Рубльдің құнсыздануы Байқоңыр тұрғындарын әбігерге салды

Айналымында теңге мен рубль бірдей жүретін Байқоңыр қаласының тұрғындары рубльдің құнсыздануынан зардап шегіп отыр. Мұндағы Қазақстан азаматтары жалақы мен зейнетақыны Ресей рублімен алады.

Рубльдің құнсыздануы Байқоңыр тұрғындарын әбігерге салды Ал екінші деңгейлі банктердің филиалдарынан алған несиелерін тек теңгемен төлейді. Жергілікті халықтың айтуынша, Байқоңырда Халық банкінің ғана бөлімі бар және ол банктен барлығы бірдей несие ала алмайды.

Сондықтан көпшілігі 250 шақырым қашықтықтағы облыс орталығы - Қызылорда қаласына барып тұрмыстық техниканы несиеге рәсімдеген. "Ең сорақысы ол емес", - дейді халық, ресей рублі құлдырап, алатын жалақылары мен зейнетақылары мардымсыз болып қалған. Әсіресе зейнеткерлер несиелерін жаба алмай қаламыз ба деп қорқады. "Бұрынғы курспен алғанда, біз теңгемен айына 22 мың теңге төлеп тұратынбыз. Енді қазір зейнетақым 22 мың теңгеге жетпей қалды айналдырғанымда. Несие сұрасаң, Қазақстан азаматысың,  Қазақстаннан барып ал дейді. Қазақстанға келсең: енді айлығың, зейнетақың - рубль, барып орысыңнан ал деп айтады", - дейді зейнеткер Базаркүл Тәжібаева. Қызылордадан тауарды теңгеге сатып әкеліп, Байқоңырда кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар да қиналып қалғанын жасырмайды. "Осыған дейін 200 мың рубльге бірталай тауар алатынбыз. Енді пайдадан айтарлықтай қағылып қалдық. Есесіне бағаларды көтеруге мәжбүрміз", - дейді олар. Кәсіпкер Жақыпбек Қоянбаев азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға бағаны көтеріп жатқанын айтады. "200 мың рубль миллион теңге болатын. Енді 200 мың рубль - 600 мың теңге. 400 мың теңгені жоғалтып отырмыз. Оның бәрі қалаға кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, нанды 12 рубльмен сатып келсек, енді 15 рубльмен сатуға мәжбүрміз. Халық ашулы, сауда жүрмей жатыр. Әрі қарай не боларын білмейміз", - дейді кәсіпкер. Осылайша, Байқоңырдағы халыққа  рубльдің құлдырауы ауыр соғып отыр.