Қазақстанның ескі Әнұраны енді Кореяда шырқалды

Бокстан Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатында Қазақстанның ескі Әнұраны орындалды.

Қазақстанның ескі Әнұраны енді Кореяда шырқалды Бұл туралы Алаш айнасы интернет порталы хабарлайды

Бокстан Джеджу қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем біріншілігінен қуанышты хабар келіп түсті. Қазақтың қаршадай қызы Назым Қызайбай әлем чемпионы атанды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бокстан әйелдер арасындағы ең бірінші алтын жүлдесі еді.

Бұл хабарды естіп, мәз-мейрам болып жатқан едік. Алайда, қуанышымыз артынша су сепкендей басылып қалды. Себебі, 48 келі салмақтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде тағы да Қазақстанның ескі Әнұраны қойылды.

Әрине, бұл келеңсіз жағдайға кімнің кінәлі екені белгісіз. Ұйымдастырушылар қателесуі да ықтимал. Десек те, мұндай салтанатты шара барысында (марапаттау кезінде) ондай дүниелерге бокстан Қазақстан құрамасының делегациясын бастап барған кісі жауапты болуы керек емес пе?!

Айта кетейік, мұндай жағдай биылдыққа бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Бұған дейін Италияның Верона қаласында волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты кезінде Қазақстанның ескі Әнұраны қойылып кеткен еді.

Одан бөлек, осыған ұқсас жайт Мәскеуде ЦСКА мен "Барыс" арасындағы матчында болған.

Источник: NUR.KZ