Елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сериал түсіріледі

Елімізде қазақ хандығына арналған сериал түсіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

Елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сериал түсіріледі Министр 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтетініне тоқталды. Осыған орай Елбасы тапсырмасымен министрлік үлкен тұжырымдама әзірлеген.

"Тұжырымдама бойынша 2015 жылы ғылыми-көпшілік, деректі, көркем фильмдер шығады. Оның ішінде  Елбасы тапсырмасымен қазақ хандығына арналған 20 сериялы үлкен фильм түсірілетінін ерекше атап өткім келіп тұр. Бұл не үшін керек деген сұрақтар бар. Қазіргі кезде қазақ хандығына қатысты ғалымдардың тұжырымы бір жолға түскен кезде көркемдік жанрға шығаруымыз керек", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр атап өткендей, 2015 жылдың қаңтарынан бастап сериалды түсіру жұмыстары басталады.

Еске сала кетейік, президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын айтқан болатын.