АРАМДЫ АРАМ ДЕМЕЙ АДАЛ ДЕЙМІЗ БЕ?

d0b7d0b0d180d0b0d0b7d0b8d185d0b012

Ең алдымен біз де жас болсын (сөз саптастарына қарағанда әлі жас жігіт пен қыздар тәрізді), қары болсын, көңіліндегі пікірін білдіріп хат жолдаған оқырмандарымызға шын жүректен алғысымызды білдіргіміз келеді. Ал, енді негізгі мәселе көшсек.

1. «Автор сұңғыла шөбіне өзінше анықтама бергісі келген, тіпті бұл шөпті арамшөп қатарына жатқызған». Автор өзінше анықтама беріп, жоқ нәрсені ойдан шығарып отырған жоқ, ол бар нәрсені ғана қайталап айтып отыр. Өйткені, сұңғыла деген табиғатта бар шөп және арам шөп. Және арам болғанда қандай! Сіздер нағыз сұңғыла, ең болмағанда күнгей Қазақстанда өсетін сұңғыланың қандай болатынын көзбен көрмегендеріңіз бірден байқалып тұр. Ол мақалада жарияланған сурет те сұңғыланың қаншалықты суық шөп екенін бере алмаған. Сіз оның күлгін түсті гүліне қарағаныңызда бойыңызды ақпанның аязы қарығандай тұла бойыңыз түршігеді. Қазақтың бейне сөзімен айтсақ гүлдің бойынан сұлулық есіп тұрмайды, оның бойынан зәр шапшып тұрғандай болады. Сұңғыла ешқандай дәріге бой бермейді. Тамыры өте тереңге кетеді. Жұлған сайын көбейе береді. Мен де оңтүстіктің баласымын, балдан да шырын қауын егіп, оны өсіріп-мәпелеуді әбден бастан өткергенмін. Міне, сонда қауынға осы сұңғыладан асқан жау болмайтын.  Оны жоюдың жалғыз жолы – тамырына адамның кіші дәрерт сындыруы болатын. Гүлдің түсінің өте суық, зәр шашып тұрғандай көрінуі мүмкін содан да шығар. Аналарымыздың балаға қатты ұрысының бірі де «ой, сұңғыла!» болатын

Оқырмандарымыз өздері көрмеген-бақпаған сұңғыланы арам шөп емес, дәрі шөп деп барынша қорғаштап бағыпты. Ондай дәрі шөп болса біз секілді суреті мен анықтамасын келтірсін. Мүмкін, дәл сол атпен аталатын басқа дәрі шөп бар болса бар да шығар, ал академик авторымыз нағыз арамшөп жайлы айтып отыр. Сондықтан, қай нәрсенің болсын тереңіне бойлап, көз жеткізіп алмай жатып, «ондай болмайды, өйткені болуы мүмкін емес, тек мынадай ғана болады, біздің айтқанымыз ғана дұрыс» деп үзілді-кесілді сөйлеу берісі біліктілік-білімділікке, арысы сыпайылыққа жатпайды.

2.Және қайта-қайта түсінік беруді талап ете беру де дұрыс нәрсе емес, өйткені автор, тағы қайталап айтамыз, ешқандай «қате түсінік пен қателіктерді» мақалаға енгізіп жібермеген. Шығысы мен батысының арасы алты айшылық қазақ жерінде бір сөзбен екі керағар ұғым қалыптасуы онша таңсық дүние емес қой. Мысалы, сол оңтүстікте «көрім» деген сөз жағымсыз дүниеге қарай айтылса, басқа бір аймақтарда «сұлу» деген мағынада қолданылады. Тіпті, «көп-көрім» екен деп та айтады.

3. Мен жаңылыспасам «сұңғыла» сөзі қазақ әдебиетінің классиктерінде «...зерек, алғыр, көреген, білімді, сергек» мағынада қолданылмайтын. Ары барғанда ақылды, білімді. бірақ ақылы мен білімі адалдыққа емес арамдыққа жұмыс істейтін адамға, Наполеонның Талейраны сияқты қулар мен сұмдарға арнап берілетін баға болатын. Оны жаппай жағымды мағынада қолданып жүргеніміздің басталғанына жиырма жылдан енді асты. 

4.Мен өз басым қыз баласына қойылған Сұңғыла деген есімді естімеппін. Қанша сұлу болғанда дәл сол аттың қойылғанын қаламаған да болар едім.

Құрметпен,

Өмірзақ АҚЖІГІТ