КСРО саяси тұтқындардың миын ашып, сынақ жасаған

2
3228

Бутугычаг лагері. Тұтқынның миын ашып, медициналық сынақ жасап жатыр. Сурет НКВД мұрағатынан алынған.

Бутугычаг лагері. Тұтқынның миын ашып, медициналық сынақ жасап жатыр. Сурет НКВД мұрағатынан алынған.

90-жылдардың басында шетелдіктерге ұсынылған «Өлім жазығы» деп аталатын деректі фильм бүкіл әлемнің төбе шашын тік тұрғызды. Ол бойынша адамзатқа жасаған коммунизмнің зұлымдығы фашизмнен де өтіп кеткен деген баға беріліп жатты. Ал одақ ыдырап, өтпелі кезеңге тап келген посткеңестік мемлекеттердің бұл кезде тарихты, өткенін салмақтап жатуға шамасы болмады. Бұл кезеңде күнкөрістің қамымен, тіпті зиялы қауымның өзі көшеге тентіреп шығып кеткен еді. Салдарынан осы бір дерек қалтарыста қалып қойғандай. Өйткені осы деректі фильмнен соң әлгі лагерь булдозерлермен жермен-жексен етіліп, жарылыстар жасалып, түбегейлі талқандалған. Ресми түрде КСРО адам миына сынақ жасағанын ешкім мойындамаған…

«Мен көп концлагерді көрдім. Ескісін де, жаңасын да. Оның бірінде өзім де болдым. Сондықтан Кеңес Одағы лагерлерінің тарихын зерттеуге бел шеше кірістім. Бірақ соның біріне келгенде КГБ ізіме түсіп, шетелге қашуыма тура келді. Бұл лагердің аты «Бутугычаг» деп аталады (Магадан облысындағы лагердің бірі – ең құпиясы). Ресейдің солтүстігінде өмір сүретін халықтың тілінде ол «Өлім жазығы» деген мағынаны білдіреді» дейді Сергей Мельникофф 1990 жылы жарық көрген «ГУЛАГ – с фотокамерой по лагерям» атты деректі жинақтамасындағы лагердің атына қатысты түсініктемесінде.

«Жергілікті аңшылар мен марал өсіруші көшпелілер бұл мекенге осындай атау беріп кеткен екен. Егоров, Дьячков, Крохалев отбасылары Детрин өзені арқылы маралдарын айдап өткенде адам басының қаңқасы қаптаған бір жерге тап болады. Бірер күннен кейін бағудағы малдың жүндері түсіп, жатағандап, тіптен тұра алмай қалады. Сондықтан олар бұл жерді «Өлім жазығы» деп атап кетеді. Кейіннен бұл атау Берия лагерлерінің бірі – ГУЛАГ-тың 14-ші бөлімшесіне телінеді.

Осы лагерде отырған ақын Анатолий Жигулин мұндағы пештердің үстіне қаңылтыр ыдыстарда суды кептіреді, сөйтіп уран концентраттарын тазалайды, тұтқындар мұнда 1-2 апта жұмыс істеп, көз жұмады, олардың орнына жаңаларын әкеліп отырады деп жазып кеткен. Радиацияның өте жоғары деңгейін, атом қаруын әзірлеуде қара жұмысқа тұтқындар жегілгенін осы фактіден-ақ анық аңғаруға болады. Яғни, бұл арада атом бомбасына қатысты сынақтар жасалып жатқан. Мұны осы арадағы ғимараттардың, уран өндіретін комбинаттың 40-жылдары құпия түрде тұрғызылуы айғақ бола алады. Бәрінен бұрын мұнда дәрігерлер тұтқындардың миын ашып, сынақ жасаған. Онда да тірідей.

