
Естеріңізде болса, Қарағанды қаласында
Тәуелсіздік күні мерекесінің өз деңгейінде атап өтілмегенін жазған болатынбыз. 16 желтоқсан күні ешқандай мерекелік іс-шара өткізілмесе, 17 желтоқсан күні мұнда шырша шамын жағып, облыс әкімі халықты мерекемен құттықтады.
NUR.KZ оқырмандарының жазуынша, Петропавл қаласында да Тәуелсіздік күні өз деңгейінде тойланбаған.

Ал Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин шырша жағу рәсімі кезінде ғана халықты Тәуелсіздік күнімен және жаңа жылмен құттықтады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса, ерекше еңбегімен көзге түскен азаматтарды Тәуелсіздік күніне арналған төсбелгілермен марапаттап, кейін еврей халқының ұлттық мерекесін тойлауға қатысты.
Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесі мен БҚО-дағы еврей мәдени-ағарту орталығының 25 жылдығы тұспа-тұс келген. Ханука мерекесін атап өтуге арнайы келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орталықтың ақсақалы Абрам Ягнинскиймен бірге қасиетті алауды жақты.