ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

0
1422

Қытай мемлекетінің (Жұңхуа мингоның) билік басындағы Сұн Жұңшан өмірден өткеннен кейін, Кеңес одағы (жүйеден Сталин) Жияң Жешімен байланыс орната бастаған болатын. Шын мәнінде бұл кезде Жияң Жеші және онымен отаса бермейтін коммунистік топтармен қатар байланыста болу кеңестер одағының ішкі саясатына тиімді деп қаралатын. Сталиннің коммунистік қытайларға бүйрек бұруынан 1927-1928 жылдары екі ел арасына белгілі сызат түскен болсада, 1931 жылы 18 қыркүйекте жапоияның қытайға шабылу жасап кіруі екі ел мүддесін қайтадан жақындата түсті. Сөйтіп ендігі жерде Сталин мен Жияң Жеші бір-бірімен одақтас болудан аулақтана алмайтынын білді. 1932 жылға келгенде екі ел арасында түрлі қарым-қатынастар қалпына келіп, әр екі жағы өз ұпайларын түгендей бастады.

 

ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН

РЕСПУБЛИКАСЫ

 

Дәл осындай орайлы кезеңде Шың Сысайдың Шынжаң билігінің басына келуі әрі оның Кеңес одағының көмегіне мұқтаж болуы «аспаннан сұрағанды жерден бердінің» өзі болды. Шыңсысай Сталинді арқа тірек еткісі келсе, Сталин Шың Сысайды көзір ретінде жұмсауды ойластыра бастады. Бұл кезеңдегі Нанжиңдегі гоминдаң үкіметі мен Шың Сысай арасында да ішкі алауыздық сақталған еді. Атап айтқанда Шың Сысай Нанжиң үкіметінің өзін мойындауын талап етседе, басқару жағынан оған бас иіп кеткісі келмеді.

Шың Сысай 1933 жылы 5 мамырда Кеңес одағының Үрімжідегі консулымен тікелей байланыс орнатты. Осы жылы кеңестер одағы Шынжаң мәселесін күнтәртібіне қойып, арнайы органдар құрды. Әрі әскери күш арқылы Шың Сысайға жәрдем беріп, оның әуелі Жаң Пиюан армиясын талқандауына кейіннен дүңген және ұйғырлар тудырған оңтүстік Шынжаң оқиғаларын тыныштандыруына көмек көрсетті. Шың Сысайдың 1937 жылы тамызда Кеңес одағында құпия сапарда болып, Кеңес одағы коммунистік партиясына мүше болуының да (1859118 нөмерлі партия белетін алған) өзіндік сырлары бар. .(«Шынжаңның таяу заман өлке түзімін жолға қойғаннан кейінгі тарихи дамуы» 104 бет, Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2007 ж)

Шын мәнінде жіліктің майлы басы кеңестіктерге тән болып, солардың мүддесі басты орында тұрды.

Осындай себептерге байланысты Шың Сысайдың (1897-1970) алғашқы кезеңде кеңестер одағының ықпалымен біршама оң қадамдар жасағаны да рас еді. Әсіресе халықтық оқу-ағарту-мәдениет істері біршама дамуға бет бұрған болатын. Алайда тісін ақситып келетін сайқал саясат оғанда құлдығын жүргізсе керек. Саяси жағдай аумалы-төкпелі болып, шаруашылықтың тоз-тозы шығып, қоғамдық дағда­рыс үдеп, Шынжаңды мекен еткен мұсылман халықтар күйзеліске ұшырады. Зор қытайшылдықтың отарлық идеясынан туындаған қанауға-езгіге қарсы тұру күресі тағы да өрлеуге көтерілді.

Әсіресе Шың Сысайдың 1937-1938 жылғы кеңестік зұл­матты Шынжаң жерінде, соның ішінде мұсылман халықтарға қарсы көшіріп қолдануы зор қарсылыққа ұшырады. 1939-1940 жылдардан бастап қазақ халқының зұлым үстемдікке қарсы қарулы көтерілісі туылды. Өр Алтай жерінде Есімхан-Ырысхан бастаған ұлт азаттық көтерілісін Оспан батыр жалғап, қытай әкімшілігіне сілейте соққы берді. Олар талай рет сәтсіздікке ұшырап, 1943 жылы желтоқсанда он екі үлкен қосыны бар, кемелді дала армиясын қалыптастырды. Сол жылы Шың Сысай армианы толықтыру деген атпен солтүстік Шынжаң мал шаруашылық өңірінде он мың әскери ат жинады. Бұл бұрынғы дағдарыс жағдайды онан әрмен ушықтыра түсті. Халқықтың қарсылық күресі анағұрлым жоғары деңгейге көтерілді. Алтайдан басталған қарулы көтеріліс Іле-Тарбағатайда өз жалғасын тапты.

