БАТЫСТА «АЛАШТЫ» қайта тірілтпекпіз!

d0bed180d0b0d0bb-d29bd0b0d0bbd0b0d181d18b

«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі тіркелді

Ресейдің бес облысымен шекаралас болу себепті ме, әйтеуір Ақжайық өңірінде ұлт мәселесіне қатысты түйіні шешілмеген проблемалар көп. Оның бастысы - мемлекеттік тілдің және ұлттық ономастикалық саясаттың қоғам арасында кең қолдау таба алмауы. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар, облыстық және қалалық тіл басқармасы және халықаралық қазақ тілі қоғамы, қала әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссия  тілді дамыту және көше атауларын өзгерту жөнінде көп іс-шаралар атқаруда. Тек оларға жергілікті халық және қоғам тарапынан үлкен қолдау жетіспей отыр. Ономастикалық және тіл мәселесі солардың ғана жұмысы деп қол қусырып отыру мүлде қате. Бұл ұлы іске әрқайсымыз, яғни, заңды тұлғалар, мекемелер және бизнес өкілдері үлес қосуымыз қажет. Ұлт болашағын, тіл тағдырын ойлау  бойында қазақ қаны бар әр азаматтың ұлан-байтақ жерімізді мирас етіп қалдырған ата-баба мен ақ сүт берген аналарымыз алдындағы парызы және ел-жұрт алдындағы міндеті болу тиіс.

 

ҚР Президенті Нүрсұлтан Назарбаев ұлтаралық келісім мен татулықты сақтай отырып, елімізде мекендейтін өзге этнос өкілдерінің тарихы мен мәдениетін насихаттайтын ұлттық-мәдени орталықтар аштырып, салт-дәстүрлерінің дамуына жағдай жасап берді. Енді татулығы тұрақты үйде ырысымызды бірге еншілесіп, өзімізбен етене еңбек етіп, тағдырын қазақ халқымен біртұтас сезініп жүрген өзге ұлт өкілдері де қазақ халқының өткен өмір жолын, мәдениеті мен өнерін және мемлекеттік тілді білу қажет . Ол үшін, алдымен қазақ халқы өз қасиет-қадірін өзі біліп, намысын жоғары ұстап, өткен тарих тәжірибесін және аруағы мен айбарын, дәстүрі мен киелісін, жұрт назарын аударған аяулысын ажырата біліп, оларға құрметпен, ізгі ілтипатпен қарап, өзге жұртқа өзімізді өзгеге сыйлата білуіміз керек. Ұлтымыздың бақыты мен бақытсыздығының, сәттілігі мен сәтсіздігінің түбірін өзге жұрттан, сырт елден іздемей өз қазақи ортамыздан іздеуге тиіспіз. Ол-ұлттық сананың қалыптаспауы, ұлттық намыс пен рухтың оянбауы, өзгеге жалтақтық, іштарлық, ауызбірліктің және ілтипат пен бірін-бірі көтермелеудің жоқтығы, жікшілдік, еліктегіштік, өзгенің көрегендігін, біліктілігін, ұлылығын мойындамау немесе керісінше солардың болмашы тұлғасының алдында бас ұру, т.б. Бірақ, даурықпа оппозициялық партиялар секілді оның барлығын тысқары шығарып, елімізбен бен ұлтымызды жамандап топырақ шашудың қажеті шамалы. Өзіміздің жақсылығымызды асыра, жамандығымызды жасыра, ұлт пен ел мәселесін өзіміз шешпесек, сырттан келгеннің бізге жаны ашып, көсегемізді көгертіп бермейтіні анық. Сол себепті жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік мекемелерге, құзырлы орындарға ұлттық мақсат пен мүдде жолында қоғамдық қолдау көрсету үшін ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдар көбірек керек екені өмір талабы. Өйткені, ұлттық сананы ояту, қазақтың келешегіне көз жіберу, елдің тағдырын ойлау баршаға ортақ іс.

