ИЕСІЗ тұлпар (әңгіме)

d0b0d1822

Шілденің соңғы жексенбісінде Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Райымбек ауылында белгілі бір байдың 60 жылдығына орайластырылған анасының 90 жылдық торқалы тойы өтті. Онда ат бәйгесі, жорға, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық спорттың не бір өнер түрі көрсетіліп жатты. Бір қызығы – аламан бәйгеге қосылған 86 тұлпардың алдыңғы тобындағы атқа мінген бір бала жүйрігінен жығылып, аты иесіз қалды. Бірақ, иесіз ат қамшы салғызбай, бәйге қатарынан қалыспай топтың алдыңғы легінде шауып отырды. Иесіз тұлпар...

Осыдан көп жыл ілгері Өр Алтайдың Шіңгіл жерінде аспаннан ғажайып көштің елесі көрініп, көш ішінен суырылып шыққан иесіз ақ тұлпар тау-далаға иесіз шауып, өзінің жоғын іздеп кісіней шауып бара жатқан еді. Біз қиялға ерік беріп, иесіз ақ тұлпарды Тұғырылхандыкі ме, Шыңғысхандыкі ме, немесе Ізғұтты, Оспан батырдыкі ме екен деп тамсана қызығып, елі мен жері үшін шаһит болған баһадүрлер еріксіз есімізге оралған-ды. Иесіз тұлпарлар сөз болғанда құлагердің басын құшақтап жылаған Ақан елесі де көз алдымызға келген болатын.

Ал, мына бейбіт заман, тамаша күнде бәйгенің алдында шауып келе жатқан иесіз тұлпарға дұйым жұрт қалай қарайды екен деп бар назарымыз соған ауды. Жұрт гу-гу етеді:

- Иесіз атқа ешкім де бәйге бермейді.

- Әй, бұл иесінің бірге шабуын шарт ететін адамның бәйгесі емес, аттың жүйрігін сынайтын бәсеке ғой. Есті жануардың ащы терін көзі бар адам көретін шығар.

- Жоқ, шырағым, «артқан түйеңнен, сүйенген иең күшті болсын» деп қазақ тегін айтты ма? Иесі жоқ болған соң ол аттың да, атбегінің де соры ғана ғой. Мұның да зары Ақаннан бір кем болмас-ау.

Осылайша, көрермендер тойдың көп қызығынан көрі, иесіз тұлпардың тағдырына алаңдап, бәйгенің соңын тағатсыздана күтті.

Үстінде тізгін ұстар адамы жоқ, қамшылап жебейтін шабыты жоқ, шашасына шаң жұқпас жүйрік аттардың алдында келеді. Оны топтан шығарып жібермек болған даяшылардың далбаңдай шапқаны да тегін кетті. Ақыры, жұрт күткен соңғы мәре де келіп жетті. Бәйгенің алдыңғы легінде келе жатқан сайгүлік өзіне қарсы жүгіріп тізгінін ұстамақшы болған қалың тобырдан үркіп, мәре сызығын бесінші болып аттады.

- Әттеген-ай! Үстінде адамы болғанда, алдынан айғайшы топ жүгірмегенде бірінші болып келер ме еді?..

Бәйгеге төрт жеңіл машина, таза қанды бірнеше тұлпар және атан түйе секілді қомақты сыйлықтар тағайындалған екен. Иесіз тұлпарға оның бір де біреуі бұйырмады. Атын тізгінінен ұстаған иесі ғана жүйрігін жетелеп, аяғына қан түспесін деп, жұрттан оңаша аулаққа қарай кете барды.

Ақанның құсалығын бейшара ат иесінің басынан байқады ма, әлде Аллаға деген адал ниетін, жануарға деген жанашырлығын білдіргісі келді ме, бір топ ата-әжелер топ ішінен айқай салды.

- Жануардың обалы не? Бар жазығы бәйгенің алдында иесіз шауып келгені ме? Оған да жүлде берілуі керек!

Күндей күркіреген айғайдың нәтижесінде басқарушылардың жүрегіне де мейірімділік сәулесі түссе керек, ақтөбелік қоңыр төбел атқа 100 мың теңге жүлде беретіндігі ұқтырылды.

Жүлде үшін 100 мың теңге емес, 100 мың долларлық машинадан үміті бар ат иесінің қандай күйде болғандығы көпшілікке беймәлім қала берді. «Ат қанша тұлпар болғанымен, иесі болмаса бәрібір бағы ашылмайды екен ғой» деп күрсінді біреулер.

Мен де ауыр тыныстап, жұрттың бәрі жүлделі жүйріктердің тойын тойлап жатқанда жұрттан оңаша кеткен бүгінгінің Ақанын суретке түсіруге әзер үлгердім.

Әттең, иесіз тұлпарлар-ай...!

 

Жәди ШӘКЕН