Бұл кезең екінші дүние­жүзілік соғыстың басталған мезгілі еді. Егер Кеңес одағы германиядан жеңіліп қалатын болса, бұрыннан Кеңес одағының досына айналып келген Шың Сысайдың мүддесіне тиімсіз болар еді. Шың Сысайдың есебінше «есің барда елің тап» деп оның ертерек компартиядан және Кеңес одағынан бас тартқаны өзіне тиімді көрінді. Ал мұны сезген кеңестіктер де өз бақай қулығын сайлады. 1943 жылы 4 мамырда Кеңес одағы компартиясы орталық комитетінің саяси бюросы Шынжаң жағдайын талқылады. Мәжәлісте “Сөз жоқ шара қолданып, Шың Сысайды Шынжаңды билеу құқығынан мақұрым ету керек” деп атап көрсетіп, төңкерістік ұйым құрып және Шынжаңдағы төңкерістік күштерді жетідіруді ұйғарды. Оның алдында Кеңес одағы Шынжаңнан басқа жерде “Ұлтты гүлдендіру группасы” деп аталған төңкерістік ұйым құруды жоспарлаған еді. Саяси бюроның мәжілісі Кеңес одағының Шынжаңмен шекараласатын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан қатарлы жерле­рінде бір қанша мектеп құрып “Ұлттық гүлдендіру группасына” офиссер және алдағы жерде Шынжаң тұрғындарымен бірлікте істейтін үгіт насиқатшы жетілдіріп беруді ұйғарды. Осы жоспарды атқару барысында “Ұлтты гүлдендіру группасы”, “Ұлт тәуелсіздігі группасы” немесе “Ұлт азаттығы группасы” деп өзгерді. Себебі, Кеңес үкіметі ұзақтан бері Шынжаң халқының күресін “қытайлардың отаршылдық үстемдігін аударып тастау жолындағы ұлт азаттық қозғалысы” деп қарап келді. Содан кейінгі күрестерде Ұлт тәуелсіздігі группасы көтеріліс қозғалысының әрекет группасын үгіттеумен бірге, ұлт азаттығы және тәуелсіздігі идеясын да таратты. Кеңес одағы компартиясы Өзбекстан Республикалық комитетінің жауапты адамы сол жерде Шынжаңға төңкеріс үгіттейтін және жеткізетін адам белгіледі. Шетелдерде шығатын “Жаңа өмір”, “Шығыс ақиқаты”, “Қазақ ауылы”, қатарлы ұйғырша, қазақша журналдар Шынжаңға әкеліп таратылды. Ондағы “Біз неге күрес жүргіземіз” деген мақала ерекше өкілдік сипат алды. Енді содан мысал келтіре кетейік: “Біз қытайлардың Шығыс Түркістанда ғы үстемдігін құлату жолында жеріміздегі қытайлардың зұлым саясатының барлық тамырларына балта шауып, оны жоғалту жолында күрес жүргіземіз. Осы өңірдің нағыз иелері, қазақ, ұйғыр, тараншы, қырғыз, татар, өзбек қатарлы ұлттарға және басқа ұлттардан көп қорлық көрген Монғол ұлтына, сондай-ақ қытайлардан басқа ұлттарға тән. Бұл мекенде ешбір қытай өкілі табан тіреп тұра алмайды.

Бұл әрекеттердің астарында кеңестіктердің ұпайы үшін шешілетін бірнеше мәселе бар еді. Атап айтқанда екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісі мен жеңілісіне саятын көптеген күрмеуі күрделі мәселелер тұр еді. Бірі Шың Сысай өзінен бет бұрып жаулық пиғыл танытқан жағдайда, оған қарсы тұра білетін қуатты әскери қосын қалыптастыру және сол қосын арқылы Шынжаң жерінде өзінің әскери артқы шебін қалыптастыру мәселесі еді. Екінші бірі түптің түбінде орайы оңнан келіп, кеңестіктердің сақасы алшысынан түсіп жатса Шынжаңды өзінің бір Республикасына айналдырып алудың қамына кірісе берудің артықтығы жоқ болатын.