«1946 жылы Совет Одағының әр түкпірінен уран кен орындары табыла бастады: Колымадан, Пятигорскіден, Орта Азиядан, Қазақстаннан, Украинадан, Солтүстік Кавказдан. Уранды, әсіресе шалғай аймақтардағысын өндіру өте қиын міндет еді. Отандық уранның алғашқы өнімі 1947 жылы айналымға түсе бастады. Тәжік КСР Ленинабад тау-химия комбинатынан рекордтық мерзім ішінде өндіріліп жатты. ГУЛАГ-тың атом жүйесінде бұл комбинат «Строительство-665» деген атпен қана таныс еді. Уранды өндіру орны 1990 жылдарға дейін құпия болды. Тіпті, сол кеніште қара жұмысқа жегілгендердің өзі не өндіріп жатқанын білмеген. Ресми түрде олар «арнайы кенді» өндірсе, құжаттарда «уран» сөзінің орнына «қорғасын» деп жазылған. Колымадағы уран кенішінің қоры мардымсыз боп шыққан. Бірақ соған қарамастан бұл арадан тау-кен өндіруші комбинат салынып, Бутугычаг лагері соған жұмыс істеген. Бұл лагерь Анатолий Жигулиннің «Қара тас» кітабында жақсы суреттеледі. Бірақ оның өзі бұл арада уран өндірілгенін білмеген. 1946 жылы уранды Бутугычагтан ұшақ арқылы теңіздің арғы жағына тасыған. Ол өте қымбат тұрды, сондықтан 1947 жылы қосымша кен байытушы фабрика салынды» деп жазады 1999 жылы «Российская газетада» жарық көрген «Сталин және атом бомбасы» деген мақаласында Рой және Жорес Медведевтер.

Бұл – саяси тұтқындардың денсаулыққа өте қатерлі кенді өндіруге жұмылдырлығанын айғақтайтын фактілер. Ал миға сынақ қалай, не үшін жасалды?..

«Маған Усть-Омчугтің «Ленинская смена» газетінің бір тілшісі Семен Громовтың баяғыда жазып кеткен аманат хатын табыстады. Ол осы хат үшін өліп кеткен де сияқты. Өйткені оны көлік қағып, мерт қылған.

Семен Громов «Өлім жазығы» лагері қарайтын Тенька тау-кен байыту комбинаты директорының орынбасары болған. Хатта: «Теньлагтан күніне кем дегенде 300 зектің мүрдесі шығады. Басты себебі – аштық, ауру-сырқау, төбелес кезінде мерт болу немесе қашам деп оққа ұшу. Біз жақтан Тимошенко атындағы сауықтыру пункті ашылды. Бұл тірі қалғандарды емдеуі тиіс пункт. Бірақ, шындығында онда ешкім емделмейді. Онда тұтқындармен бір профессор жұмыс істейді. Ол кейбір тұтқындардың маңдайына қарындашпен белгі сап, сызып кететін. Демек, олар ертең өледі деген сөз. Айтқандай, трассаның арғы жағында біртүрлі қабір бар. Біртүрлі дейтін себебім, онда жерленгендердің барлығының бас сүйегі араланған. Бұл профессордың жұмысымен байланысты нәрсе емес пе екен?..» делініпті.

«Мен лагерь болған жерде бірнеше рет болдым. Тағы да бардым. Орны тып-типыл. Құпия пунктті де жарып жіберген. Енді ше?.. Дегенмен бір қабырғасының жартысы қалыпты. ГУЛАГ құжаттарында бұл жер «БУР» – барак усиленного режима, яғни қатаң қадағалаудағы барак деп көрсетіледі. Қабырға тұсынан шегемен жазылған жазба көрінеді: «30.XI.1954. Вечер», «Убей меня» және латын қарпімен «Doctor» деп жазылған. Демек, тұтқын дәрігерден өлтіре салуын сұраған…

1937-1956 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған еңбекпен түзеу колониясын зертхана деп те атаған. Бұған да дәрігерлер зерттеуінің тікелей қатысы бар. Семенов хатта айтқан қабірге бардым. Нөмірленген қабір саны мыңға жуықтайды. Арғы жағынан үлкен төбешік көрінеді. Бұл арада қыста өлгендерді бір-бірінің үстіне лақтырып, көме салған. Ит-құс жер бетіне шығарып тастаған адам басы да көрінеді. Төбесі араланып, кесіп алынған. Нөмірленген қабірдің бірі ашылып қапты, оны да көрдік, тағы да сондай жайт. Қабірден әрірек жүріп едік, шашылған адам сүйектеріне тап болдық. Бұл советтік Ресейде адамның көк тиын құны болмағанын айғақтайтын шынайы көрініс еді. Лаврентий Берия мен Игорь Курчатов өзінің жеке жауапкершілігіне алған бағдарлама аясындағы бұл зертханада не болған?.. Мұның жауабын білу үшін әлгі бас сүйектерді тексеру керек болды. Сөйтіп екі бас сүйекті өзіммен бірге ала жүрдім.

Мұны естіген жергілікті құзырлы органдағылар шалқасынан түсе жаздады. Хабаровск өлкесінің прокуроры Валентин Степанков танысым еді. Соның көмегі тиіп кетті. Сөйтіп әлгі бас сүйектерге тексеру жүргізілді. Қортындысы екі аптадан соң шықты. Араланғаны құжатпен, мамандармен нақтыланды. Іс мұнымен бітпеді.

