Солтікен КӨКІШҰЛЫ: ЕР ЖІГІТТІҢ НАМЫСЫ ШАРШЫ АЛАҢДА СЫНАЛАДЫ

scan0002

Арыс майданының айтулы шебері, Қытай еліндегі талай мықтыны асау жамбасқа алған айтулы балуан, шаршы алаңдарда елі үшін маңдай терін төгіп, көк етін сөккен Солтікен Көкішұлы 1952 жылы ҚХР Алтай қаласы, Қыран өзені бойында өмір есігін ашқан. Балуандығының бақ жұлдызы 1973 жылдан жана бастаған Сөкең өзінің күш-қайратының арқасында ШҰАР балуандар командасына қабылданып, дүйім жұртқа таныла бастаған ол қазақ ұлтының балуаны ретінде Шың жаңның «Әйгілі адамдар кітабына» есімі енгізілген. Сондай-ақ Қытай мемлекеттік дене-тәрбие комитеті жағынан «Спорт саңлағы» деген құрметті атаққа ие болған. Өз күрес тарихында 16 рет аға жүлдегер болып «күрес патшасы» атанған құрыш білек, атан жілік жігіт ағасымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түскен еді.

Әңгімемізді әріден, яғни үлкен спортқа келу қадамыңыздан бастасақ...

– Әрбір өнер адамының аламан алаңға қадам басу барысы әр түрлі болады  ғой. Алғашқы күрес алаңына шығуым қызығы мен қиындығы арқылы жадымда қалыпты. 1976 жылы автономиялы райондық 2-кезекті балуандар жарысының Күйтүн қаласында өткізілетінінен алдын-ала хабар алып, қолда бар мүмкіндік пен уақытты ұтымды пайдаланып, балуандықтың қыр-сырына үңіліп, оған барынша ден қоя бастадым. Тоқтаусыз жаттығудың нәтижесінде Бұратоланың 139 кг салмақтағы мығым күш иесі Байынкүшік дейтін монғұл балуанын жалпақ жауырынымда ойнатып, астыға басқанда сүйінген халық орындарынан тұрып кеткен еді. Сол шақта көрермендер арасында отырған дәулескер күйші Дәулет Халықұлы тебіренісін тоқтата алмай, құшағын жая алаңға шығып маңдайымнан сүйгені әлі күнге дейін есімде. Осындай жетістіктен кейін, қазақ күресіне деген қызығушылығым болар, 2001жылы Қазақстанға үкімет жұмысымен сапарлап келдім. Отанға алғашқы сапарым тек елді көру, ағайын-туысқа сәлемдесу мақсатында ғана болса да, осы сапарымда Қазақстанның белгілі спорт жаттықтырушысы Аманжол Бұғыбай, Жақсылық Үшкепіров қатарлы спорт саңлақтарымен таныстым. Өзімнің сүйікті кәсібім спорт саласында Алланың бойға берген күш-қайратының демеуінде үлкен жетістіктрге жетіп 29 рет сыйланып, жеңіс тұғырынан көріндім. Еліміздің іші-сыртындағы үлкенді-кішілі сайыстарға қатыстым.

– Спортта жеткен жетістіктеріңіз жайлы тоқтала кетсеңіз.

– Мен алғашқы рет Шың жаң қазақтары арасында әлемдік додаларға қатысқан қазақ азаматтарының бірімін. 1978 жылы қазан айында Шаңхай қаласында өткізілген бүкіл мемлекеттік 100 кг салмақтан жоғарғылардың балуандар бәсекесінде 1 дәрежелі, сондай-ақ Қытай елінің балуандары халықаралық жарысқа жолдама алу бәсекесінде Иран, Үндістан, Пәкістан балуандарымен белдесіп 4 жәрежелі, 1981 жылы Иранда өткізілген «Такти» атты 82 мемлекеттің дүние жүзілік 100 кг салмағына күресіп Кубаның төрт дүркін әлем чемпионы болған көк өгіз балуанның жауырынын жер иіскетіп, «күрес патшасы» атанған едім. 1987 жылы Үндістанда өткен әлем додасында көрнекті нәтижелерді қолға келтірдік.1990 жылы 97кг салмақпен Хыби өлкесінің халқы хан көтерген 120 кг салмақтағы Бәйланчи есімді балуанмен халықараша күреске түсіп, 2 дәрежелі күміс медальмен марапатталдым. Сонымен қатар, Моңғолияның 130 кг салмақтағы аю балуанын да алып-ұрып Шың жаң халқының ыстық ықыласына бөлендім. Жалпы спорт тарихымда 5 рет бірінші дәрежені, үш рет екінші дәрежені жеңіп алдым. Зейнеткерлікке шыққан 2008 жылдан бері күреске бейімі бар сом денелі азаматтар өздері арнайы келіп, күрестегі айла-тәсілдерді игергенінің арқасында әр дәрежелі, өлкелік спорт бәсекелерінде бақтарын сынады. Осы барыста олар ел сенімін ақтап, көңіл қуантатын үздік нәтижелерге қол жеткізді. Намысты қолдан бермейтін білікті де қайратты азаматтардың қатары молая берсе екен деген ізгі тілегім бар. Адам баласын тек өнері ғана, өнер болғанда оның нақты нәтижесі ғана халықтың сый-құрметіне бөлей алады ғой. Әр мемлекеттегі арыс алаңының сын сағаттарында лүпілдеген милиард жүректің ақ тілегін арқалап, намыс туын биіктен желбірету басты ұстанымым болып қала бермек.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

