Бүгінгі педагогика артта қалған ғылымға айналды

мекемтас               Ұлт болашағына алаңдаушылық танытып, қоғамдағы орын алып жатқан түрлі мәселелерге үнемі өзіндік көзқарасын білдіріп жүретін белгілі абайтанушы ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлының еліміздегі білім саласындағы кейбір мәселелерге қатысты пікірін білген едік. ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ Еуропалық ғалымдар дүниенің көрінген сырын танып-білу арқылы материалис­тік, атеистік танымды ұстануы себепті гуманитарлық ғы­лымдар саласы да затшылдық таным тұрғысынан зерттеліп қалыптасты. Қазір біздер оқып жүрген педагогика ғылымы да осы тұрғыдан дамып қа­лыптасты. Осы салада ойланарлық бір мәселе бар. Ол – педагогика ғылымының бүгінгі жағдайы – алдағы тағдыры жайлы мәселе. Себебі қазіргі педагогика ғылымы атеистік-материалистік танымды ұстанған дүниенің көрінбеген сырынан хабарсыз, бүгінгі мінез-құлық жағынан барынша азғындап бара жатқан елдің болмысынан туындаған ғылым. Осыдан болса керек жоғарғы оқу орындарында оқытылатын, отбасының оңалуына әсері жоқ «өлі ғылымға» айналып бара жатқандай. Бәрібір бұл салада ең көп ғылым доктарлары мен кандидаттары, магистрлер мен докторанттар саны қоғамдық ғылымдар саласынан мол болса да, соны бағыты, жаңалығы жоқ (наука образный) ғылымға айналып бара жатқаны саналы жанға байқалып-ақ тұр. Осы себепті бұл ғылымның жүрер жолы, яғни рельсі өзгеруі керек. Дүниенің көрінбеген сырынан қол үзген педагогика ғылымы бүгінгі таңдағы кванттық физиктер жариялаған жаңа танымнан артта қалғандықтан, ол жүріп келе жатқан затшылдық рельсін ұлттық-шығыстық рельске алмастыру керек. Өйткені бұл дүниенің көрінбеген сырын (руханият әлемін) танып-білуге ұмтылған ұлттық-шығыстық педагогика ғылымының оқулығын даярлау бүгінгі күн талабынан туындап, әрі бұл мәселе бүгінгі күн тәртібіне өткір түрде қойылып отыр. Осындай ой танымдағы өзгерістерге бүгінгі педагогика ғылымы үйлесім таба алмай дағдарысқа түскендіктен, мен педагогика ғылымы мен оқулығы өмірден артта қалып, ескірді деп есептеймін. Сондықтан, бұл салаға өзгеше көзқарас пен соны серпін қажет-ақ. БҮГІНГІ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ ЖАЙЫНДА Бүгінгі білім саласының сын көтермеуінде, меніңше, бірнеше себептері бар деп білемін. Соның бірі бірінен кейін тез ауысып жататын Білім және ғылым министрлерінің бәрі де батысқа көзсіз еліктеп, реформалар жасап жатыр. Бірақ сол реформалардың бірі де жүзеге аспай, желге ұшты. Сонау ауылда жатқан қарапайым шаруа өсімдіктің бір жаңа түрін жерлендіру үшін тәжірибе жасап, сынап көреді. Нәтижесі оң болса, еге бастайды. Нәтижесі болмаса, оған аяқ баспайды. Ал, біздің министрлер ендірген реформасына тәжірибе жасап әуре болып жатпайды. Реформасы нәтиже бермесе, оған жауап та бермей жүре береді. Екіншіден, үш тұғырлы тілді балабақша мен бірінші сыныптан бастап оқыту тарихта тәжірибеден өтпеген күмәнді әрекет. Өйткені бір елдің де тәжірибесінен өтпеген шалағай әрекет болып тұрғандықтан, сенімге ие болмай тұр. Ертең бұл әрекет нәтижесіз болып шықса миллиондаған жас ұрпақтың обалына қалмаймыз ба? Ертең бұған кім жауап бермек? Үшіншіден, ұлттық оқулықтар кемшіліктен арыла алмай-ақ қойды. Өйткені оқулық жазуда бәсекеге түсу деген атымен болмай тұр. Оның үстіне оқулық жазуда сыбайластық орын алғаны жасырын сыр емес. Мысалы, мектептердің 8-11 сыныптарына абайтануды оқытуға 34 сағат бөлгенін, Абайдың «толық адам» ілімін мектеп оқушыларының санасына сіңдіруді ойластырған теңдесі жоқ ұлы мақсат деп білемін. Абайтанудан оқулық жазу жағы профессор Ж.