Ұзақбай Қарабалин: Қазақстанда бензин бағасы 300 теңгеден аспайды

Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин сенатор Ляззат Қиыновтың болжамымен келіспейді. Оның ойынша, Қазақстанда бензиннің бағасы 300 теңгеден аспауы тиіс.

Ұзақбай Қарабалин: Қазақстанда бензин бағасы 300 теңгеден аспайды Алайда осы соманың аясында қымбатшылық болуы әбден мүмкін, деп хабарлайды "Алаш айнасы".

Бұған дейін сенатор Ляззат Қиынов еліміздегі бензиннің бағасы 350-370 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжам жасаған еді. Оның айтуынша, ірі шетелдік компаниялар өз мұнайын елдің ішкі бағалары бойынша өңдеуге келіспей отыр. Олар әлемдік бағаның болғанын қалайды.

Алайда Қазақстанның ішкі нарығы үшін шикі мұнайды әлемдік бағамен сатып алсақ, АИ-95/96 маркалы бензиннің бағасы 1,3-1,5 еуро, яғни 350-370 теңгеге дейін көтерілуі бек мүмкін. Осыған байланысты сенатор барлау жұмыстарына бюджет ақшасын аямай, мұнайдың жаңа қорларын тездетіп ашуды ұсынды.

"Қазір біз жылына 82 миллион тонна мұнайды өндіреміз. Соның өзінде жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына 16 миллион тоннаны бере алмай отырамыз. Ал сол зауыттардың жаңартып шыққаннан кейін 19-19,5 миллион тонна мұнайды жеткізу керек. Сондықтан бұл мәселені қазір шешпесек, ертең ішкі нарыққа мұнай жеткізу мәселесі қиындай түседі", - дейді Ляззат Қиынов.

Вице-министр Ұзақбай Қарабалиннің сөзіне сенсек, алдағы уақытта Қазақстандағы бензиннің бағасы 300 теңгеден аспауы тиіс. Себебі еліміздің ішкі нарығына шикі мұнайды жеткізу жұмысы жіті бақыланып келеді.

"Шын мәнінде, шикізатты сол үш зауытта отырған компаниялар емес, мүлдем басқа компаниялар жеткізіп тұрады. Олардың ішінде ҚазМұнайГаз, Өзенмұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, ПетроҚазақстан және тағы басқа компаниялар бар. Оған қоса, қазір жаңа кен орындарын ашу мен кеңейту жұмыстары атқарылып жатыр. Осының арқасында біздегі мұнай өңдеу зауыттарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Егер біз қазіргі ірі мұнай кендерінен қосымша өнім сатып алатын болса, онда баға көтерілуі мүмкін. Бірақ ол 300 теңгеден аспайды. Бұл - менің жеке ойым", - деді Қарабалин.