Міне осы және басқа да қулығына құрық бойламайтын коммунистік әккіліктіктің әр түрлі жолын қарастырған кеңестіктер Шынжаң жеріне әскери ақылшыларын, тың­шы­ла­рын арт-артынан кір­гізді. Оның көп бөлімі әр түрлі жолдармен кеңестік тәрбиеден өткен тұрғылықты халықтың перзенттері еді. Алтай көтерілісіне моңғолия арқылы барған Дәлелхан Сүгірбаев(1906-1949), Іле көтерілісіне көмекке барған Патих Мүсілімов, Ахметжан Қасыми(1914-1949), Ысқақбек Мононов т.б. Кеңес одағының тапсырмасын адалдықпен орындап, осындай саяси ойынның құрбандары болды. Айталық, Ахметжан Қасыми 1936-1942 жылдар аралығында Москва және басқада қалаларда білім алып, арнайы тәрбиеде болса, Дәлелхан Сүгірбаев 1941-1943 жылдар аралығында Алматыда арнайы тәрбиеленген. Ысқақбек Мононов 1928 жылы Бішкекте әскери тәлім-тәрбие қабылдаған.

1944 жылы тамызда Іленің Текес ауданында Шың Сысай мен гоминдаңның үстемдігіне қарсы көтеріліс басталды. 7 қарашада Әлихан төренің тікелей жетекшілік етуімен Іле көтерілісі туылды. Іле-шала Ысқақбек пен Кеңес одағы әскери мансаптылары Петр Александров қатарлылар бір баталион атты әскерді бастап Кеңес одағынан Құлжаға басып кіріп, Айранбақты қоршауға алса, Кеңес одағынан кірген тағы бір әскери атты әскерлер бөлімі үш жақтан шабуылдап, гоминдаң әскерінің торғай тозын шығарды.

Әлихан төре бастатқан ақсүйектер мен діни жоғары жік күштері көтерілістің басшылық құқын өз қолына алып, солтүстік Шынжаңдағы Іледе көтерілістік қозғалысқа жетекшілік ететін Шығыс Түркістан Республикасы әкмиятын қалыптастырды.

Осы жылы 12 қарашада Іле азаттық ұйымы Құлжа қала­сында ұйғыр, қазақ, қыр­ғыз клубында Шығыс Түр­кістан Республикасының құрылған­дығын жариялады. Сары ай-жұлдыз түсірілген жасыл кездеме жалау болып желбіреді. Әлихан төре бастатқан он алты адам Ұлттық үкіметтің жорасы болып сайланды. Әлихан төре үкіметтің төрағасы, жоғары жік Әкімбек Қожа төрағаның орынбасары, діни жоғары жік, әрі саудагар Әбдрауып Мақсұм үкіметтің бас хатшысы болып тағайындалды. Мұнан тыс үкіметтің жораларындағы Рахымжан Сабырқажиев, Бук Амбал, Салжанбай Бабажан, Әнуар Мусабаев, Мұхаметжан Махсұт, Әблемет Әли қалпе, Әбілқайыр төре қатарлы жеті адам жоғары жік діни қайраткерлері; одан тыс Кеңес одағы мұһажырлары Павел Паплович Москалов, Ғани Иолдаш, Петр Романович Александров қатарлы адамдар жора болды. Ал Әбдікерім Аббасов бастаған қызылдарды жақтаушы зиялылар саны өте аз еді.

Сол күні мақұлданған үкімет­тің №1 қаулысында Қабип Бернашов оқу-ағарту, мәдениет істеріне, Әнуар Мұсабаев Қа­зына істеріне, Әбілқайыр төре малшаруашылығына, Салжанбай бабажан егін, орман, су істеріне, Әбілимит әли Халпе дін істеріне, Мұхаметжан Мақсұм сот ісіне жауапты болып, министрліктер құру жүктелді.

17 қарашада жаңа Респуб­ликаның «Азат Шығыс Түр­кістан газеті» төрт тілде (ұйғыр, қазақ, орыс, қытай тілдерінде) жарық көрді.