Дәдебаев пен маған тапсырылған еді. Жоғары оқу орындарына арналған «Абайтану» оқулығының авторы болғандықтан, осы тәжірибеге сүйене отырып, мектепке арналған оқулықтың жобасын жазып шықтым. Оқулық дайын болуға шақ қалғанда, біздің жұмысымызды тоқтатып тас-тады. Араға аз ғана уақыт салып, көлемі 400 беттік «Абайтану» оқулығы 8000 данамен шыға келді. Қуана қолға алсақ, не оқулық емес, не хрестоматия емес, бірақ маңдайына бадырайтып «оқулық» деп жазып қойған кітап дүниеге келді. Бұл оқулық емес, хрестоматия дейін десек, жүйеге түсірілмеген. Абай туралы жазған авторлардың мақаласынан құралған кәдімгі әдеби жинақ болып шығыпты. Осылайша оқулық мәселе­сіне салғырт қарау арқылы болашағымызға балта шабылып жатқаны бізді алаңдатады. БОЛОНДЫҚ ЖҮЙЕ ХАҚЫНДА Болондық жүйе нақтылық техникалық ғылымдар үшін жөн болса да, гуманитарлық ғылымдар үшін үйлесімсіз болып тұр. Өйткені, гуманитарлық ғылым саласынан PhD докторант атағын алу жолында жасанды кедергілерден өту қиын болып тұр. Әрі бұл атақ бұрынғы кандидаттық атақтан сапасы, деңгейі төмен түсіп жатқаны белгілі нәрсе. Бұдан құтылудың жолы ресейліктер сияқты ғылыми атақ беруде ескі жүйе мен жаңа жүйені қатар қолдану ұтымды болмақ. Сонда, гуманитарлық ғылым саласынан қорғауды бұрынғы жүйеге, техникалық ғылымдардан қорғауды Болон жүйесіне бағыттаса, ұлттық өнер, ана тілі мен әдебиетіне кедергісіз жол ашылар еді. АРАЛАС МЕКТЕПКЕ ҚАТЫСТЫ Арғы түбі отаршыл Ресей империясының орыстандыру саясатына негізделген аралас мектептің жыры баспасөзде айтылудай-ақ айтылды емес пе?! Бірақ, естір құлақ болмай тұр. Өзге тәуелсіз республикаларда аралас мектептер азайып бара жатса, Қазақстанда керісінше өрлеп, жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мұның себебін мен билікте шоғырланған ада қазақтар мен шала қазақтардың тікелей әсері деп ұғынам. Себебі бұл дүбараланған ада қазақтар мен шала қазақтардың өмірлік мүддесіне сәйкес келіп тұр. Аралас мектепті қазақтың сорына біткен нәрсенің бірі дер едім. Ресей миссионерлері, Ильминский, Алекторов, Остроумовтар қазақты орыстандырудың кілті – аралас мектепте деп қараған. Аралас мектепте сөйлеу тілі ретінде – орыс тілі үстем болатындығы белгілі. Міне, осы тәсілдің тезіне талай ұрпағымыз түсіп, орыстілді қазақтардың қатарын толықтыруда. Аралас мектеп мәселесі Қазақстанда орыстар айтатын­дай «Кащей бессмерт­ныйдың» өзі боп тұр. Өйткені ол тәуелсіздік заманда зиялылар тарапынан қаншалықты қарсылық болса, соншалықты өсіп, дендеп барады, таусылатын түрі жоқ. Көзіміз жете түсуі үшін нақтылы дереккөздеріне назар аударайық. Айбынымыз, мақтанышы­мыз Астана жыл өткен сайын халық саны молайып, миллионға тақалып барады. Бәрі де жөн. Бірақ мектеп пен балабақшасы жағынан Астана ең артта қалды демеске лажың жоқ. Астанадағы 61 мектептің 16-ы орыс мектебі, 19 қазақ мектебі, ал ең көбі –26-ы аралас мектеп. Аралас мектеп пен орыс мектебін орыстілді мектеп деп санай беріңіз. Өйткені ол мектептерде тілдік орта – орыс тілі, ол үстемдік етпей тұра алмайды. Алматы қаласының жағдайы да бұл мәселеде оза шабудың орнына Республикада шаң қауып, ең артта қалуда. Алматыда 243 мектеп болса, соның 44-і ғана қазақша мектеп, яғни 20% ғана. 80 % -ын орыс мектебі мен аралас мектеп құрайды екен. 66 ЖОО-да оқитын студенттердің 39 % -ы ғана қазақ бөлімінде оқиды. Ал, бала-бақша жағы да жетісіп тұрған жоқ. Қаладағы 154 бала-бақшаның 24-і ғана қазақша яғни бар болғаны 16 % ғана. Қазақтың ең зиялы тобы мол деген Алматымыздың жағдайы осындай. Аралас