Теңге үшінші жыл қатарынан "Жылдың үздік банкноты" атағын жеңіп алды
2014 ж. 08 желтоқсан
2383
1
Қазақстан Ұлттық банкінің банкноттары үшінші жыл қатарынан "Жылдың үздік банкноты" атағын жеңіп алды, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Кеше Швейцарияның Лозанна қаласында Ұлттық банкінің өкілдері "Жылдың үздік банкноты" аталымында марапатқа ие болды.
Халықаралық банкноттық қауымдастық (International Bank Note Society) "Күлтегін" түркі жазбасына арналған 1000 теңгелік номиналдағы естелік банкнотты үздік деп тапты. Номинанттар қатарында АҚШ доллары (номиналы 100 доллар банкноты), еуро (5 еуро), канадалық доллар (10 доллар), Ресей рублі (100 рубль), бразилиялық реал (5 реал), ливиялық динар (5 динар), сонымен бірге Исландия, Ливан, Соломон аралдары, Барбадос, Фииджи банкноттары қатыстырылды.
Конкурсты ұйымдастырушылар Қазақстан банкноттарының үнемі арта түскен сапасымен және жоғары сенімді қорғалуымен Халықаралық банкнот қауымдастығының сарапшыларын таңғалдырып отырғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2011 жылы номиналы 10 мың теңгелік, ал 2012 жылы - 5 мың теңгелік банкноттар үздік деп танылған болатын. Шара ауқымында Қазақстанның даму тарихын бейнелейтін көрме ұйымдастырылды.