Сыртымыз емес, ішіміз сұлу болса екен...

d182d0b0d182d183d0b8d180d0bed0b2d0bad0b04           

Бүгінде жастар арасында денеге сурет салу және дене мүшелеріне сырға тағу сәнге айналып барады. Әсіресе көктем, жаз мезгілдерінде кейбір қыз-жігіттер таңба түскен тәнін көрсету үшін жеңіл киініп жүрсе, енді базбірі құлағы, мұрны кіндігі қала берді тіліне дейін сырға тағып, сылаң қағып жүргені.

Бұл әдістердің қай-қайсысының болмасын ертеңгі күні тарттырар азабы туралы ойланбайтындықтан жастар бұл қадамға қорықпай-ақ бара береді.

Өкініштісі – осы бір жасанды жолмен сұлу болып көрінгісі келетіндер қатарының күн санап көбейіп келе жатқандығы.

Осы тұста татуировканың тарихына бір сәт үңіліп көрер болсақ, ол осыдан 6000 жыл бұрын пайда болыпты. Атақты капитан Куконың Таити еліне жасаған саяхатына орай дененің терісін тесіп жасалған сурет белгі «татуировка» аталған көрінеді. Капитан сол елге сапары барысында денесіне таңба түсірген адамдарды алғаш рет көзі шалып, оған өзі ат қойған деседі.

«Та-tu» - Таити тілінде «жара» немесе «денедегі белгі» деген мағынаны береді.

Татуаж – теріні инемен тесу арқылы әртүрлі бояулармен салынатын сурет. Персинг болатын болса, дене мүшелерін тесіп сырға тағу болып табылады. Ертеректе Ежелгі Египетте фараонның нөкерлері мен абыздары дәрежелерін кіндіктерін әсемдеу арқылы көрсетіпті. Бұрындары персингтің ең танымал түрі құлақ тесу болған болса, қазіргі жастарымыз кіндікті, мұрынды тесіп сырға тағуды ерсі көрмейді. Қайта олар өздерінің осындай оспадарсыз қылықтарымен жұртшылықтың назарын өздеріне аударғанды жөн санайды. Бұл тәсілдердің қай-қайсысының болмасын, адам саулығына тигізер залалы шаш-етектен.

Татуировка мен персингтің  басты байлығымыз - денсаулығымызға тигізер зияны турасында дәрігер мамандар аз айтып келе жатқан жоқ. Дәрігерлердің айтуы бойынша аталмыш екі әдіс те ең әуелі жұқпалы ауруларды таратуға себепші болады екен.

Сондай-ақ, татуаж салдырғандар тері рагына шалдығуы да мүмкін. Ал, сурет салдыру барысында пайдаланған бояулар қанмен араласып кетсе, адам қатерлі дертке шалдығып, оның өміріне қауіп төнеді. Қасына сырға таққандардың да тартар азабы аз емес. Олардың жүйке клеткалары зақымданып, бетінің бұлшық еттеріне дейін зардап шегеді екен.  Құлаққа тағылған сырғалар болса, есту мүмкіндігін азайтады.

Аталған әдістер жиырмадан астам аурудың таралуына тікелей себепші болатындығынан-ақ бұл әрекеттердің адам өміріне қаншалықты қауіп туғызатынын аңғару қиын емес.  Сонымен қатар, мамандар сурет салуда қолданылатын бояулар құрамында денатурат (спирт түрі), метил спирті, этиленгликоль, альдегидтер сияқты улағыш заттар болатындықтан, өз кезегінде олар да адам саулығына кері әсерін тигізбей қоймайтындыған айтады. Кейбір жағдайларда сурет салынған денеде аллергия пайда болуы да мүмкін. Денеге салынған суреттің көлемі қаншалықты үлкен болса, оның тарттырар азабы да соншалықты көп.   

Ислам дінінде денеге сурет салуға және дене мүшелерін орынсыз тесіп, сырға тағуға тыйым салынған. Алла тағала Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» дейді. Алладан басқа тәңір жоқ болғандықтан, адамның сұлулықты қолдан жасап алуының өзі жаратушы иемізге қарсы жасалған әрекет болып табылады.

Сонымен қатар, Құран Кәрімде: «Мүміндерге айт: бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын...», - делінген. Ал, аталмыш сән орталық­тарына барып, өзге ер азаматтың алдында тәнін көрсетіп, жартылай жалаңаштанып отыру – күнәнің үлкені. 

Бүгінгі күні интернетте татуировка мен персингті насихаттайтын сайттардың да жастардың осы әдісті қолдануына жол ашып беріп жат­қандығын айтпай кетуге болмас. Сондай-ақ телеарналар да сән ор­талықтарын жарнамалап, сұлу сөз­дерімен жұртшылықты осы тәсілді қолдануғ шақырады. Бұл аз десеңіз, осы дерттен қалай арыламыз деп жүргенде базбіреулердің денеге сурет салудан байқау өткізгендеріне не дерсің? Мұндай жолдар арқылы біз жастардың татуировка мен персингті қолдануына қызығушылығын одан әрі арттыра түсетін сияқтымыз.

Мақұл, байқауды еріккендер ермек үшін өткізді делік. Ал, көзі ашық, көкірегі ояу телеарна қызметкерлеріне не жорық? Осындай байқау өтті деп жарияға жар салатындай. Қайта аталмыш тәсілдердің кері тұстарын неге ашып көрсетпейді? Неге жастарды дұрыс жолмен жүруге шақырмайды?  Бұл жағы түсініксіз...

Ертеректе татуировканы елдің құзырлы орындары қылмыскерді масқаралау белгісі ретінде де пайдаланыпты. Тағы да айта кетерлік жәйт – сонау ықылым заманнан-ақ денеге сурет салдыру жат қылық болып табылады. Біздің ата-бабаларымыз мұндай таңбаларды тек ғана қорадағы қойына ғана қолданыпты.

Малға ғана қолданған таңбаны өзімізге жапсырып алатындай не басымызға күн туды соншама? Адам деген атты иемденіп жүріп, мұндай әрекетті жасау біздің адамдығымызға сын екені даусыз.

Тағы да Құран Кәрімде: «Сөз жоқ, сенің пенделеріңнің мәлім бөлігін иегеремін, - дейді шайтан. Сөйтіп оларды аздырамын, құрғақ қиял қудырамын...Құдай жаратқан нәрселерді міндетті түрде өзгертіңдер деп әмір етемін» делінген. Иә, өз-өзіне қастығы бардай, өзінің денсаулығына осылайша балта шауып жүрген жастарымызды шайтанның азғырғаны сөзсіз. Ендеше мейірімді Аллаһ тек жастарымыздың жүрегіне иман нұрын ұялатқай, деп тілейік! 

Олай болса, адам деген атқа кір келтірмеу үшін сыртқы пішініміздің сұлулығына емес, ішкі жан дүниеміздің сұлулығына жете мән бергеніміз жөн шығар. Сіз, қалай ойлайсыз ағайын?

Гүлмира САДЫҚОВА