Бердібек Сапарбаев улы газдан зардап шеккен БҚО тұрғындарынан ың-щың көтермеуді сұрады

Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылындағы мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты тексеру жұмыстары 20 қаңтарда аяқталады.

Бердібек Сапарбаев улы газдан зардап шеккен БҚО тұрғындарынан ың-щың көтермеуді сұрады

Ал мамандар ауыл мектебінің улану себебін, ғимараттың сайда орналасқандығымен, түсіндіріпті. Бүгін өңірге іссапармен Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев келіп, Берез ауылына соқты. Ол ауыл халқымен кездесіп, құр айқайдан ештеме шешілмейтінін, сондықтан сабырмен тергеу жұмыстарының қорытындысын күту керектігін жеткізді. Ал көшіруді талап еткен тұрғындар, өздеріне ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымданды. Геодезист мамандар дерегіне сүйенген прокурорлар, 4-5 желтоқсан күндері мектеп маңында ең ауыр газ – көмірсутегі - қордаланғанын, айтады. БҚО прокуроры Серік Қараманов: "Геодезистер Берез орта мектебі ауылдағы ең төмен нүктеде орналасқанын анықтады. Ал газ атаулының ойпат пен қуыс-қалтарысқа жиналатыны өздеріңізге белгілі. Сондықтан мектеп қызметкерлері мен оқушылардың неліктен уланғаны түсінікті жәйт", - дейді. Айта кетелік, 28 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында жиырмадан астам оқушы сабақ үстінде әлсіреп құлап, ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олардың белгісіз газдан уланғаны расталды. Содан бері 90 адам дәрігер көмегіне жүгініпті. Ал күні кеше саулығы сыр берген тағы сегіз оқушы облыс орталығына жеткізілген. Тұрғындар бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлап отыр. Дегенмен, бұл дауға тергеу жұмыстары нүкте қоймақ.