мектептен құтылу­дың жолы оңай, өйткені ол бұзылмайтын қытай қорғаны емес қой. Бұл Білім және ғылым министрінің еркіндегі нәрсе. Аралас мектепті жағ­дайға, орнына, уақытына қарай қазағын қазақ мек­тебіне, орыстілділерін орыс мектебіне таратып жіберсе мәселе бітіп жатыр. Ұлттық мектеп – кез келген халықтың ұлттық мәдениетінің қайнар көзі. Мәселен, тілдің, әдебиет пен баспасөздің, өнердің көптеген түрлерінің, тіпті, ақыр аяғында ұлттың ұлт болып сақталуының негізі. Сондықтан, мектептерді бір ізге түсіргеніміз абзал. ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ ЖӨНІНДЕ Бүгінгі таңдағы мектеп оқушылары мен студенттерге тәрбиенің дұрыс берілмеуінің салдарынан түрлі жайттардың орын алуы бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселеге айналды. «Отан – отбасынан басталады» дейтін болсақ, мұның барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты екені бесенеден белгілі. Отбасы тәрбиесі ғасырлар бойы өзінің қалыптасқан қалпымен қазақ тарихының өн бойында XIX ғасырға дейін Абай заманына қаймағы бұзылмай жетті. Қазақ болмысының, күнделікті тұрмысының өзегі ауыл – бір шалдың кіндігінен таралған балалардан тұратын. Бір ауылда үш-төрт баладан, оннан астам баладан аспайтын шағын ауыл өзінің атажұрты қыстауында, жазда жайлауында мал жайлататын. Отбасы тәрбиесі атасы мен әжесінің қолында, бүкіл қазақ атаулы салт-сана, әдет-ғұрып, ата дәстүрі қатаң түрде атадан балаға, әкеден немереге бұлжымай барлық ұлттық дәстүр сақталатын. Ауыл адамдары бір атаның баласы болуы себепті, бүкіл мал-дәулеті ортақ болғандықтан, бір-біріне малды бағып көбейту әрқайсысының азаматтық міндетіне жататын. Мұндай ауылда туыстық сезім, рулық намыс өте күшті болатындықтан, жетім-жесір шетке шашылмайтын. Б.з.б. заманнан XIX ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ отбасы үй тәрбиесі бір қалыпта өзгермей сақталып келді. Бұл бүкіл қазақ атаулының ұлттық салт-санасы, әдет-ғұрпы, діні, ділі, тілі, дүниетанымы жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тұрмысқа бейімделген аса берік құбылыс болып қалыптасты. Осы ерекшелікпен бетпе-бет келген Қытай барлаушылары қазақты күштеп бағындыруға болады, бірақ, оның ұстаған дәстүрлі қазақы әдет-ғұрпын, салт-санасын бұзып өзгерту мүмкін емес деп қараған. Бірақ қазіргі таңда батыстан келіп жатқан рухани мінез-құлықтары азғындаған жат ағымдардың әсері жастардың ғана емес, тұтас қоғамның санасын улап жатыр. Өйткені, мектептерден бастап, өнерпаздар мен жас ұрпақтың батысқа жалаң еліктеу әрекеті күшейіп тұрған жоқ па? Ислам дінін жамылған жат ағымдардың да жаңа буын жас толқындарға келеңсіз әрекеті жоқ деп айта алмаймын. Сондықтан да бұл мәселеге келгенде біз жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруді қолға алуымыз керек. Қазіргі қалыптасып жатқан жаңа дүниетанымды дұрыс бағытта қалыптастыруға ықпал етуіміз қажет. Батыстықтар ХVI ғасыр­дан бастап материалдық игіліктерді көтеруді қолға алғандықтан, олардың мінез-құлқы «шірік» нәрсеге айналып бітті. Біз енді жас ұрпақты содан аман сақтауға күш салуымыз керек. Сондай-ақ, жас буынның мезгілсіз өмірден қол үзуіне тұрмыстағы теңсіздіктің де елеулі әсері бар. Өскелең ұрпақ мұның бәрін қалыпты жағдай ретінде қабылдауы үшін, яғни барға қанағат етуге үйретуіміз керек. «Жастар – біздің болашағы­мыз» болғандықтан, олар­дың өміріне біз бей-жай қарамауымыз керек. Сондықтан да, олардың сана-сезімінің дұрыс қалыптасуы, тәрбиесінің дұрыс болуы үшін ата-аналары, мектеп мұғалімдері жұмыла атсалысуы керек. Жазып алған: Гүлмира САДЫҚ