Жыл қорытындысы: Жемқорлық қылмысына барғандар шені мен лауазымына қарамастан жазалануда
2014 ж. 23 желтоқсан
2535
1
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында биыл бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты пара алу, қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану, аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылғаны белгілі. Кейбірінің істері сотта әлі қаралып жатса, біреулеріне тиісті үкімдер де шығып үлгерді, сондай-ақ соңғы кезде ұсталғандарына қатысты айыптар тағылып, қамауға алынды.
Мүслім Өмірияев 10 жылға бас бостандығынан айырылды
2013 жылдың желтоқсанында бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі М. Өмірияев пара алғаны үшін ұсталды. Ол мемлекеттік сатып алулар бойынша оң шешім шығарғанына 100 мың доллар көлемінде пара алған деген күдікке ілінді.
Биылғы қазанда Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оған қатысты шешім шығарды.
Ол ҚР ҚК 311-бабының 5-бөлігі (ірі көлемде пара алу) бойынша айыпты деп танылды. М. Өмірияевтің барлық мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 7 жыл мерзімге жұмыс істеу құқығынан, 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Экс-шенеунік жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болады.
Ерлан Арын сот залынан босатылды
Ағымдағы жылдың наурызында үлкен көлемде пара алды деген күдiкпен Павлодар облысының бұрынғы әкiмi Ерлан Арын ұсталғаны белгілі. Павлодар облысы әкiмдiгiнiң бiрқатар лауазымды тұлғаларына қозғалған қылмыстық iстiң негiзiнде 2014 жылы 4 наурыз күнi демеушiлерден Павлодар облысын абаттандыруға берiлген қаржыны жымқырды және iрi көлемде пара алды деген күдiкпен облыстың бұрынғы әкiмi Е. Арын құрықталды.
Арада жарты жылдан астам уақыт өткеннен кейін, яғни қарашаның соңында Арынның ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған процесс аяқталды. Сот Ерлан Арынды ҚР ҚК-ның 307-бабының 3-тармағы бойынша айыпты деп тауып, оны үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол сот залынан босатылды
Сот айыпталушыдан, жәбірленушіден, куәлардан жауап алып және іс-құжаттарды зерттеп, Е.М.Арынның әрекеттінен тек ҚР ҚК-нің 307 бабы 3 бөлігімен көзделген қылмыстың құрамы бар деген қортындыға келді, яғни, жауапты мемлекеттік қызметтегі тұлғаның өз қызмет бабын асыра пайдалануы орын алған.
Мұрат Оспанов сот санкциясымен тұтқындалды
Биылғы шілденің басында Астана соты ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановты қамауға алуды санкциялады. Қаржы полициясы агенттігі оған табиғи монополияларды қолдау үшін 300 мың доллар көлемінде пара алды деген айып тағып отыр. Оспанов уақытша ұстау оқшаулағышынан тергеу изоляторына ауыстырылды.
Оспановтың ісі бойынша сот 11 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында басталды. Қарашаның аяғында оның ісінде сотта негізгі куәгерлердің бірінің жауабын қатыстырмау туралы қорғаушылардың қолдаухаты қабылданбады. Бұның алдында айыпталушының қорғаушылары М.Оспановтың көмекшісі Берік Ергешевтің жауаптары мен түсініктерін істің материалдарынан алып тастау туралы өтінімхат жолдаған болатын. Сот тыңдауы барысында судья Ербол Рахимбеков алдын ала тергеу кезінде Ергешевтің дәлелдері тексерілгенін және олар нақтыланғанын негізге ала отырып, Оспанов қорғаушылары қолдаухатын қабыл алмау туралы қаулы етті.
Тергеу нұсқасы бойынша, ақша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасына пара ретінде Ергешев арқылы тапсырылған. Айта кетейік, куәгер Б. Ергешев сотта жауап берген болатын. Қорғаушылардың пайымынша, оның айғақтары қысым көрсету арқылы алынған.
Бауыржан Әбдішев қамауға алынды
Биылғы қыркүйекте қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланды деп айыпталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев екі айға қамауға алынды.
Ал қарашаның аяғында сот Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Б. Әбдішевті қамауда ұстау мерзімін 3 айға дейін ұзартты. Атап айтқанда, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының 2014 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен ҚР ҚК 307-бабы 4 бөлімі бойынша айыпталған Б. Әбдішевтің қамауда болу мерзімі үш айға дейін, 2014 жылдың 23 желтоқсаны сағат 17.00 дейін ұзартылды.
Ал кеше ғана лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін айыпталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімін қамауда ұстау мерзімі бір айға ұзартылғаны хабарланды. Яғни, тергеу органдарының сұрауына байланысты Қазыбек би аудандық сотының қаулысымен Б. Әбдішевтің қамақ мерзімі 2015 жылғы 23 қаңтарға дейін бір айға ұзартылды.