Ұлт болашағы мен тіл мәселесі бізді қатты алаңдата келе, Алаш ардақтыларынан бастау алатын идеяны жалғастыру, ұлттық сана мен рухты ояту және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге шынайы ие болуы үшін қоғамдық қолдау көрсету, рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттау мақсатында  «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі құрылды. 11 адамнан тұратын бірлестік кеңесінде көкірегі ояу азаматтар, білікті тарихшылар, жалынды жастар, ақыл-кеңес берер ақсақалдар мен білікті заңгерлер бар.  Әр түрлі кедергілерден өте, бес айдан кейін тіркелген «Батыс Алаш» ҚБ негізгі міндеті:

- ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту;

  -мемлекетті құрушы қазақ ұлтының ар-намысын, ұлт зиялыларының қадір-қасиетін 

  қорғау;

- мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарын іске асыруға қоғамдық қолдау көрсету;

- ұлттық рухани құндылықтарды, қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттау;

- ҚР ұлттық ономастикалық саясатын жүзеге асыруға қоғамдық қолдау  көрсету; - тарихи ескерткіштерді және ұлттық-мәдени мұраларды қорғауға атсалысу.

  Қасиетті де киелі – «Алаш» ұғымы мен қайраткерлердің атына кір келтірмеу мақсатында және арандатушылық пиғылдағы кейбір алып-қашпа сөздерден, әртүрлі ой-пікірден аулақ  болу үшін мынаған ерекше тоқталғым келеді. «Батыс Алаш» ҚБ оппозициялық саяси немесе діни ұйым емес. Яғни, ешқандай саясатпен айналыспайды, ешкімнің сойылын соқпайды. Билікке жету мақсатында халықты алдап, әртүрлі іс-әрекеттерге барып жүрген, бағдарламаларында ұлттық мүдде жоқ, кейбір олигархтардың сөзін сөйлейтін, орыс тілді болып келетін, еш ұлтымызға жандары ашымайтын, іріткі салуға бейім, билікті жөнсіз сынап, жамандағаннан басқа еш дұрыс жол көрсете алмайтын оппозициялық партияларға да ешқандай қатысы жоқ. Ұлттық мақсатта жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, БАҚ және бизнес өкілдерімен өркениетті түрде тығыз байланыс жасап, олардың ой-пікірлерін ескере отырып, олардан тәуелсіз, заң шеңберінде қызмет атқарады. Қазірдің өзінде  50-ден аса мүшесі бар, ұлттық мақсат пен мүддені ұстанған «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі  құрылтайын шақырып, онда бағдарлама мен ережені және ерекшелік белгісін (эмблема) бекітіп, төмендегі жұмыстарды жоспар бойынша бастап кетті.

Осы жылдың басында орыс тілді басылым «Уральская неделя» газетінде  мемлекетті құрушы - қазақ ұлтының намысын таптаған және асыл ұлдарымыз М.Ықсанов, С.Ақмурзин, Ә.Кердерінің аруақтарын қорлай қадір-қасиетін түсірген жалған алты бірдей мақала жарық көрген-ді. Жарияланған негізсіз  мәліметтерді теріске шығара, қарсы мақаламызды «Орал апталығы» газетіне 2010 жылы 2 наурызда (тіркелу номері 10/810) берген болатынбыз. Дегенмен, олар ҚР «БАҚ» туралы Заңын өрескел бұза, біржақты көзқарасты ғана ұстап, басылымға пікірімізді шығармады. Енді  қазақ ұлтының ар-намысын, о дүниелік азаматтардың қадір-қасиетін заң арқылы қорғаймыз. «Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы мен мақала авторлары  барша қазақ халқынан ақпарат арқылы кешірім сұрауын талап етіп қалалық сотқа шағымдандық. Қасиетті де киелі білім шаңырағы - БҚМУ-нің бас ғимараты алдындағы,  №38 ЖОББМ қасындағы, оқу-тәрбие саласына бағыт-бағдар беріп отыратын облыстық білім басқармасының жанындағы еш тарихи құндылығы мен тәрбиелік мәні жоқ Миша Гавриловтың ескерткішін басқа жерге көшіріп, орнына есімі жоғары оқу орнына берілген, дауылпаз ақын, ержүрек батыр Махамбет Өтемісұлының ескерткішін қою үшін қала әкімдігіне қоғам атынан ұсыныс жасалып, халықтан қол жинау басталып кетті.