Сол лагерлердің бірінде болған Хасан Ниязованы 1989 жылы тауып алдым. 73-жастағы әйел сұхбат беруден қорықпады:

– Құдай сақтап, мен Бутугычагта болғам жоқ. Оған қосымша айып алғандар айдалатын.

– Зектерді көмуші ме еді?

– Жоға да. Шұңқырға лақтырып, бетін топырақпен немесе қармен көме салатын.

– Табытқа салушы ма еді?

– Жоқ. Қайдағы табыт?..

– Онда неге «Бутугычагтағы» үш қабірдің біріндегі мүрделер табытқа сап жерленген, бас сүйектері де араланыпты

– Аралаған дәрігерлер ғой…

– Қандай мақсатта?

– Тұтқындар арасында «сынақ жасайды, бірнәрсе үйренеді екен» деген сыбыстар болатын

– Бұлай тек «Бутугычагта» жасалды ма, әлде басқа жерде де ме?

– Жоқ. Тек сонда ғана.

– Ондағы сынақтар жайлы Сіз қашан білдіңіз?

– Бұл шамамен 1948-1949 жылдары болатын, ақырын айтылатын, бәрімізді онымен қорқытатын…

– Тірідей аралаған ба екен?..

– Кім білсін… Онда үлкен медициналық бөлім болған. Тіпті, профессорлар да жұмыс істейді деп естігенбіз.

Бұл сұхбатты апарғанымда CBS News бюро бастығы Джак Шеахан өз көзіне өзіне сене алмай «Бұл мүмкін емес!» деп таң қалысын жасыра алмады. «Мен мұндайды фашисттік лагерлерде болған деп ойлайтынмын» деді ол.

Бір погондағы азаматқа пара беріп жүріп, КГБ мұрағатындағы құжаттарды қолға түсірдім. Суреттер де бар арасында.

Одан кейін мен Шайтан асуын іздедім. №3-2-989 нөмірлі тұтқын сынақтан кейін мүрделерді Шайтан асуындағы мұзға жасыратынын жазыпты. Оны да таптым. Мұзды жарып жүріп, үңгірге тап болдым. Жолдың бәрін адам мүрдесі жауып қалған. Үстерінен басып өтуге тура келді. Суретке түсірдім. Бірақ қараңғы болған соң сапасыз боп шықты. Мен ол арада көп бола алмадым. Чемодандар, менің бойымдай мөшекте әйелдің шаштары… Сыртқа қарай ытқи жөнелдім. Өзімді тозақтан шығып бара жатқандай қатты ауыр сезіндім.

Сөйтіп фотокөрме өткізуге бел будым. «Адамдарға сынақ жасады деп КСРО-ны айыптау» атты көрме атауы Хабаровск билігінің мазасын қашырып жіберді. Оған Жапониядағы беделді телеарнаның жетекшісі де қатысты. Сөйтіп бүкіл әлем шу ете қалды…

Өкінішке қарай, медициналық сынаққа қатысты менің зерттеуім туралы жапон телеарнасынан хабар тарай салысымен, КГБ-ның адамдары шалт қимыл жасапты. Усть-Омчугтағы достарым әлгі лагердің техника кеп тас-талқанын шығарып, төңкергенін айтты. Енді ше?.. Бұл елді дұшпандардан азат етушілердің ескерткіші емес қой, өз халқын қырып-жойған зұлмат мемлекеттің қара таңбасы.

(Сергей Мельникофф, Магадан облысы, 1989-90 ж.ж. «ГУЛАГ – с фотокамерой по лагерям» жазбасынан)

«Алаш айнасы»

Автор: Кәмшат Сатиева

2 ПІКІРЛЕР

  1. Ай, айтқыштар мен жазғыштар! Болмағанды болды дегіштерге сенесіңдер де, «жерден жеті қоян тапқандай» қуана құптайсыңдар. Мұндай өсекті кім, неге таратып жүргенін білгілерің келсе, интернеттен «Беседа Сталина с Коллантай» дегенді оқыңдар. Өте пайдалы!

  2. Ресей коииунистердің бұл аюандығын бүгінгі күнге дейін жасырып(басқаша айтқанда қолдап)келеді.Ең сорақысы бізді әлі сол коммунистер билеп отыр.Бүкіл дүние жүзі коммунизмді саяси соттап, лағанат айтты.Біздің билік соттамақ түгілі,коммунистерді мәжіліске кіргізді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз