Петропавл тұрғындары көше аттарының Ленин, Комсолмол сияқты ескі атаумен қала бергенін қалайды

Петропавлда тұрғындар көше аттарының өзгертілуіне қарсы шықты. Жұрт өздері тұрған көшелердің сол бұрынғысынша Ленин, Комсолмол сияқты ескі атаумен қала бергенін қалайды деп хабарлайды КТК арнасы.Петропавл тұрғындары көше аттарының Ленин, Комсолмол сияқты ескі атаумен қала бергенін қалайды

Ал өзгеретінін жақында жергілікті газеттерден оқып білген екен. Енді "шенеуніктер бізбен санаспады" деп шала бүлініп жатыр. Қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Ахметов өз сайлаушыларымен жоспарлы кездесуі осылай дауға ұласады деп мүлде ойламаса керек. Өйткені депутаттың учаскесіндегі Рижская деп аталатын көшенің аты өзгертілмекші. Оған бұрынғы партия қызметкері Тауфиқ Мұхамед-Рахымовтың аты беріледі деп шешіліпті. Бұған ескіні аңсайтын сол баяғы көнекөздер қарсы. Көшелердің бірін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Балтық жағалауынан тың көтеруге келген жастар салған екен. Көбі осы жерде қалып қойған. Сондықтан халық көшенің тарихи атауы сол күйі қалсын деп отыр.

Жалпы, Петропавл шенділері қаланың 4 көшесінің атын өзгертпекші. Совет, Юбилейная, Рижская және Әбу Досмұхаметов көшелеріне олар өңірге еңбегі сіңген жандардың есімдерін бермек.

Елімізде бес жыл бойы көше аттарын өзгертуге мораторий жарияланғаны мәлім. Биыл бұл мерзімнің біткен соң, қызылжарлық  шенеуніктер іске кірісе бастады.

"Осы бес жылдың ішінде облыстық және қалалық ономастикалық комиссиясына көптеген өтініштер түсті. Былтырғы Елбасының жарлығына  сәйкес мораторий алып тастағаннан кейін сол өтініштерді қарастыру жұмыстары жүргізілді. Менің өз ойым енді Петропавл қаласының қазіргі заман талабына сай келмейтін көшелердің атын өзгертуге қолдау көрсетемін", - дейді қалалық әкімдігі ономастикалық  жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов. Тұрғындардың бір тобы Кеңес тұсынан қалған атаулардың өзгетілуіне қарсы емес. Оларды қынжылтатыны шенділердің халықпен санаспайтындығы мен атқамінерлердің түсініксіз шешімдері. Ал қала тұрғыны Светлана Темникова: "Кейбір көшелердің аттарын  үшінші қайтара өзгертіп жатыр. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы көше айналдырған он шақты жылда он рет өзгерген шығар. Алғашында "Екінші коммунистік" еді, одан кейін Айыртау болды, кейін Жұмабаев болды, одан кейін Шоқан Уәлиханов болды. Бұл не ақшаны желге шашу ма әлде атайтын өзге көше қалмады ма?", - деп ашынады. Шаһарда "бірінші линия", "екінші линия" деп жалғаса беретін көшелер жетіп артылады. Бірақ неге екені белгісіз, атқамінерлер олардың атауын өзгертуге асығар емес.
Источник: КТК арнасы