Шын мәнінде бұл басшылық құрам Кеңес одағының ойла­­ғанындай болмады. Әсіресе Ах­метжан, Ысқақбек секілді адамдардың тізгін-шылбырды қолына ала-алмауы қынжылыс тудырса керек. «Кеңес одағы үш аймақ қозғалысынан кейін биліктің алғашқы кезде жерлік феодал жоғары жік адамадарының яғный ірі байлар мен жер иелерінің қолына түсіп кетерін ойламаған еді. Жоғарыда айтылған діни қайраткер Әлихан төре Шығыс Түркістан Республикасының төрағасы болған. Шығыс Түркістан Республикасының басшылары ішкі жақта қытайларға, қытайлықтарға қарсы тұрып қана қалмай, Қытай коммунистік партиясына да, Кеңес одағынада қарсы болатын. Сталин бұған наразы болды әрі қысылтаяң жағдайдан шығар жол іздеді. Әрине, Сталиннің өзінің кейбір адамдарыа алданып қалғанында байқауға болады. Олар Шынжаңда тұрып, бұл өңірдің жалпы өзгерісі мен қозғалыстың жағдайын қате шамалаған» (Юри Михайлович Галинович «Екі генарал – Сталин және Жияң Жеші» Шынжаң халық баспасы, 2002ж, Үрімжі. 233 бет).

Деседе, Сталин «оң көзір» ретіндегі өз адамдарының ықпалы арқылы Шығыс Түркістан Республикасының билігіне тікелей әсер ете білді. Барлық салада Кеңес одағының жол-жорық көрсетуші арнайы ақылшылары болды. Маңызды бағдарламалар мен келісім-шарттардың нұсқасы кеңестіктердің қолымен жазылып, астыртын кіргізіліп отырды. Ал Шығыс Түркістан Республикасы күшінен қалдырылып, Әлихан төре астыртын ұстап әкетілгеннен кейінгі «үш аймақ» аталған ұлттық жүйеге Ахметжан Қасымидің бірден басшы болуы, әрине, алдыңғы күдігімізді растай түседі.

«1945 жылы 1 қаңтарда Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі жоралар мәжілісін ашып, №6 қарар қабылдап, әскери істер меңгермесін бекітті. Петр Романович Александровты мең­герме бастығы етіп таға­йындады. Тұрақты армия құ­руды, әскери шен түзімін жолға қоюды ұйғарды. Әскери шен жай әскер, орта комендир, аға комендир, жоғары дәрежелі командир деп төрт дәрежеге бөлінді. Погон мен киім Кеңес одағы армиясынікіне ұқсатылды. Погонды көк, қызыл, ақ түспен жиектеу арқылы атты, жаяу, зеңбірекші әскерлерді парықтайтын болды»(«Шынжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер» Шынжаң халық баспасы. Үрімжі. 1995ж, 72 бет). Дереу қолға алынған бұл шаралар Шығыс Түркістан Республикасын бекемдеуді мақсат етсе де, әскери жетекшілері жағынан негізгі басшылықтың басқару ықпалын тізгіндеуді де көздеді.

5 қаңтарда Шығыс Түр­кістан Республикасы үкіме­тінің төртінші мәжілісі Кеңес консулының көмегінде әзір­ленген үкімет жарнамасын ма­құлдады. Ол жиыны тоғыз тармақ болып, бірінші, екінші тармағында былай делінді:

«Шығыс Түркістан територия жақтан Қытайдың дәстүрлі дара билігінен түбегейлі қол үзеді.

Шығыс Түркістан жеріндегі әр ұлт халқы терезесі тең болу негізінде нағыз бостандық алған дербес мемлекет құрады».

Бұл жарнамада гоминдаң­ның кертартпа үстемдігіне қар­сы тұру, Кеңес одағын жақын тарту сынды мазмұндар болғанымен, негізгі жақтан дербестенуді, тәуелсіз ел болуды дәріптеп, Шығыс Түркістанды Қытайдан бөліп алу идеясын ашық көтерген еді. Содан кейінгі жарияланған билік жүргізу программасында “қытайлардың түрлі жәбірлеу саясаттарының тамырына балта шабу” бас тармақ етілді. Әлихан төре бастаған діни жоғары жік өкілдері Шығыс Түркістанның азаттығын қуаттаған, қытайларға қарсы тұрып, «Шынжаң Қытай елінің айырылмас бір бөлшегі» дегенді сандырақ деп санап, «Шығыс Түркістан біздің отанымыз» деген ұрандар таратты. Міне осыдан кейін, қытайларға қарсы тұрып, мұсылманшылық пен түрікшілдікті дәріптейтін оқиға үнемі туылып тұрды.