Әрине, шәкіртсіз ұстаз тұл дейді ғой, Қытайда аймақтық, өлкелік сайыстарға белсене қатысып жұрт сенімін ақтаған балуандық өнерге құныға бас қойған Талапбек, Тынысбек қатарлы шакірттерімді айтар едім. Олар ешқашан жапалы жаттығудан жалыққан емес. 95 килограмдық ауыр салмақта қарсыласын алып ұрып, жұрт арасында аты аңызға айналған шәкірттерімнің саны қазірге дейін 70-тен асты. Олардың кейбірі спорт саласында ұстаздық етіп үлгерсе, ал енді біреулері спорттық орталықтар ашып, ел игілігі үшін шын ықыласымен қызмет етуде. Мендегі бір өкініш - қазақ елінде шәкірт тәрбиелей алмағаным. Құдай қаласа, алдағы уақыттарда атажұрттағы қазақ жастарын еркін күрес түріне тәрбиелесем деген мақсатым да жоқ емес.

– Сіз Қытай топырағында туылып сол елдің намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген азаматсыз, отандық күрес пен аспан асты елінің күрес өнерін салыстырар болсаңыз, бізде қандай жетістіктер мен кемшіл тұстар бар деп ойлайсыз?

– Қазір Қытай еліндегі спорт саласының дамуы көңіл қуантарлық. Өйткені спорттың қай түрі болмасын әлемдік додаларда аспан асты елінің спортшылары биік мінберлерден көрініп жүр. Әрине, соңғы жылдары Қытай топырағында туған қазақ азаматтары да, дүниежүзілік жарыстарда жиі бой көрсете бастады. Сөзімізге дәлел ретінде Қанат Слам бауырымды айтар едім. Ол тек Қытай елінің мақтанышы ғана емес, күллі қазақ баласының мақтан тұтар азаматына айналды. 2008 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында қазақ елінің көк туын желбіретіп, ән ұранын асқақтатқан Әсет Мәмбетов, Бақыт Сәрсекбаев, Илья Илин, сынды үздік спорт жеңімпаздарының ізін басар қара көз қандастарымыздың кейінгі толқыннан көптеп табы­латындығына кәміл сенемін. Дегенмен Қажымұқан атамыздан соң ауыр салмақтағы күрестерде әлемдік жүлдерлерді қанжығасына байлап қайтар қазақ балуаны әліге шықпай келе жатқаны көңілге қаяу салады.

– Қытай елінделі қазақтардың бүгінгі тұрмыс-күйі, тіршілік тынысы жайында не дер едіңіз?

Әлем халықтары көз тігіп отырған алпауыт мемлекетте өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жалпы әлеуметтік жағдайы жаман емес.Соңғы жылдары әсіресе аз санды ұлттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың  аясында қазақтардың тұрмыс деңгейі жақсарып, тіршілік тынысы кеңейді. Ең өкініштісі сол – 2008 жылдан бастап ауыл-қыстақтардағы қазақ мектептері түгелімен жабылып қалды. Ал, аудан-қалалардағы қазақ білім мекемелеріндегі оқулықтар жаппай ханзу тілінде жарық көреді. Мұның бәрі «Қос тілді ағартудың» жолға қойылуынан туындап отырған мәселелер. Бүгінгі таңда тек әдебиет оқулығы ғана қазақ тілінде. Қауып-қатердің жыл сайын төніп келе жатқанын сезіне білгенімен, қандас-ағайындарымыз мектепке баратын балаларын таза қытай тілінде оқытуға мәжбүр.  Мұндай пұшайман жағдай жасөспірім ұрпақтардың рухани дүниесін жұтаңдата бастағанын қалай жасырайын. Бұл ат төбеліндей аз қазақтың қасіретіне айналып отыр...