Тәуелсіздік алғанымызға 19 жыл болса да,  әлі күнге дейін өзгертуге қимай жүрген  Бөрлі ауданының әкімдігі мен мәслихат аппараты орналасқан Ақсай қаласының басты көшесі - Советская атауын өзгертіп, орнына 100 жылдық мерейтойы жақындаған аты аңызға айналған хас батыр, Халық Қаһарманы Б.Момышұлының есімін беру туралы Бөрлі ауданының әкімдігіне ұсыныс жіберілді. Қала көшесі мен мерекелерде орыс-казактарының әскери киім киіп және суық қару-қанжарды асынып тайраңдап жүруіне заң арқылы тыйым салу үшін сотқа жүгініп отырмыз. Қала дүңгіршектерінде (киоск) жас ұрпақ санасын улайтын эротикалық сипаттағы  басылымдарды ашық көрсетіп сатуға тыйым салу үшін құзырлы орындарға хат жолданды. Қаладағы жол тасымалдау көліктеріндегі кейбір бағытқа қатынайтын маршруттарда аялдамалар тек орыс тілінде ғана хабарланып, «Мемлекеттік тіл» туралы Заңның бұзылып отырғаны  және оны уақытында жөнге келтіру туралы тиісті орындарға қоғам атынан өтініш жіберілді.

    Осы ұйымды құруға түрткі болып, бастама көтерген азаматтар бірлестік құрылғанға дейінде, көптеген ұлттық мәселеге араласып келген-ді. Оның көлемдісі 2009 жылдың маусым айында БҚО, Ақсай қаласында алпауыт бай, ағылшын азаматы  Роджер Фокс есіміне көше берілгенде ұлттық мүддемізге қайшы шешімге тосқауыл болып, бұрынғы көше атауын қайта алуына елеулі еңбек еткен болатын. Енді қатарында интеллектілік қарым-қабілеті мен білімі жоғары, әр түрлі қызмет сатыларынан өткен  ұлттық рухы биік азаматтар мен зиялылардың басын біріктірген «Батыс Алаш» қоғамдық ұйымының  алда тындырар іс-шаралары көп. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» демекші,  ұлт мүддесі бағытындағы жұмыста материалдық жағынан қолымыз қысқа болып отырғаны (ақылдасып отыратын орын - кеңсеміздің, техникалық жабдықтардың, қаражаттың болмауы) қиынға соғып отыр. Ұлт болашағы мен тіл тағдырын ойлайтын ұлтжанды ағайындар, бизнес өкілдері мен заңды тұлғалар (ұлттық компаниялар мен қорлар, фирмалар және холдингтер мен акционерлік қоғамдар т.т), еліміздегі банктер мен Парламент депутаттары,  елі үшін елжіреген көзі ашық бауырлар ұлт мүдесін көздеген «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің аяғынан тұрып кетуі үшін материалдық-қаржылық көмек көрсетеді, демеушілік жасайды деп сенеміз.

Банктің есеп шоты:

АО «АТФ Банк»

БИК: ALMNKZKA

ОО «Батыс Алаш»

РНН: 271800036734

Есеп шот №KZ 6826LOKZTD2001270

 

«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы  Қатауов Талғат Тұрсынғалиұлы

Орал қаласы

Байланыс телефондары:

Тел./факс: 8 (7112) 50-52-82

8 701 180 21 05

8 705 800 60 85

E-mail: batys_alash@mail.ru