БІЗДІҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІМІЗ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛЫП ЖАТЫР…

0
761

ҚР Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке

 

Өтініш

Құрметті Асқар Исабекұлы! Педагогика саласында қатардағы басшы ретінде, облыс басшысына тікелей сауалнама қою арқылы ойқозғаудағы мақсат — күнделікті мың-сан жұмысыңызда, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде кішкене де болса пікір айтып, үлес қосу. Бұл мәселелер қатардағы мектеп басшыларын ғана емес, бүкіл ұстаздар қауымын толғандыратын сауалдар. Өз қызметіңізде Президенттің сан-салалы талаптарын тындырымдылықпен орындаумен қатар, білім саласында көптеген шешімін таппаған мәселелер көтеріліп, бірқатары күн тәртібіне қойылып жатыр. Оқу мен тәрбие саласындағы соны мәселелер Түркістан қаласында өткен алқалы жиында жасаған баяндамаңызда түйінделіп, уәкілетті органдар алдына жүйелі міндеттер жүктелді. Дегенмен де Сіз қойып отырған және болашақ ұрпақты тәрбиелеу бағытындағы бірқатар мәселелер өз шешімін таппауда. Төмендегідей мәселелерге Сіздің назарыңызды аударғым келеді:

 

1.    Жалпы білім беретін мектептер үшін кадрлар даярлау үлкен мәселелердің бірі. Бірақ, өкінішке қарай, облысымызда орта арнаулы білім беретін мекемелердің (колледждер) саны бар да, сапасы төмен. Бұл жөнінен Сіздің қойған талаптарыңыз орындалмауда. Мәселен, көктем айында оншақты колледждердің лицензиялары уақытша тоқтатылған. Дегенмен, бұл колледждер мектеп бітірушілерді қабылдауды жалғастыруда. Кезінде лицензияларды заңсыз берген мекеме енді заңмен тоқтатуға дәрменсіз екені бесенеден белгілі. Меніңше, пән мұғалімдерін, бастауыш сынып мұғалімдерін колледждерде даярлауды тоқтату қажет секілді.

а) Қазіргі кезде мемлекеттік және беймемлекеттік жоғарғы оқу орындары жеткілікті түрде мамандарды даярлауда. Тиісті мамандарға тапсырма беріп талдау жасатсаңыз, қаншама мамандардың бос жүргендігіне, бала күтіміндегі мамандардың санына сараптама жасау арқылы көз жүгіртсеңіз біршама мәселелерге ойтүйін жасауға болады. Кез келген мектеп басшысы, жоғары білімді маманға тоқталатыны белгілі.

ә) Осындай жағдайда колледждерге мектептерге маман даярлауға бюджеттен қаржы бөліп оқыту қиянат секілді. Бір мысал, мен басқарып отырған мектепке Шымкенттегі үздіксіз білім беру колледжін бітірген бір маман жұмыс іздеп келді. Диплом бойынша оған «Бастауыш сынып мұғалімі және психолог» біліктілігі берілген. Біз түгілі, маман емес адамның өзінің, 1 жыл 10 ай ішінде «мұғалім және психолог» даярлап шығаруға сенуі қиын нәрсе. Заңның небір қиылыстарынан өту бар да, шын мәнінде ұстаз даярлау бар. Мұндай колледждер қаншама. Түсінемін, заңға тоқтау сала алмайсыз. Бірақ, Президенттің облыстағы тікелей өкілі ретінде тиісті тетіктер арқылы, мәселенің  дұрыс шешілуі жағына оң ықпал жасауға мүдделі де міндетті, құзырлы, лауазымды тұлғасыз.

Бұл мәселелер жөнінен неге тіке облыс басшысына шығып отыр демеңіз. Бұл турасында облыстық білім басқармасының басшысына мәлімдеме бергенмін. Өкінішке қарай, жауапсыз қалды.

2. Облыс көлемінде, мек­теп­тердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көптеген тірліктер жасадыңыз. Мектептерге парта, тақталар алуға үлкен көлемде бюджеттен қаржы қарастырдыңыз. Біздің мектепке де 300 парта, 15 тақтаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тендер өткізу құқын облыстық білім беру басқармасына ұсынғанбыз. Бірақ өкінішке қарай, объективтік, субъективтік себептерге байланысты, көктемде бюджетте қарастырылған қаржыны игеріп, тауармен қамтамасыз ету, жаңа оқу жылына дейін созылып келеді. . . .

