Мұнайдың арзандауы Қазақстанды жыл сайын $20 млрд табыстан қағады

Батыс басылымдары "Егер мұнай бағасы барреліне 66 доллардан төмендесе, Қазақстан жыл сайын 20 миллиард доллар табыстан қағылады" деп болжайды. Бірақ "Баға 50 доллар болса да, экономика өсімі тоқтамайды" дейтіндер де бар.

Мұнайдың арзандауы Қазақстанды жыл сайын $20 млрд табыстан қағады

Қазақстанның 2015 жылға арналған бюджеті мұнай бағасы 80 доллар болады деген есеппен бекітілген. Халықаралық валюта қорының хабарлауынша, Қазақстан бюджетінің тепе-теңдігі мұнайдың бір баррелі 65,5 доллардан төмен түспеген жағдайда ғана сақталады. EurasiaNet сайты сарапшылардың "баға 60 доллардан төмен құлдыраған жағдайда Қазақстан экономикасының өсімі тоқтайтынын болжағанын" жазады. Ұлттық банк "девальвация болмайды" деп талай мәлімдегеніне қарамастан, кейбір сарапшылар девальвация "сөзсіз болатын әрі қажет шара" деп санайды. Мақалада Halyk Finance инвестициялық банкінің сарапта бөлімі жетекшісі Сәбит Хәкімжановтің "теңгені бұрынғы деңгейде ұстаудың орнына, бағам нарық талабына сай реттелуі үшін оны еркіндікке жіберу керек" деген пікірі жарияланған. Бірақ экономистер Қазақстанның қаржы жағдайы тәуірлеу (қарызы аз және бюджет тапшылығы төмен), ал бұл дағдарысты еңсеруге жақсы мүмкіндіктер береді деген уәжбен де келіседі. Желтоқсанның 6-сы күні алматылық "Время" газетінде экономикалық саясат институты директоры Қайырбек Арыстанбековтің оптимистік болжамы жарияланды. Сұхбатында Қайырбек Арыстанбеков "егер экономикалық саясат сапалы жүргізілсе, Қазақстан экономикасы мұнайдың бір баррелі 50 доллар болса да өсетінін" айтқан. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болжамға дереу түзету енгізуді ұсынады.

ОПЕК мұнай бағасын арзандату арқылы балама қуатты өндіруді тиімсіз әрі перспективасыз етуді көздейді

Ал "Мұнай бағасы қашанға дейін арзан болмақ?" деген сұраққа Арыстанбеков "Балама қуат көздерін нарықтан ығыстырып шығару және жою - ОПЕК картелінің мұнай геосаясатымен қатар жүргізіп келе жатқан шарасы. ОПЕК мұнай бағасын арзандату арқылы балама қуатты өндіруді тиімсіз әрі перспективасыз етуді көздейді" деп жауап қайтарған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, сауалнамаға сәйкес, 2015 жылы North Sea Brent crude маркалы мұнайдың бір баррелі орташа есеппен 82,50 доллар болады, яғни бұл өткен айдағы болжаммен салыстырғанда 11,20 долларға кем. Ал 2016 жылғы баға 87,40 доллар шамасында болжанған. Желтоқсанның 1-і күні жарияланған "ОПЕК елдері АҚШ-тағы мұнай дүрбелеңін баса ала ма?" деген мақаласында Американың Foreign Policy журналы сарапшылардың "ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлемін бұрынғы деңгейде қалдыру туралы шешімі АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірудің тиімділігін төмендету ниетінен туған" деген пікірін келтірген. Бірақ басылым "технология жетілген сайын әрі өзге де геосаяси себептерге байланысты өндіру шығындары қысқара беретінін ескерсек, бұл оңай болмайды" деп жазады.

Источник: Азаттық