Олжас Сүлейменов тағы да Қазақ Елінің Тәуелсіздігін тәрк етті…

«Олжас Сүлейменов: – Керісінше, ұлы Ресеймен жақындығымыз кешелі-бүгін орнаған жоқ, ежелден келе жатқан, ғасырларға созылған жақындық. Біз ажырамаймыз. Қазақстанның қауіпсіздігін де осы қамтамасыз етіп отыр. Өйткені Қазақстанның жері үлкен де (екі миллион 700 мың шаршы шақырым), халқы аз – небәрі 17 миллион. Қойнауы пайдалы қазбаға, байлыққа толы жерімізге көз алартатындар көп…

Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер. Ежелден көрші келе жатқан елдермен одақтас болғанымыз жөн.»

(бұл үзінді оның «Азаттық» радиосна берген сұқбатынан алынды).

 Бұл адам – бұған дейін де сан рет дәртеден шығып жүрген жан. Бұл орысқұл ақынның «Қазақ» дегенде тас болып қатып қалған жүрегі бір жылымай-ақ қойды!

Қазақ Елі тәуелсіздігінің қарсаңында ол Қазақ Тілінің «Мемлекеттік Тіл» болуына қарсы шыққаны мәлім. Және де ол пенде күні бүгінге дейін сол ұстанымынан қайтып көрген емес.

Менің байқауымша, өз шығармаларын қанша жерден орыс тілінде жазса да, осы Олжас Сүлейменовты орыстар «өз ақыны» санаған емес. Олжас, сонда да өлермендене орыс тілінің үстемдігін насихаттаудан бір сәтке де айныған емес.

Қазақ Елінің қайтадан орысқа құл болуын жан-тәнімен қолдап жүрген жанның бірі – осы О. Сүлейменов.

Енді міне, ол: «Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер»-деп қарап отыр. Есі дұрыс адам – өз елінің тәуелсіздігіне қарсы шыға ма? Біздіңше, Олжас «алжи бастады» дейін десек, оның бұған дейін Қазаққа, Қазақ Тіліне қарсы сөйлеген сөздері жыртылып, айрылады екен.

Ол енді келіп, «қазаққа тәуелсіздік керек емес» дегенді меңзеп отыр.

Менің бір таңғалатыным – біздегі орысша оқып, орысша білім алып, Мәскеудің тәрбиесін көрген орысқұлдарымыздың барлығы дерлік – қазаққа қандары қас жандар. Сонда ол орысқұлдарды орыстың оқуы өтіп кеткен жандар деп түсінуге бола ма? Орысша оқыса болды, қазақтан теріс айналып шыға келетіндей, орыстар олардың бастарын дуалап тастай ма екен?

Біздегі орысқұлдардың барлығы дерлік – ана орысқұл Олжастың ар жағы мен бер жағы. Олар ешқашан да қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуын қалаған емес. Тіпті, олар қазақтың тәуелсіз мемлекет болғанына да қарсы жандар.

Қазір «нағыз қазақстандық» орысқұл билікте отырғандардың барлығы дерлік – «қара орыстар», орыс десе, жанын суырып беруге әзір тұрғандар.

Кез келген қазақтың миын шатастырып жіберетіндей, осы орыс тілінің қандай құдіреті бар екеніне түсінбей келемін. Біздің қазақтың Қытайда, Моңғолияда, Түркияда, Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Англияда, т.б. мемлекеттерде дүниеге келіп, сонда тұрып жатқандары арасынан өз ана тілдерін ұмытып қалғандарды, өз ұлтынан теріс айналғандарды көрмеппін. Ал, біздің Мәскеуде оқығандарымыздың барлығы дерлік – Қазақтан теріс айналғандар екен. Ал, Қазақстанда туып, осында орысша оқығандар да, Қазақ Тілін ұмытып қалған кілең кещелер.

Қайталап айтамын, шынында да – орыс тілінің қазақтардың миын улап тастайтын немесе дуалап тастайтын қандай сиқыры болды екен?

Осы Олжас Сүлейменов – ана жылы Мәскеудің тапсырмасымен құрылған «Семей-Невада» қозғалысын құрып, сол арқылы өзі КСРО депутаты болғанын, сол қозғалыс арқылы шылқа майға батып, шексіз байығанын, Қазақ Елін, қазақ тілін әлі күнге дейін менсінбейтін нағыз орысқұлдың – орысқұлы екенін, біз қазақтар жақсы білеміз.

Олжастардың арманы қазақты қайтадан орысқа құлақкесті құл ету екенін – оның жоғарыда біз мысалға келтірген сөзінен анық байқауға болатын сияқты. Турасын айтқанда – бұлар нағыз ұлт сатқындары дер едім. Олжасты бұлай сайратып отырған Мәскеу, сосын өзіміздің тексіз орысқұл билік екені айдай ақиқат!

“Алты Алаш” ақпараты