Бұл мәселе жөнінен де, облыстық уәкілетті органды хабардар еткенбіз. Президенттің, Сіздің әрбір сөздеріңіз бен қимылдарыңызды ұстаздар қауымы тікелей қабылдайды.

3. Ұлттық бірыңғай тест — мектептегі оқу процесін бағалайтын бірден-бір тетікке айналғаны бесенеден белгілі. Қанша жылдан бері бұл процесс бір жүйеге түсіп, дәстүрлі әдіске айналды. Жылдан-жылға ҰБТ-өткізудегі кемшіліктер жойылып, прогресті түрде дамуда. Дегенмен де, ЖОО-дар (ВУЗдар) тарапынан, жоғарғы оқу орнына ҰБТ арқылы емес, ЖОО (ВУЗ) қабырғасында емтихан қабылдау туралы пікірлер республика көлемінде көтерілуде. Халық қалаулылары арасында лоббистік сипаттағы пікірлер айтылуда.

Құрметті Асқар Исабекұлы! Өткенге топырақ шашу емес, кезінде жоғарғы оқу орнына түсу қалай болғанын баршамыз білеміз. Мүйіздері қарағайдай ғалым ағаларым кешірсін, институт алдында сандалып жүрген көріністер аға толқынның көз алдынан кетпеген болар. Сондықтан, ҰБТ мектеп қабырғасында қалдырып, жетілдіру мәселесін министрлік алдында қорғасаңыз, бүкіл ұстаздар қауымы риза болар еді. Әрине, бұл мәселе турасында «зав,райОНОлар» қызметін ойлап, айтпауы мүмкін, ал мыңнан астам мектеп басшыларының пікірін білу қиын нәрсе.  

4.    Келесі бір мәселе – мектептегі кадрлардың сапасы. Жыл басында бүкіл аудандарға комиссия жіберіп, көп мәселелерге көз жеткізген боларсыз. Тек оның қорытындысы, істелінген жұмыстар жөнінде көпшілік хабарсыз.

Осыдан екі жыл бұрын, ҚР Білім және ғылым министрлігі үлкен тірлік бастаған. Мектеп мұғалімдерінің білімдерін екшелеу, тестілеу арқылы аттестациядан өткізу. Өте дұрыс, қажетті, уақтылы шара болатын. Өкінішке қарай, облыстағы білім саласының басшылары, кәсіподақ қосылып, мұғалімдер «тестілеуге» психологиялық және басқа жағынан даяр емес деген пікір айтып, министрлік бұл шараны кейінге қалдырған. Ойлап қараңыз, МАБ және ҰБТ бойынша оқушыларды тестілеуге даярлайтын мұғалімдер өздері тестілеуден өтуге даяр емес деген жаңсақ пікір емес пе? Қазіргі жылдам ақпараттық кеңістік, компьютер заманында мұғалімдердің білімін жетілдіру — Президенттің бүгінгі күн талабына сай қойып отырған міндеттері екені баршаға белгілі. Сол үшін де ол кісі жыл сайын мұғалімдердің жалақысын көтеруге тікелей ықпал жасап отыр. Осы мәселе жөнінен де, министрлікке оң пікір білдірсеңіз, біраз мәселе өз шешімін табар еді.

5.    Өлке басшысы ретінде, Сіз көтеріп жүрген бір мәселе, мектептердегі бухгалтерияның орнына аудан, қала  көлемінде орталықтандырылған бухгалтерия ұйымдастыру мәселесі пилоттық жоба ретінде ұсынылған.

Екі ауданда білім бөлімін басқардым. Уақытқа сай жетістіктер де, кемшіліктер де болды. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда, өміршеңдікке сай ұсыныс. Өкінішке қарай, облыстық уәкілетті орган, жаныңыздағы серіктестеріңіз бұл ұсыныс-жобаны талдап, саралап, насихаттай алмады.

Басқа да мәселелер жөнінен, әрине уақытыңыз болса қабылдауыңызды сұранамын немесе салалық орынбасарыңыз қабылдауын өтінемін.

Құрметті Асқар Исабекұлы! Елбасының қойған мәселелеріне сәйкес қым-қуыт, сан-салалы жұмыстар атқарып жүрсіз. Бұл ел көңілінен шығып та жатыр. Алтын уақытыңызды алғаныма ғафу өтіне отырып, болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіне байланысты бірлі -жарым пікірімді білдіргеніме айып етпеңіз. 

 

 

Өзіңізге деген ізгі ниетпен

Шымкент қаласы,

№52 жалпы орта мектеп директоры Б.К.Сламбеков

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз