Ержан Өтембаев бостандыққа шықты
2014 ж. 08 қараша
2400
1
Өтембаевтың өтініші қанағаттандырылды. Бүгін Астана соты Сенат аппаратының экс-жетекшісін абақтыдан мерзімінен бұрын босатты. Ержан Өтембаев 2006-шы жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған болатын.
Ал жыл басында киллер аяқасты айтқандарынан айнып, бұйрықты Рахат Әлиевтен алғанын мәлімдеген. Іле-шала түрмеде отырған Өтембаевтың ісі қайта қаралып, сот оның жазасын 7 жылға қысқартты.
Енді сол 13 жылдың жартысын өтеген Өтембаев бостандыққа шығып отыр.
Тек сот үкімімен Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары келіскен жоқ. Бүгін сот залына келген жоқ.
Өзін мерзімінен бұрын босату туралы жазған өтінішіне қатысты процессті абақтыда скайп желісі арқылы бақылап, судьяның сұрақтарына сол темір торда отырып жауап берді.
"Менің бұған дейінгі жазған өтінішіме қатысты алып қосарым жоқ. Заңға сәйкес, мені мерзімімнен бұрын шартты түрде босатуыңызды сұраймын", - деді Өтембаев.
Өтембаевтың бұл өтінішін адвокатынан бастап, абақтының басшысы да қолдап отыр.
8 жыл 8 ай темір торда отырғанда ол қоғамдық шараларға белсенді қатысып, түрменің тәртібін бұзбапты және қазір кітапханашы болып жұмыс істейді екен. Өтембаевты бүгін тіпті прокурор да жақтап шықты.
"Өтембаевтың өтінішін қарай отырып, оны қолдаған дұрыс деп есептейміз. Сотталушы жазасының басым бөлігін өтеді. Осы аралықта ешқандай тәртіп бұзған жоқ. Өзін еңбекқор ретінде көрсете білді", - дейді прокурор Талғат Бектұрсынов.
Ал, Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары болса, бұған мүлдем қарсы.
Олар Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың қылмысы дәлелденбегендіктен Өтембаев жазасын соңына дейін өтеу керек деп шағым жазған.
Бірақ талаптары орындалған жоқ. Тараптарды тыңдап шыққан судья бұл іске қатысты бүгін ақыры соңғы нүкте қойды.
"Өтембаев Ержан Әбілқайырұлы мерзімінен бұрын босатылсын. Қалған 4 жыл, 2 ай, 29 күні қысқартылсын", - деді судья Ербол Рақымбеков.
Мұны естіген Өтембаевтың қуанышында шек болмады. Түрменің басшысы мен адвокаты сол жерде қол алып, құттықтап жатыр.
Бірақ, бүгін Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісін қолдап жақындары келмеді. Келіншегі осы аралықта қайғыдан қайтыс болыпты. Ал, Сәрсенбаевтың туыстары болса, үкімге наразы.
"Біз әрине келісіспейміз, әділ шешім емес. Бұл бәрібір қылмысқа қатысы бар адам, қылмыс жасаған. Оны біреулер пайдаланды ма, әлде жоқ па ол басқа мәселе", - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.
Ержан Өтембаев 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтіруге тапсырыс берген деген айыппен 20 жылға сотталған еді.
Бірақ, биыл жыл басында киллер Рүстам Ибрагимов Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Рахат Әлиев пен бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әлнұр Мұсаев деген жаңа мәлімдеме жасады.
Содан кейін Өтембаевқа қатысты үкім дереу қайта қаларып, жаза мерзімін жеті жылға қысқартқан болатын.
Біз әрине келісіспейміз, әділ шешім емес. Бұл бәрібір қылмысқа қатысы бар адам, қылмыс жасаған.
Енді Ержан Өтембаев сол 13 жылдан қалған 4 жылдан астам жазасын бостандықта шартты түрде өтемек. Оның сыбайластары болса, жазасының соңына дейін түрмеде қалады.
Ал, жәбірленуші жақ, яғни Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары бір апта ішінде өзара кеңесіп, бүгінгі үкімге қатысты қайта шағымданбақшы.