Тергеу органдарының нұсқасы бойынша Әбдішев жолға төселетін плиткалар шығаратын «ЕуроСтандарт Қарағанды» ЖШС зауытының мүддесін қорғаған. Іс материалдарына сәйкес кәсіпорын оның танысының атына ресімделген. «ЕуроСтандарт Қарағанды» ЖШС мен «Мәдениет, демалыс саябақтары басқармасы» ҚМК арасындағы 2012 жылғы қаңтар мен мамырда жасалған екі шарт сомасы 1,2 млрд. теңгеден астам қаражатты құраған.
Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов ұсталды
27 қазанда Қазақстан Республикасы ҰҚК жеке қауіпсіздік бөлімшесі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің лауазымды тұлғалары тарапынан қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған фактілерге жүргізген тексеру шеңберінде қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов ұсталды. Бұл іс бойынша тиісті жедел тергеу тағайындалып, оны қадағалауды ҚР Бас әскери прокуратурасы жүзеге асырады.
Араға бірер күн салғаннан кейін Н.Жоламановқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылды. Ақмола гарнизонының әскери соты ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламановты 27 желтоқсанға дейін тұтқынға алу туралы үкім шығарды. Алынған мәлімет бойынша, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Н.Жоламанов ҚР ҚК 311-бабы (Пара алу) 5-бөлімі және 235-бабы (Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу) 3-бөлімі (Трансұлттық қылмыстық қоғамдастық (трансұлттық қылмыстық ұйым) құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу) бойынша тұтқынға алынған.
Ақмола гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметінен атап өткендей, қамауға алу уақыты ұзартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
ҰҚК мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Н.А.Жоламановқа қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, түрлі коммерциялық құрылым өкілдерінен пара алды деген 13 эпизод бойынша қылмыстық істің тергеуі аяқталды.
Серік Ахметовке бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда
2014 жылдың 18 қарашасында Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының қаулысымен айыптаушы органдардың алдын ала тергеуі бойынша аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағы «Б» пункті бойынша Ахметов Серік Нығметұлын 2015 жылғы 18 қаңтардың сағат 23:00-ге дейін екі ай үйқамаққа алу туралы санкция берілді.
Қарағанды облысы мен қаласының, «Сарыарқа» ӘКК» ҰК, «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық паркі АЭА, «ҚазАгроФинанс» АҚ бұрынғы басшылары: Б. Әбдішев, М. Смағұлов, А.Эссе, Ғ. Рақымжанов және басқа да тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша бірқатар аса ауыр қылмыстық істерді тергелуде . Тергеу істерінің аясында сондай-ақ Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 1958 жылы туылған Ахметов Серік Нығметұлына айып тағып, оған қатысты үйқамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды.
Келесі күні кешқұрым Серік Ахметовке аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылғаны хабарланды.
С.Ахметовтің бұрын сотталмағаны, Қарағандыда тұрақты мекенжайы бар екендігі ескерілді. Сот сондай-ақ оның денсаулық жағдайын да ескерді. Сондықтан үйқамаққа алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде санкция шығарылды.
Жемқорлық қылмысына қатыстылардың тиісті жазасын алмауы - Агенттікке сын
Айта кетейік, биылғы тамызда Қаржы полициясы өкілеттілігі Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берілді. Ал қарашаның аяғында өткен агенттіктің кеңейтілген кеңесінде осы ведомствоның төрағасы Қайрат Қожамжаров өзі басқарып отырған агенттік қызметкерлерінің негізгі міндеттерін атады. «Біздің қызметті бастау үшін қажетті құқықтық ұйымдастырудың негізі құрылды. Агенттіктің басымдықты мақсаттарына тоқталатын болсам, бірінші кезекте сіздерге қойылатын талаптарға назар аударғым келеді. Сіздер Мемлекет басшысының жоғары сеніміне лайықты болуларыңыз керек және қоғамның сенімін ақтау үшін барлық күш-жігерлеріңізді салуларыңыз қажет. Біз этикалық талаптардың жоғары деңгейін әрдайым ұстап тұруымыз шарт. Мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа қарсы моделінің негізінде ар-намыс кодексін мүлтіксіз сақтау жатыр. Бұл - біздің мінсіз жұмысымыздың маңызды талабы»,-деді Қ. Қожамжаров ведомство қызметкерлеріне қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар ол өз сөзінде сот тарапынан енгізілген әрбір ақтау үкімі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері кәсібилігінің төмендігін көрсететіндігін атап өтті.
«Алдағы жылдан бастап біз жаңа құқықтық тәртіпте жұмыс істей бастайтындығымызды атап өткім келеді. Жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, қосымша тексеру мен тергеу институттарына тыйым салынады. Сот тарапынан енгізілген әрбір ақтау үкімі біздің кәсіби деңгейіміздің төмендігін көрсетеді. Азаматтар құқығын қорғаудың кепілі болуы тұрғысында біз қабылданатын процессуалдық шешімнің мінсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз»,-деді Қ. Қожамжаров жемқорлыққа қарсы қызметтің офицерлеріне қаратып айтқан сөзінде.
Автор: Руслан Ғаббасов
inform.kz