп тойлап жүрміз. Діни мереке деп дақпырты жайылғанмен діни сипатынан баяғыда ажыраған. Сол күні қарша қызын құшқан аяз атаны көріп күліп қоясың. Әйтпесе ол дінде арақ ішуге қарсы шығар. Христиандар Рождество дейді. Ал Аяз атаның өмірде болғанына дерек бар ма? Ол түгіл адасқан нәсрәнилер Исаны Алланың ұлы деп дабыл қаққанымен сөздерін қуаттар дәлелдері жоқ. Ал қасиетті Құранның Ықылас сүресінде «Аллаһ туылмады, тумады» дейді. Адам а.с мен Хауа ананы да әке-шешесіз жаратқан Аллаһ Мариямның ұлы Исаны әкесіз жарата алатынына неге күмәнмен қарайды? Боданда болған 70 жылдың жемісі мінекей, алдарыңызда. Ата-аналар баласына Алладан емес Аяз атадан сұрауды насихаттап жүр. Сәби сыйлық берген адамды жек көрмейді. Солай өскен баланың біздің бүгінгі «байбаламымызға» иммунитеті мықты болады. Қолдан тәрбиеленген бүлдіршіндер қоладан құйылған «Құдайға» табынып кетпесіне кім кепіл? Енді мына қызықты қараңыз. Өскемен қаласының бас имамы Аслан қажы Нұрланов Астана арнасына берген сұхбаты ғаламтор бетінде жүр. Онда ол қажымыз: «Рождество Иса а.с туған күні. Мұсылмандар бұл мерекені харам деп жүр. Бірақта олар адасады. Иса да Алланың пайғамбары ». Балықты басынан шірітіп қоя береміз бе, әлде шіріген балықтың басын аламыз ба? Сол қажы әрі бас имамымыз Нәби с.а.у. «Кімде кім бір қауымға еліктесе, ол солардан» деген хадисін қайда қояды? Халықты ізгілікке бастаудың орнына ішкілікпен өтер мейрамды неге теріс көрмейді? Орыс ортасы ойын өзгертуге мәжбүр болды ма, әлде ҚМДБ бекіткен имамдардың сауаттылық деңгейі осы ма? Ертең ақыл естен араққа да «адал» деп пәтуа шығарса не істейміз? Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді? 

jeltoksanruhy.kz Орынбасар Бақытбеков