"Meduza" сайтын ұлтараздықты қоздырды деп айыптады

Ресейлік Meduza сайты Қазақстанда "ұлтаралық араздық қоздырғаны үшін" айыпталып уақытша жабылған. Бұл туралы 30 қазан күні инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті хабарлады деп жазады Азаттық.

"Meduza сайты ұлтараздықты қоздыратын және насихаттайтын және елдің территориялық тұтастығына қайшы мақала жариялаған. Инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің шағымына байланысты сайт уақытша жабылды" делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Астананың Есіл аудандық сотына шағым түсірген комитет соттан сайтты заңсыз деп танып, Қазақстан аумағында жұмысын тоқтату туралы өтініш берген.

Сонымен бірге жақында қоғамда қызу пікірталас тудырған мақалаға психологиялық, филологиялық-лингвистикалық сараптама жүргізу туралы өтініш берген.

Жақында ресейлік Лента.ру жобасы саналатын Meduza сайтында "Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар "сыпайы адамдарды" күте ме?" деген мақала жарияланып, ол қоғам арасында теріс реакция туғызған еді.

Оны әлеуметтік желіде "ұлтараздық жанжал қоздыру үшін жазылған арандату бағытындағы материал" деп атаған.

Сәл кейінірек мақалада көрсетілген славян ұйымдары мақала авторының "сөздерін бұрмалағанын" айтып ашық хат жариялады. Мақала шыққан соң аталған сайт Қазақстанда ашылмай қалған болатын.

Источник: NUR.KZ