Атышулы "Е-learning" бағдарламасын депутаттар тағы да сынға алды

Білім министрлігі қарызын қайтармаған! "Е-learning" жобасын жартылай жүзеге асырған ведомства "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясына 9 жарым миллиард теңге берешегін әлі бермей жүр. Енді мемлекеттік мекеме, министрлікте кеткен ақысын сот арқылы қайтарып алмақшы.

Атышулы Тараптар қаржыға таласып, тартысып жатса да электронды бағдарлама тоқтаған жоқ. Мердігер компанияның басшылары депутаттарға жаңа электронды кітаптарды таныстырған. Бірақ, авторлар береке таппады."Е-learning"-тің бұл жолғы оқулықтары да қатеден тұнып тұр.

"Е-learning" десе, қазір депутаттардың төбе шашы тік тұратын болған. Себебі Білім министрлігі бастаған бұл бағдарламаны аяусыз сынап, тоқпақтап келе жатқанына үш жылға жуықтады. Бірақ, жобаны жүзеге асырушы мердігер компанияның бұдан беті қайтқан емес.

Тапсырысты орындаушылар бүгін "Қазақ әдебиеті" пәнінің электронды нұсқасын жасап келген. Алайда, "Қазақ әдебиеті" деген атаудың өзін қате жазыпты. Ал, оқулықтың техникалық сапасын көргенде депутаттар мүлдем шошынды.

Даусы шықпайтын электронды кітап депутаттардың ашуын келтірді.

"Біз Астанада, орталықта, Мәжілісте отырып ести алмай отырмыз. Ауылдағы техниканы айтпай-ақ ,қоялық па онда", - дейді депутаттар.

Ашуға мінген депутаттар Абайдың әкесінің көзіне де шүйлікті. Жан-жақты жұлмалаудан әбден абдырап қалған электронды кітаптың авторлары Құнанбайдың көзі соқыр болғанын әрең дәлелдеп шықты.

-Бір көзімен жыпылықтатып тұрғаны несі? -Бұл Құнанбайдың бір көзінің кем болғанының көрінісі. Оның суретін қойған кезде, оның анимация екенін көрсету үшін анда-санда көзі ашылып-жұмылып тұрады.

Электронды оқулықты құрастырғандар халық қалаулылары кітаптың бүге-шігесіне дейін шұқшияды деп мүлдем ойламапты. Әйтпесе, мұндай қателердің көзін құртып келер едік дейді.

"Ол ресурстарды Мәжілісте ашып қарайтынын мен білген жоқпын. Мені қатысушы ретінде шақырды, сұрақтарға жауап бердім", - дейді  "Білім медиа" компаниясының жетекшісі Рауан Кенжахан.

Атышулы"Е-learning" төңірегіндегі дау мұнымен шектелмеді. Бағдарламаға жауапты Білім министрлігі бір жылдан бері тапсырысты орындаған, яғни мектептерді компьютерлер мен электронды оқулықтармен қамтамасыз еткен компанияларға қыруар қарызын қайтармай жүр екен. Бүгін мердігер мекемелер сол еңбекақысын да бұлдады.

Ал, министрліктегілер қарызды жүйе толық жүзеге асқанда ғана өтейтіндерін айтады.

"Бұл бағдарламаға 2013 жылы 14 млрд астам теңгеге бөлінген еді. Оның 4 жарым миллиарды тапсырысты орындаған мекемелерге бірден төленді. Қазір 9 жарым млрд қарызымыз қалды", - дейді  Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова.

Бағдарлама жүрдім-бардым жасалған. Мұғалімдер бұл бағдарламаны білмейді. Методикасы жоқ.

Депутаттардың айтуынша, бюджеттің бұл қаржысы желге ұшқанмен тең. Өйткені, біздің білім жүйесі "Е-learning" енгізуге мүлдем дайын емес көрінеді. Тіпті бұл бағдарлама жұртты әбден шатастырып бітті дейді.

"Бағдарлама жүрдім-бардым жасалған. Мұғалімдер бұл бағдарламаны білмейді. Методикасы жоқ. Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл іске 3 жылда 43 миллиард жұмсалған", - дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева.

Білім министрлігі "Е-learning" жобасын жүзеге асырсақ, ұстаздар қағазбастылықтан құтылады, ал оқушылар мектепке ауыр кітап арқаламай, электронды пәндермен заманауи білім алады деп сендірген болатын.

Тек, электронды оқулықтарды балалар түгілі оқытушылардың өздері игере алмай дал болуда. Бірақ Білім министрлігі бағдарламаны әрі қарай жалғастыра бермек.

Депутаттар "нәтиже жоқ" деп жүз жерден шырылдаса да алған бетімізден қайтпаймыз деп отыр. Жүйені келер жылы жүзеге асыру үшін бюджеттен тағы 4 млрд теңге сұрамақшы.

Сөйтіп, аймақтардағы қалған оқу орындарын электронды оқулықпен қамтымақ. Ал, қазір бұл бағдарлама еліміздегі 1159 мектепке енгізіліп қойған.

Источник: КТК арнасы