Прокуратура мен салық басқармасында қарға қаптап кетті

Петропавлда қарғалар қаптап кетті. Құстар қаладағы халық жиі баратын жерлерді басып алған. Салдарынан шаһардың орталығында аяқ алып жүру мүмкін емес.

Прокуратура мен салық басқармасында қарға қаптап кетті Бір қызығы құзғындар облыстық прокуратура мен салық басқармасы отырған ғимарат маңында үймелеп жүр. Қазір бұл екі мекеменің айналасындағы иіс тура тауық қорадағыдай қолқаны қабады дейді тұрғындар.

Қарғалардың көбеюі, әсіресе, орнитолог мамандарды алаңдатып отыр. Қарғалар  өсіп тұрған ескі ағаштарда қонақтап отыр. Енді тұрғындар мұнда серуендеуді былай қойып, жүгіріп өтуге тырысады. Өйткені үстіне құс сарып кетуі мүмкін.

"Шудан ештеңе естіртпейді, жаман. Бүкіл киімдерді бүлдіреді. Баяғыда бұлай болмайтын", - дейді студент Динара Өмірзақова.

Петропавл қаласының тұрғыны Айман Әлкенованың айтуынша, қарғалар шуылдап балаларды ұйықтатпайды екен.

Құзғындар әсіресе облыстық прокуратура мен салық басқармасының маңайына топтасуға құмар. Майлы жерді бұл құстар да білсе керек.

Ал қарғаның қарқылынан шаршаған прокурорлар мен салықшылар бірнеше рет қалалық әкімдікке хабарласқан екен. Ондағылар "құстарға қылар амалымыз жоқ" дегеннен әрі аспапты.

Құстар мұнда күндіз болмайды. Олар қала аралап азық іздеп кетеді екен. Бұл жерге олар күн батқанда тек қонуға ғана келеді. Орнитологтар қарғаларды адамдардың өздері тамақтандырып, жаман үйреткен дейді.

"Құстар ет комбинаты маңындағы қоқыстан және тұрмыстық қалдықтар полигонынан азық тауып жейді. Ал түнде қала орталығындағы қызылды-жасылды шамдары жарқыраған жерлерге шоғырланады", - дейді  биолог Равиль Рязапов.

Мамандар бір ғана аудан көлеміне тексеру жасап, онда 26 мың қанаттының бар екендігін анықтаған. Бұл тым көп. Өйткені, басқасы былай тұрсын, көктемде қарғалар өзге құстардың жұмыртқасын жеп, олардың көбеюіне залалын тигізеді екен.

Источник: КТК арнасы