Кеңес одағының Шығыс Түркістан Республикасы үкіметін қолдауы және армия кіргізіп, Шынжаң тәуелсіздігіне ұмтылуы Жияң Жешіні ырықсыз күйге түсірді. «1944 жылы 15 қаращада Әлихан төре басшылығындағы ұйғыр ұлтынан шыққан Әкімбек Қожа орынбасарлығындағы Шығыс Түркістан Республикасы құрылғандығын жариялап, бұл Республика Жұңхуа Мингодан бөлініп шықты. Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі қозғалысының қосындарын монтизим армиясы етіп өзгертті. Қытайдың «Шынжаң өлкесі» деген атты күшінен қалдырды. Бағдарламасы мен басқада заңдық құжаттарын жария етті. 1945 жылы қыркүйекте Жияң Жеші мәлімдеме жаиялап, Шығыс Түркістан Республикасы үкіметін мойындады. Әрі Шынжаңға жерлік басқару құқын берді. (Юри Михайлович Галинович. «Екі генарал – Сталин және Жияң Жеші» Шынжаң халық баспасы, 2002ж, Үрімжі. 232 бет).

Үкімет жарнамасында үкімет дәріптейтін және атқаруға жігерлендіретін Ислам діні мазмұндары ашық көрсетілді. Үкімет бастығы Әлихан төре діни әулеттен шыққан, орта шығыс пен орта Азиядан оқып келген, Іледегі Байду мұсылмандар мешітінде тұратын діни кәсіптік қызметкер еді. “уақыттық үкімет” белгілі көлемде Ислам діні қағидасын қолдады. Мысалы, жоғарыдан төменге дейін әр дәрежелі діни сот құрылды. Азаматтық істерді солар бір жақтылы етті. Адамдардың туу, өлу, некелену, ажырасу істерін дін тараулары басқарды. Діни алман-салық “Зікір”, “Ошыр” қалпына келтірілді. Ислам діні қағидаларына сай банктер жеке адамдар салымына өсім бермейтін, қарызға өсім сұрамайтын болды. Діни үгіт ұйымдары құрылды. Жаңа мемлекеттің жалпы құрлымы дінни түс ала бастады.

1933 жылы қарашада құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасын ХХ ға­сыр­дың бас шенінен бергі шетелдегі исламшылдық және түрікшілдік идеясының сіңуі мен таралуының тікелей нәтижесі деуге болатын еді. Ал 1944 жылы құрылған Шығыс Түркістан Республикасы идея­лық жақта исламшылдық және түрікшілдікті дәріптеуден тыс, Кеңес одағы онда маңызды рөл атқарды. Бірақ Кеңес одағы араға он жыл салған екі қозғалысқа екі түрлі көзбен қарады. Алдынғысына жаулық пиғыл танытып, оған қарсы тұрушы Шың Сысайға барынша көмек көрсеткен еді. Сөйтіп оның құрып-жоғалуына белгілі дәрежеде ықпал еткен. Бұл жолы Шығыс Түркістен Республикасы Кеңес одағының тікелей араласуымен бой көтерді. Қай қозғалыста болмасын кеңестіктер ел мен жердің тағдырына бас қатырудан көрі өз мүддесі үшін ондағы ұсақ ұлттарды ойыншық ете білді.

Ал шындығында соңғысы өзіндік ерекшелік алды. Бәрінен бұрын уақыты ұзақ болды. Ол бір жыл сегіз ай өмір сүрді яғни 1946 жылдың маусымның 27 жаңасындағы үш аймақ үкіметі комитеті № 324 қаулы шығарып, Шығыс Түркістан Республикасы Шынжаң өлкелік Іле аймақтық парламентке өзгертілгенге дейін сақталды. Шын мәнінде Кеңес одағына АҚШ сияқты жингерлікке қарсы тұру одағынындағы елдердің сыртқы қысымы болмағанда немесе Моңғолия мен Шынжаң тағдыры айыр­басқа түспегенде, Шығыс Түркістан Республикасының тағдыры әлде қалай болар еді!? Мүмкін кеңестіктер Шығыс Түркістанды жалғасты қолдап-қуаттағанда оның дербес ел болуы да ғажап емес еді. Бұл трагедияның бір жағында жапония мен герменияның жеңілісі жатты. Мүмкін олар жеңілмегенде не болар еді?!

Алдынғы Шығыс Түркістан Ислам Республикасы үш ай ғана өмір сүрді. Соңғы қоз­ғалыстың көлемі кең етек алып, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарынан тыс тұтас Шын­жаң көлемін шарпыды. Ал алдынғы қозғалыс тек Қашқар өңірін негіз етіп, оң­түстік Шынжаңмен ғана шек­телді. Шығыс Түркістан Рес­публикасының үшінші ерек­шелігі әскери күш қуаты керемет болып, өзіне тән тұрақты армия құрғандығында еді.

 

(Жалғасы бар)

 

Жәди ШӘКЕН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз