Кулагин әкім болғалы Ақмола облысы халық наразылығынан арылмады

Компания басшысы емес, құдды бір хан баласындай. Ақмола облысында осылай деп шағым айтқан жұрт ауыл шаруашылығымен айналысатын жергілікті серіктестік басшысына қарсы шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақмола облысында тұрғындар өзін хан баласындай сезінетін кәсіпкерге қарсы шықты

Айтуларынша, кезінде жерлерін жалға алған кәсіпкер қалтасы қалыңдағалы қоқан-лоқы көрсетуді бастаған. Басшы келгенде Лозовое ауылында өлі тыныштың орнауы тиіс екен. Өйткені қожайынның ұйқысын тірі жан бұзбауы керек. Жұрт тіпті тиісті пай үлесімізді сұраудан қалдық деп бүгін ашуға мінді. 12 жыл бұрын жерін жерін қалталы кәсіпкерге жалға берген жұрт бүгінде осылай қалдық жемге күндері қарап қалған. Кезінде уәде етілген қамба толы астық, қалта толы ақшаның бүгінде бірі де орындалған емес. "Түгел С" серіктестігі басшыларына Лозовое ауылы тұрғындарының өкпесі қазір қара қазандай. Жер мен суды меншіктегені өз алдына, қазір ауылда еркін жүріп-тұрудан қалдық дейді жұрт. "Сенесіз бе, олар бізге ауыл ішіндегі жолдан өтуге тыйым салды. Өйткені бас директор келгенде, ауылда шулауға болмайды. Қонақ үй жанынан мал да, жан да, тіпті көлікпен де өтуге болмайды. Директор дем алуы керек. Тіпті суды да тоқтатып тастайды, бастықтар жуынғанда судың қысымы жетпеуі мүмкін", - дейді ауыл тұрғыны Виктор Веселов.

Оның үстіне, тұрғындарға соңғы уақытта ауыл іргесіне мал жаюға да болмайды екен. Өйткені жер мен судың барлығы сол қожалық меншігінде. Шенділерге шағым айтқанымен, олардан да қайыр шамалы.

"Аудан әкімі тым болмаса 1 рет келіп жағдайымызды сұраса ғой. Біз тіпті оны көрген жоқпыз. Ауылға келмейді, олар бізді қайтсін", - дейді басқа тұрғын Лидия Боховец. Шыдамдары шегіне жеткен жұрт кәсіпкердің өзімен жолықпақ болып кеңсе алдына жиналды. Алайды бас директор демалыста екен. Ал орынбасары тың мәлімет айтып, тіпті тұрғындардың төбесінен жай түсіргендей болды. Айтуынша, жерді жалға емес, гектарын 100 теңгеден басыбүтін сатып алған. Ауылдағы айғай құлағына жетсе керек, Жақсы ауданының әкімі де төбе көрсетті. Қанат Сүйіндіковтің әкім болғанына 2 жылға жуық болса да, осында бірде бір ат ізін салмаған екен. Әкімді бірінші рет көрген ауыл жұрты жанайқайын жарыса жеткізіп жатыр. Ал шенеунік сол әдеттегідей "бәрін шешеміз" деп халықты жұбатып әлек.

Источник: КТК арнасы