Қадағалаушы органды қарулы күштерге Серік Ахметов жетекшілік еткен 5 ай мерзім қызықтырып отыр. Өйткені прокуорлар осы аралықта Серік Ахметов Қорғаныс министрлігінен де қыруар қаржы жымқырудың жолдарын тапқан дейді.
Тергеушілердің күдігінше, ведомствада жарнама науқанына бөлінетін соманың бағасы бірнеше есе жоғары көрсетіліп, сол арқылы бюджет ақшасы ұрланған.
Әскердегі келісім-шарт туралы роликтер ұзақ уақыт республикалық арналардан тоқтаусыз көрсетілген болатын. Бұдан басқа бұрынғы премьер-министр ірі көлемде қазына қаржысын жымқырды деп айыпталып жатыр.
Өткен айда істі болған Ахметов қазір Қарағандыдағы зәулім коттеджінде үйқамақта. Сот күдіктіге телефонмен тілдесуге, интернетке шығуға тыйым салған.
Серік Ахметов 3 жыл басқарған облыста, қазір тергеу топтары жұмыс істеуде. Олар бірнеше жыл бойы бюджетті бөліске салған ондаған лауазымды шенеунік жайында материал жинап жатыр.