– Солтікен аға, сіз спортпен қоса, жүйрік қаламды, ерке шабытты серік еткен ақын екеніңізді білеміз. Оқырман қауым жалпы шығармашылығыңыз жайында да біле отырса...

Мен ақындыққа кездейсоқ келген жоқпын. Жұртқа белгілі ақындық өнер көркем ой, кестелі тілмен тыныс табатын өте күрделі, жолы ауыр өнер ғой. Ал ақындық көңіл, ақындық сезім табиғат берген ғажайып мөлдірлікке, шынайылыққа ие деп айтар едім. Кімнің бойында ақын табиғатына тән таза поэзия бұлағы қайнап шықса, онда ол шабыт иіріміне тоғытылып, асқақ арман, асыл мұратымен қоса, қайғы-қасіретін де ақ параққа мөлтек сыр ғып, онан кейін оқырманға жыр ғып төгеді.

Өзім жастайымнан ауыр еңбектің астында жүрсем де, қолымнан кітабымды тастамай, қариялардың айтқан салиқалы әңгімелеріне құлақ түріп, көңілге түйгені мол жетелі азамат болып ержетуді мақсат тұттық қой. Көп оқып, ізденгеннің пайдасы болар, 80 жылдардың бас шенінен бастап қолыма қалам алдым. «Білім-тылсым» атты алғашқы жазылған өлеңімнің бір шумағы ойыма оралып отыр:

Таң атпайды рауансыз,   арайсыз,

Екі тауым,   екі алыбым жарайсыз.

Күн болмаса жер шарында   тірлік жоқ,

Мұхтар сен де көрінбейсің Абайсыз, - деп Абай мен Мұхтар сынды әлемдік алыптардың тығыз байланысын, күн болмаса жер шарында тіршіліктің болмайтындығымен шымыр шендестіріп, балуан ақынға тән тұғырлы ой бұрымын өргім келді.

Әдебиетте қайсы ақын өзінің өмір кешірмелерін көркем жырмен кестелемеді дейсің. Балуандық өнермен етене жүріп туындаған жырларым 2004 жылы Шың жаң Халық баспасынан «Көк сүңгі» деген атпен жарық көрді. Мұнымен қатар, 2006 жылы Қазақстанда «Ақ семсер» атты өлең-толғаулар жинағым басылып шықты. 2005 жылы Іле Халық баспасынан «Айбалта» атты өлеңдер жинағым, 2009 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Жасыл жебе» атты жеке жыр кітабым жарық көріп, оқырман қауымның жақсы бағасын алды.

– Қытай еліндегі қандас­та­рымыздың атамекенге деген аңсары, сағынышы қандай?

– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар ғой. Ол жақтағы ағайындарымыз әрине туған елге біржолата көшіп келгісі келеді-ау. Бірақ, осы армандарын жүзеге асыру үшін де талай мекеменің есігін тоздыруға тура келеді. Көші-қон саясатына байланысты екі ел арасында нақты келісмшартты күшіне енгізу мақсатымен 2007 жылы дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашев мырза арнайы сапармен барып, қытайдағы бауырластардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып қайтқан болатын. Осы сапарында Мамашев мырза қандастарымыздың тарихи отанына оралуына қазақ елі тарапынан жан-жақты әлеуметтік қамқорлықтар жасалатынын айтқанда, онсызда атажұртқа қоныс аударуға асығып отырған азаматтардың сағынышы тіпті де арта түскендей еді. Жасыратыны жоқ, өткен жылдан бастап, атамекенге көңілдері алып-ұшып отырған кейбір бауырларымыздың сағынышы су сепкендей басылып қалған сыңайлы. Бұған себеп – Қазақстанға көшіп кетіп, қайтадан Қытайға келіп алған отбасылардың әреке тудыратын іс-әрекетінің кесірі ме деп ойлаймын.

– Қаламды қару еткен сом біле­гіңіздің қарымы қайтпасын. Өлеңдеріңіздің өмірі ұзақ болсын! Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