Өскемен қаласының басшылығы жаңа жылға дайындықты қараша айынан бастап кетті

Өскемен елден бұрын қаланың қақ ортасына жаңа жылдық шыршаны орнатып қойды. Шырша жасанды емес. Оны орманнан кесіп әкелген.

Өскемен қаласының басшылығы жаңа жылға дайындықты қараша айынан бастап кетті Бұл туралы  Астана арнасына сілтеме жасап bnews.kz хабарлайды.

Жаңа жыл символының биіктігі 24 метрден аспауы тиіс екен.Биік болса, оны безендіруде қиындықтар туындайтын көрінеді. Желтоқсанның біріне қарай шыршаны безендіру басталады.

"Шыршаны Аяз атаның өзінен алдық. Черемшанка және Зимовье ауылдарының маңындағы орманнан әкелдік. Оның биіктігіне, түзулігіне және инелерінің жиілігіне қарай ұзақ жүріп таңдап алдық. Ол табиғат берген теңдессіз сый", - дейді "Спецкоммунтранс" ЖШС директоры Николай Воробьев.

Жалпы жаңа жылдық шыршаны Тәуелсіздік мерекесінен бұрын орнату-орнатпау мәселесі – қоғам арасында өзекті тақырыптың бірі. Қараша басталмай тұрып, Қостанай өңірі де жаңа жылға дайындықты бастап кеткенболатын.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев болса,  16 желтоқсанға дейін әлем-жәлем шыршаларды орнатып, жаңа жылдық безендіруді бастамайтындарын айтты.

"Бірінші желтоқсан – Қазақстан Республикасы Президентінің күні, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік мерекесі, содан кейін әдемілеп безендіріп, жақсылап жаңа жылды қарсы аламыз. Қызылорданы да, жай ауылды да да безендіреміз", - деген болатын Қырымбек Көшербаев.

Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов 16 желтоқсанға дейін жаңа жылдық безендірулерге рұқсат берген жоқ.

Источник: NUR.KZ