Миллиардер Усманов жайлы біз білмейтін бес дерек

Ресей миллиардері Әлішер Усманов америкалық ғалымның Нобель сыйлығы медалін бірнеше миллион долларға сатып алып, артынша оны қайтарып берді. Усмановтың біз білмейтін қырлары көп.

Әлішер Усманов.
Әлішер Усманов.
Танымал магнат Әлішер Усманов ДНҚ құрылымын зерттегені үшін биология ғылымы бойынша Нобель сыйлығын алған 86 жастағы Джеймс Уотсонның алтын медалін сатып алып, артынша оны иесіне қайтарып бергенін айтты. Ресейде және шетелде ірі болат пен көмір өндіріс орындарына қожалық ететін, телекоммуникация саласындағы инвестор, Forbes журналының болжамы бойынша, байлығы 15,9 миллиард доллар болатын Усманов үшін аукционға шығарылған медальға төлеген 4 миллион 800 мың доллар – тиын-тебен іспетті. 61 жастағы Усмановтың ұлты – өзбек, туған жері – Ферғана аймағындағы Хуст деген шағын ауыл. Бұл күнде ол байлығы жөнінен Ресейде – бірінші, ал Ұлыбританияда – екінші орында тұр. Усманов негізінен Мәскеу маңындағы байлар қоныстанған Рублевка ауданында тұрады деседі. Бұған қоса, ол Лондон мен Сюррейдегі миллиондаған доллар тұратын екі үйіне де келіп-кетіп жүреді. Алғашқы бизнесін полиэтилен пакет жасаудан бастаған Усмановты басқа олигархтардан ерекшелендіріп тұратын қасиеттері бар. Forbes журналы «Ресейдің ең мықты адамы» деп атаған Әлішер Усмановтың ерекшеліктерін атап өтейік. Оның жас әйелі жоқ Усманов бала кезде ғашық болған қызына үйленген. Ұлты өзбек Әлішер өзінен бес жас үлкен, бір баласы бар ажырасқан еврей әйел Ирина Винерге үйленіп, Ташкенттегі туыстарын таңғалдырған.
Ресейдің Көркем гимнастика федерациясы президенті Ирина Винер.Ресейдің Көркем гимнастика федерациясы президенті Ирина Винер.
Олар Ташкенттегі спорт клубына барып жүрген жасөспірім кездерінде танысқан. Алайда тек 1992 жылы некеге отырған. Екеуінің балалары жоқ. Винер - өз саласы бойынша танымал адам. Ол - көркем гимнастикадан Өзбекстанның үш дүркін чемпионы. Қазір Ресейдің Көркем гимнастика федерациясын басқарады. Ресей билігіне жақын олигархтың әйелі Винердің де Кремльде жеке таныстары бар. Ол – президент Владимир Путиннің көңілдесі дейтін Алина Кабаеваның (көркем гимнастика) жаттықтырушысы болды. Винер 2012 жылы Ресейде өткен президент сайлауы кезінде Путин командасында болды. Ол – бұрынғы кәсіпқой спортшы Қазіргі дене бітімі спортшыға келе қоймас, бірақ Усманов бір кездері кәсіби спортшы ретінде семсерлесуден Өзбекстанның ұлттық құрамасында өнер көрсеткен. Халықаралық семсерлесушілер федерациясының басшысы ретінде бұл спорт түрінен ол әлі де қол үзген жоқ. Спорт саласында Усманов бизнес пен жанкүйерлікті қатар алып келеді. 2007 жылы ол Англияның «Арсенал» футбол клубының 14,5 пайыз акциясын сатып алды. 2011 жылы ондағы үлесін арттыра түскен Усманов қазір осы бір танымал клуб акцияларының үштен біріне иелік етеді. Әлеуметтік желілер мен электрондық коммерция инвесторы Усманов – Ресейдегі әлеуметтік желілерге және электрондық коммерцияға ең көп инвестиция салып жүрген кәсіпкер. Оның Mail.ru интернет тобының басты акционері екенін айтсақ та жеткілікті. Әу баста Facebook желісіне инвестиция салғандардың бірі де Әлішер Усманов болған, бірақ биыл ол Facebook-тегі үлесін түгел сатып жібергенін айтты.
Әлішер Усмановтың (сол жақта) Ресей президенті кезінде Дмитрий Медведевпен кездесуі. Мәскеу, 22 қараша 2011 жыл.Әлішер Усмановтың (сол жақта) Ресей президенті кезінде Дмитрий Медведевпен кездесуі. Мәскеу, 22 қараша 2011 жыл.
Ол бұдан бөлек, Қытайдың электрондық коммерция саласындағы алпауыты - Alibaba жобасына да инвестиция салған. Бірақ ондағы үлесі қанша екені айтылмайды. Мұның сыртында, Усманов Қытайдың Xiaomi арзан смартфон өндірісіне қаржы салып жатыр. Усмановтың айтуынша, «ол – болашақтағы технология алпауыты». Миллиардер Үндістандағы технология саласына да қаржы құюды ойластырып жүр. Оның айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан үнді нарығына көп назар салынбай келеді. Ол кейде саяси астары жоқ әрекеттер де жасайды Биолог ғалымның Нобель медалін сатып алуы Усмановтың алғашқы филантроптық әрекеті емес. Ол 2007 жылы Ресей музыканты Мстислав Ростроповичтің өнер коллекциясын 20 миллион долларға сатып алып, Санкт-Петербург маңындағы мемлекеттік Константиновский сарайына сыйға тартқан. Бұдан бірер апта өткен соң ол АҚШ-тағы бір компаниядан совет мультфильмдерінің жиынтығын 5 және 10 миллион долларға сатып алып, оны Ресейдің балалар телеарнасына сыйға тартқан. Осы жомарттығы үшін Кремль оған «Отанға қызметі үшін» орденін табыс етті. Оның мұрагері жоқ
Әлішер Усманов үйінде Reuters тілшілеріне сұхбат беріп отыр. Мәскеу, 24 қыркүйек 2012 жыл.Әлішер Усманов үйінде Reuters тілшілеріне сұхбат беріп отыр. Мәскеу, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Миллиардер Әлішер Усмановтың өз кіндігінен бала жоқ. Өзбек баспасөзі оның алпауыт бизнес империясы Ташкентте тұратын немере інісі Бабур Усмановқа мұраға қалуы мүмкін деген болжам жазған. Алайда 20 жас шамасындағы Бабур 2013 жылғы мамырда Ташкентте жол апатынан қаза тапты деген ақпарат бар. Усмановтың бұдан басқа бес немере іні-қарындастары және 1973 жылы Ташкентте туған Антон есімді (Винердің ұлы) өгей баласы бар. (Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей) Азаттық радиосы