Қазақстандықтар тозығы жеткен су мен жылу магистральдарын өз қаржысы есебінен ауыстырады

Қазақстанда келер жылы бірқатар тариф өсіп, тозығы жеткен су және жылу магистральдары қарапайым халықтың қаржысы есебінен алмастырылмақ.

Қазақстандықтар тозығы жеткен су мен жылу магистральдарын өз қаржысы есебінен ауыстырады

Фото: noviy-put.ucoz.ru

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде Елбасы тапсырмасымен 2020 жылға дейінгі инфрақұрылымдық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленген.

Онда тұрғын үй коммуналдық қызметті жаңғырту бойынша жеке бағыт қарастырылған.

"Табиғи монополия болғандықтан, тарифтен басқа пайда табатын жол жоқ. Бүгінде Еуропалық даму банкімен жұмыс жасалып жатыр. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін Үкімет 2020 жылға дейінгі тариф саясаты бойынша жаңа бағдарламаны қабылдайды. Ал ендігі жылдан астап ол күшіне енеді", - деді Досаев.

Тарифтер қаншалықты қымбаттауы мүмкін екендігі туралы деректер келтірмеді.

Ерболат Досаев "тарифтер өспей тұрып, алдымыздағы сұрақтарды шеше алмаймыз бәрібір" деген сенімде.

"Қалай не қыламыз, жыл сайын былай күтпей, бір ай, екі айдан кейін жаңағы тариф болады деп. Жоқ, біз алдынан бірден көрсетеміз. Мына бес жылдың ішінде қалай өседі екен, оған тапқан жаңағы тарифпен не істейміз, қандай инвестициялық жаңалықтар болады - бәрі әр салада. Қымбатшылық деген болмайды ғой! Өсім болады", - деді министр.

Сондай-ақ министр, елімізде тарифтерді сараптайтын кеңес құрылатынын, хабарлады. Айтуынша, заң жобасы ең алдымен табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталады.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары "Табиғи монополиялар және реттелген нарықтар мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ерболат Досаевтың бойынша, заң жобасы ең алдымен тарифті белгілеу, негізсіз шығындардан арылып, тұтынушылар құқығын қорғау және табиғи монополия субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.