Бұдан өзекті мәселе БАР МА?

d0b0d0bdd0b0-d0bcd0b5d0bd-d0b1d0b0d0bbd0b0                

Қоғамымызда ана мен баланың орны ерекше екеніне ешкім дау туғызбасы анық. Халық санының өсуі де аналарға тікелей байланысты екенін білгілі. Ал, халық санының көптігі біраз түйткілді мәселенің түйінін тарқатата алады. Еліміздегі белді саясаткерлер, демогроф ғалымдардың өзі Қытай сияқты аждаһа мемлекетпен қарым-қатынаста өте сақ болу қажеттігін ескертеді. Өйткені біз сияқты санаулы ғана халқы бар мемлекетті жұтып қоя салу Қытай үшін түк те емес. (Құдай бетін әрі қылсын, әрине)

Халық санының өсуі табиғи өсіммен тікелей байланысты дейтін болсақ, ең бірінші мемлекетімізде ана мен балаға жағдай жасау қажет.     

Я, осы сөйлем қанша қайталап айтылса да, ана мен бала өлімі азаймай отыр. 

Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев: «Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты түрде жоғары болып отыр. Ана өліміне жасалған талдаулар қорытыныдысы 64,2 пайыз оқиғада өлімнің алдын алуға мүмкіндік болғандығын, ал 2,8 пайызында еш мүмкіндік болмағанын көрсетіп берді», - деген болатын.

Бұл өзекті мәселе Елбасының Қазақстан халқына тұрақты түрде жолдайтын Жолдауында да назардан тыс қалмайды. Әйтсе де, «ана мен бала өлімінің саны өткен жылмен салыстырғанда мынанша пайызға кеміді» деген сөзді әлі күнге дейін ести алмай келе жатқанымыз жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін көрсетпей ме?

Әрине, бұл тұрғыда бар мәселені мемлекет тарапынан жасалатын жағдайға әкеп тіреуге де болмайды.

Әркімнің денсаулығы өз қолында дейтін болсақ, онда ең бірінші ананың өзі өз денсаулығына жауаптылықпен қарағаны жөн.

 

Кемтар балалар неге көбеюде?

 

  Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу - әрбір ананың басты парызы. Дегенмен, елімізде бір жыл ішінде орта есеппен 6-8 мыңдай шарана генетикалық ауытқулармен дүние есігін ашады екен. Олардың 30 пайызы жасына жетпей шетінеп кетсе, аман қалғандарының өзі ақыл-ойы дене тұрпаты жағынан толық жетілмей, мүгедек атануға мәжбүр болады. Ата-ана үшін бауыр еті баласының ауыр күй кешуінен артық қасірет те жоқ.

Гинеколог мамандар нәресте­нің мұндай мүшкіл халіне анасының өз денсаулығына салғырт қарауы себеп болатындығын айтады.

Өзінің ұрпақ тәрбиелейтін болашақ ана екендігін ескере бермейтін қыз-келіншектердің көпшілігі өз ағзасын алкоголь, шылым, есірткі сияқты зиянды заттармен улайды. Жасаған бұл ісі үшін олар өкінбейді де. Өйткені олар болашағының бұлыңғыр болатынын білмейді. Біле тұра жасайтындары да бар бұл істі.

Сылаң қаққан бойжеткендердің барлығы болмаса да, біразы жылдың қай мезгілі екеніне қарамастан жеңіл киінгенді жөн санайды. Мұның ақыры түрлі ауру-сырқауларға шалдығуға негіз болады. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау да белгілі бір дәрежеде денсаулыққа өз залалын тигізетіндігі тағы бар.

Яғни осындай әлсіз және вирусты инфекцияларға шалдыққан ағзада кемтар ұрпақ дамиды. Дүниеге келгенге дейін түрлі даму сатыларынан өткенмен ол толыққанды пісіп жетілмейді. Осылайша сәби құрсақтан кем-кетік, қисық-қыңыр болып туылады.

«Денсаулық – басты байлық» деп жиі айтамыз. Бірақ, шынтуайтына келгенде көпшілігіміз денсаулыққа жеткілікті дәрежеде мән бере бермейміз. Кейін сан соғып жататынымыз да осыдан.

Осы салғырттықтан арылатын кез жеткен сияқты.

Әсіресе ана атанатын арула­ры­мыздың әрбірі гинеколог маман­дар­дың кеңесіне жиі жүгінулері қажет. 

Мамандар болса, бойжеткендер тұрмақ, тұрмыс құрған әйелдердің өзі ауруларына аса мән бермей, жүре беретіндігін айтады. Керек десеңіз, кейбір қыз-келіншектер «суықтап қалғанмын» деп өз-өзіне диагноз қойып алып, «әлі-ақ түзеліп кетемін» деген жалған үміттің жетегіне еріп, ауруы қатты асқынғанда ғана дәрігерге келеді екен. Кез-келген қыз-келіншек осындай қателікті қайталамауы тиіс.

Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әйел баласының парызы екенін ескерсек, сол жауаптылықты дұрыс сезіне білуіміз қажет, әрбіріміздің. Ол үшін әрқайсысымыз қол қусырып қарап отырмай, зор байлығымыз – денсаулығымыз үшін күресе білуіміз қажет.

 

Жасанды түсік жарға жығуда...

 

Бүгінгі күні Қазақстанда әрбір он жүктіліктің үшеуі жасанды түсік жасатады екен. Әлем бойынша 80 миллион әйел жоспарланбаған жүктіліктің зардабын шегеді екен. Олардың төрттен бір бөлігі жасанды түсік жасатса, соның салдарынан 68 мыңы түрлі ауруға шалдығып, 20 мыңнан астамы бақилық болады.

Базбір бойжеткендеріміз жоспарсыз түрдегі жүктілікке бой алдыра қалса болғаны, бойына біткен шарананы алдыртуға тырысады. Бірақ олар түсік жасату арқылы жарық дүниені көру үшін жаралған сәбидің ғана емес, өзінің де тағдырына балта шауып тұрғанын қаперіне де ілмейді.

Қазіргі таңда жасанды түсік жасататындар саны күн санап көбеюде. Мәселен, 2007 жылы жасанды түсік жасатқандар 5,1 пайызды құраса, 2008 жылы 5,7 пайызға өскен.

Есесіне жасанды түсік жаса­тудың салдарынан қайтыс болған аналардың қатары да артып келеді.

Гинеколог мамандар болса, түсік жасатқаннан кейін әйел адам­ның денсаулығы қатты әлсірейтіндігін және оның жатырына едәуір зақым келетіндігін айтады. Ана мен баланың өлімінің азаймауына, әйел адамның ауруға шалдығуы, мерзімінен ерте немесе кеш босануы, бірінші жүктілікті үзуі жасанды түсік жасатуы себеп болса керек. 

Ең  өкініштісі – болашақ аналардың жүктіліктен құтылудың оңай жолы  түсік жасату деп білетіндігінде болып отыр. Осының салдарынан ойланбай шешім қабылдағандар ана атанудан қашқақтағанымен, ертең осы бақытқа жете алмай зар болатындығын білсе ғой, шіркін.

  «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп дана бабаларымыз айтқандай, әрбір әйел түсік жасатуға бел байламас бұрын, өз болашағын бір сәт ойласа жөн болар еді.

 

Аналар, ардақтылар,

аяулылар...

 

Ана деген қашан да ардақты есім. Сонау ықылым заманнан-ақ аяулы аналар үлкен құрметке ие. Қазақ халқы қыз баланы да болашақ ұрпақ өрбітер ана деп төріне шығарып, бетінен қақпай өсірген. Сондықтан да бәріміз қазақтың қызы деген ғажап атқа кір келтірмеуіміз қажет.

Ана қашан да ардақты, қашан да аяулы.

«Ананың бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететіндігі» де осыдан.  Әйел-аналардың дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп ғана қоймай, қоғамымыздың саяси, экономикалық өмірінде де белсенділік танытып келе жатқан­дары да жетерлік.

Тұрмыс пен жұмысты ұштастырып, екеуін де ұршықтай иіріп жүрген аналарымыздың іскерлігі кім-кімге болмасын үлгі-өнеге. 

Сондықтан да, қазақтың әрбір қыз-келіншегі өздеріне артылған жауапкершілік пен сенімді сезіне отырып, ана болу бақытына қол жеткізіп, ұрпақ тәрбиелеу жолында еселі еңбек ете түссе екен.

 

Г.САДЫҚ