Ресейде рубльдің құлдырауы себебінен автомобиль тапшылығы басталды

Ресейде рубльдің құлдырауы себебінен автомобиль тапшылығы басталды

Ресейде рубльдің құлдырауы себебінен автомобиль тапшылығы басталды, деп хабарлайды ресейлік БАҚ-тар. 

"Автомобиль нарығы қайғылы уақытты бастан кешіріп отыр. Валюталық нарықтардағы жоғары құбылмалылық салдарынан бірқатар өндірушілер дилерлерге автомобиль жөнелтуді тоқтатып қойған, өз кезегінде, олардың кейбіреулері сатылымды доғарған. Солай бола тұрса да, нарық қатысушыларын бұл проблемалар ендігі шошыта қоймайды – бәрібір де көліктер сатылымда қалмады деуге болмады", - деп атап көрсетілген бейсенбі күні жарияланған РБК ақпарында. Жариялымда көрсетілгендей, дилерлерге автомобиль жөнелтуді үш бренд тоқтатқан. General Motors (GM) – Opel, Chevrolet және Cadillac – сейсенбіден бастап дилерлерге автомобиль жөнелтімін тоқтатып қойған. Audi де солай жасаған. Нарықтағы жағдайды мұқият бақылауда ұстайтындарын атап өтіп, қос компания да көліктерді жөнелтуді қалпына келтірудің нақты даталарын атамай отыр. Көлік жөнелтімдерін тоқтату ресейлік автонарықтағы онсыз да мәз емес жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Мемлекеттік кәдеге жарату бағдарламасы, рубль девальвациясы мен келесі жылдың басында автомобильге деген бағалардың тез өсімін тұтынушылардың дәмелене күтуі – осы үш фактор көліктерге деген дүрлікпе сұранымды туғызды.

Қосымша сұранысты Кеден одағы мен жақын шет елдерінен келген сатып алушылар қосуда: бағамдық айырмашылықтардың салдарынан автомобильді Ресейден сатып алу тиімдірек болды.

Нәтижесінде, қарашаның соңында-ақ дилерлер қоймалық тапшылыққа ұшырай бастады, ал кейбір модельдер тіпті сатылымнан жоғалып кетті. Дилерлердің ақпары бойынша, қазір, мәселен, іс жүзінде Hyundai Solaris-ті сатып алу мүмкін емес. Бұл модель қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша ресейлік нарықтағы ең көп сатылатын модельдердің топ-25-тігінде Lada Granta-дан кейін екінші сатыда тұрған (2,2 млн-нан 105 мың дана), Еуропалық бизнес қауымдастығының (ЕБҚ) статистикасына сәйкес. KIA-ның үш моделі сатылып біткен – Rio (3-орын), Sportage (19), Сee'd (21). Audi дилерлері қазір A3 пен А4-ті сатып алу мүмкін еместігін айтуда, Lexus-тен – NX моделін. Toyota Camry (топ-25-тікте 17-орын) мен Rav 4-ті (13) тек келесі жылы ғана сатып алуға болады, деп сендіруде дилерлер, Jeep Grand Cherokee, Volkswagen Tiguan, Nissan Qashqai (18-орын), Mazda CX-5, Škoda Octavia-ның басында да сондай жағдай.

Көлік өндірушілердің өкілдері аталған маркалар бойынша тапшылықтың барын растағанымен, олардың сатылымда мүлдем жоқ екенін айтып сендіріп жатпады: көліктер қандай да бір өңірлік дилерлерде қалып қоюы мүмкін.

Қазір сатылымда жоқ модельдер импортерге байланысты 2015 жылдың қаңтар-наурызында жеткізілетін болады. Drom.ru порталының ақпарынша, күз бойы сұранысты Сібірде қазақстандықтар, ал Мәскеуде белорустар айдамалап жатыр. Алғашқылар ендігі іс жүзінде Новосибирскі мен Омбы, сондай-ақ іргелес қалалардың нарықтарын толығымен "жым-жылас" етті. Күздің басында-ақ қазақстандықтар ресми дилерлерден жаңа автомобильдер сатып алуды бастаған. Қазір, салондарды тып-типыл қылған соң, олар ұсталған автоларға көшіп, өңірдің ішін кезіп кеткен. Төмен рубль фонында, Белоруссия мен Қазақстан тұрғындарына Ресейден көлік сатып алып және автомобиль моделі мен оның жағдайына қарай $2000-нан $6000-ға дейін үнемдеп қалу тиімдірек: авто неғұрлым қымбат болған сайын, үнемдеу соғұрлым көбірек. Қазақстандықтар Новосибирскі мен Омбыдағы үсталған автомобильдерге, сондай-ақ Мәскеудегі жаңа автоларға мұқият көз тігіп отыр. "Қазақстандықтар сатып алды және барлығын қатар сатып алуда, жай ғана сыпырып алуда. Ешқандай көлік қалмады. Боқтық бірдеңе ғана қалды. Жылдар бойы нарықта тұрғанның барлығын, ешкімге қажетсіз 500-600 мың рубльдік сегментті жай ғана жұлып әкетті. Қазақтардағы ең танымал авто – 2011 жылдан үлкен емес және міндетті түрде Еуро-4. Барлығы сонау доллардың 50 рубльден асып жығылған сәттен басталған еді", - деп атап өтілген жариялымда. Drom.ru мәліметі бойынша, қазақстандық дилерлер ресейлік өкілдіктерге қағыс қалған пайда туралы айтып шағымданған деген ақпарат бар. Соңғылары Ресей бойынша орналасқан өз дилерлік желілеріне қазақстандықтарға көлік сатпау өтінішін таратқан. Новосибирскі мен Омбыда расында да дилердің Қазақстан тұрғынына авто сатудан бас тартқан жайттар кездескені анықталды. Бірақ сол сәтте-ақ оған "біз сізді бір адамдармен байланысқа шығарамыз, олар сіздің проблеманы соманың 2%-ына шешіп береді" деген қызмет ұсынылады.

Источник: КазТАГ